Ірі кәсіпорындар мегаполис тұрғындарын азық-түлікпен қамтып келеді

Oinet.kz 19-11-2022 189

image.png

Шымкент қаласының халқы бір жылда жалпы көлемі 500 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұтынады екен. Шаһарды азық-түлік тауарларымен қамту үлесі тиісті деңгейде. Тұрақтандыру қорынан өзге қала аумағындағы тамақ өнеркәсібі саласындағы «Шымкент май» АҚ, «Алтын Дән» ЖШС, «Барыс-2007» ЖШС, «Шымкент құс» ЖШС, «Шымкент сүт» ЖШС және тағы басқа осы секілді ірі кәсіпорындар да мегаполис тұрғындарын азық-түлікпен қамтып келеді.

Атап айтқанда, бұл өндіріс орындары қаланы ұн, макарон және күнбағыс майы, тауық жұмыртқасымен жүз пайызға қамтамасыз етеді. Ұн, макарон өнімдерінің қамту үлесі жоғары болғанымен, бидай шикізаты еліміздің солтүстік өңірлерінен тасымалданады. Сондықтан тамақ өнеркәсібінде шикізатқа деген үлкен тәуелділік бар.

Бұдан бөлек, қала аумағына өзге өңірлерден немесе алыс-жақын шет мемлекеттерден тасымалданатын азық-түлік қорларын «Meir-Trade Dirstibution Company» ЖШС, «Прима Дистрибьюшн» ЖШС, «Асан» ЖШС тағы сол секілді ірі дистрибьютерлік желілер қамтамасыз етіп отыр.

Күріш, құмшекер, қарақұмық жармасы, ас тұзы тауарлары Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарының өндірушілері арқылы жеткізіледі.

Тауық еті бойынша қаланың қамту үлесі 40 пайызды құрап, қосымша қажеттілік АҚШ, Белоруссия мемлекеттерінен және Алматы қаласы мен Түркістан облысынан әкелінеді. Ал, сиыр еті бойынша қала өзін 65 пайызға қамтамасыз етіп, қалғаны Түркістан облысынан тасымалданады.

Сүт, сүзбе өнімдерінің қамту үлесі орта есеппен – 40 пайыз. Жетпегені солтүстік өңірлерден және Түркістан облысынан жеткізіледі.

Сондай-ақ, көкөніс өнімдері Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Жамбыл, Түркістан өңірлерінен және Павлодар қаласынан жеткізіледі. Бұл өнімдердің жергілікті қамту үлесі 10-15 пайыз шамасын құрайды. Жалпы қала бойынша азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ, қор жеткілікті дейді мамандар.


Шымкент орнықты экономикалық дамуға бет алған қала
Шымқалада агроиндустрия саласына көрсетілетін қолдау көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу