Әйелді кемсітпе, төркінін тілдеме

Oinet.kz 16-04-2022 3719

Көргені мен көңілге түйгені көп алдыңғы толқын ағалардың ғибратты әңгімелерінен, өз басым, ерекше әсер аламын. Сондай ой саларлық әңгіменің бірін өткенде алматылық ағайындармен көрісуге бара жатқанда Мұрат аға Бабаев айтып берген еді.

Screenshot_11.jpg

«Қазақ қызы өте намысшыл ғой, – деп бастады әңгімесін Мұрат аға. – Ертеде бір палуан жолаушылап келе жатып жолжөнекей бір үйге құдайы қонақ болады. Бір атақты палуанмен күресіп, соны жеңіп келе жатқан беті екен. Дастархан басында әлгі палуанды қалай жеңгенін қайта-қайта айтып, мақтана берген көрінеді. Ал оның айтып отырған атақты палуаны босағада шай құйып отырған келіннің ағасы екен. Бауырын жығып, онысын бөсіп айтып отырған құдайы қонақтың бөстекі әңгімесі келіннің намысына тисе   керек, шыдамы әбден сарқылып, әлгі қонаққа қарап:

– Сіздің айтып отырғаныңыз менің туған ағам болады. Жеңгенің рас болса, менімен күресіп көр, күшіңді сынап көрейік, – депті келін.

Нәзікжанды әйел адамның бұл әңгімесі палуанның қытығына тиіп кетсе керек, шамданып қалған ол:

– Мына қатын не деп оттап отыр, боз кілемде астыма салып бір илейтін екен өзін, – деп мазақ етеді.

Одан сайын ашуы келген келін, қанша дегенмен осал жердің қызы емес қой, мақтаншақ палуанға қарап:

– Көрерміз, кімді кім жеңетінін. Мықты болсаң көп сөзді қойып, шық кілемге, – дейді.

Екеуі боз кілем үстінде күресіп кеп береді. Алғашқыда өзіне толық сенімді болған жігіт келіншектің күресіне немкеттілеу қарайды. Бірақ, болдыратын емес. Әбден ашуға бұлыққан әйел палуанды атып ұрып, астына басып, біраз отырады. Еркек басымен әйелден жеңілген палуан кірерге тесік таппай, әбден қорланады. Елге қарайтын бет жоқ, содан беті ауған жаққа қарай ауып кеткен екен.

Әйткенмен жігіттің наласы бар ғой, палуанды жеңген әлгі келіншек көп өтпей қатты ауырады. Ол уақытта қазіргідей доғдыр қайда, ел аузында жүрген бір емшінің дерегін алып, іздеп барып, жағдайын айтады. Сонда әлгі емші мұны ары-бері қарап:

– Сенің кеселің өте ауыр екен. Ер адамның үстінен аттап кеткен жерің бар ма еді? Егер бар болса сол еркекті тауып, кешірімін алуың керек. Сонда ғана саған ем қонады, – дейді.

Сырқаты жанына батқан келіншек қасына күйеуін ертіп, баяғы өзі жеңген палуанды іздеп жолға шығады. Ай жүріп, апта жүріп, әлгі палуанның еліне барса, ол әлдеқашан ішқұса болып өліп кеткен екен. Енді қайтеді?

Міне, осы жерде әйел адамның ақылды болатыны тағы бір дәлелденеді. Ол: «Ең болмағанда палуанның киімі бар шығар, соны беріңдер», – деп палуанның өзімен күрескен кездегі киген шекпенін сұратып алады. Оны өз күйеуіне кигізіп, үш рет басын иіп кешірім сұраған екен. Содан көп ұзамай түс көріп, түсінде палуан кешірім бергенін аян арқылы білдіреді. Осылайша ол ауруынан құлан-таза айыққан екен.

Бұдан шығатын түйін: ешқашан әйелді кемсітіп, төркінін тілдеп, намысына тимеу керек. Екіншіден, мейлі ол бала болса да, әйел адам еркектің үстінен аттауға болмайды. Үшіншіден, киімде де кие болады, сол үшін киімді ешқашан аяқасты етпеңдер», – деп Мұрат аға әңгімесін аяқтады.

Жазып алған – Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

«Нанды енемнен тығылып жеймін»: Енем басыма бәле болды
«Келінім оразамын деп күні бойы ұйықтайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу