Ауылдықтарға қанат бітірген «Ауыл аманаты»

Oinet.kz 03-11-2023 184

image.png

Созақ ауданында Республика бойынша іске асырылып жатқан, Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қолға алынған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясындағы жұмыстар қарқынды іске асуда.  

Осы ретте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аталған жоба аясында Құмкент ауылдық округі тұрғындарының қатысуымен жиын өткізді. Онда ауыл азаматтарының тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиенің өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ жеңілдетілген несиелер бойынша қажетті ақпараттармен бөлісіп, алу жолдарын жан-жақты түсіндіріп өтті. 

Шаруалар мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындар көкейдегі сауылдарын жолдап, сала мамандары тарапынан толықтай жауап берілді. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда аталған бағдарлама бойынша Созақ және Құмкент ауылдық округтерінен 70 азамат құжат тапсырып үлгерді. Оның ішінде Құмкен ауылдық округінен 9 азамат 35 миллион  теңге жеңілдетілген несие алып, 17 азаматтың құжаттары 69 миллион теңгеге мақұлданды. Дәл осылай Созақ ауылдық округінде 12 азамат 55,500 миллион  теңге несие алып, 36 азаматтың құжаты 158, 250 миллион  теңгеге мақұлданып отыр. 

Сонымен қатар, «Ауыл Аманаты» бағдарламасының екінші кезеңінде Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Бүгінде Жартытөбе ауылдық округінен «Сенбек-Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, құрамына 64 азамат тіркелген. Шолаққорған ауылдық округі бойынша «Созақ Агро өнімдері» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оған 70 адам тіркелді. Кооператив мүшелерін тіркеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Тіркелген азаматтардың бірқатары құжаттарын тапсырыпта үлгерген.

Расында да, «Ауыл аманаты» — ауылдарды сақтап қалуға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. «Ауыл аманатының» аясында қолға алынып отырған іргелі жобалардың бірі – «Тауарлы несие» бағдарламасына ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары. Бұрын-соңды болмаған тауарлық несиенің мақсаты – мал басын өсіру және ұлғайту. Осы арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік ынта-жігерін, табыс табуға деген қызығушылығын арттыру.

Ауыл азаматтары үшін жобаның шартына қысқаша тоқталсақ:

— ірі қара малдың аналығы бес бастан;

— қой аналығы он бастан;

— биелер бес бастан бастап беріледі.

Осы несие түріне қол жеткізу үшін не істеу керек?

Біріншіден, тауарлы несие алғысы келген азамат жергілікті атқарушы органға қандай малдың түрі, қанша бас керектігін айтып, өтінім береді.

Екінші қадам, жергілікті атқарушы орган қарыз алушыдан тиісті құжаттарды алғаннан кейін тауарлық несие беруші операторды анықтайды.

Үшіншіден, тауарлы несиені мақұлданғаннан кейін қарыз алушы мен қарыз беруші арасында тауарлық несие беру туралы екіжақты шарт жасалады.

Тауарлы несиемен берілген малды мақсатты пайдалану

Алынған мал 7 жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Төлдердің белгілі бір мөлшері қарыз берушіге қайтарылады. Берілетін төл 50% аспайтындай болуы шарт. Тағы бір тиімділігі, несие берілген соң 1 жылға дейін каникул алуға болады. Бұл — бизнесті дамытып алуға жақсы мүмкіндік.

Барлық процесс мемлекеттік жауапты мекемелердің қатысуымен жүргізіледі. Мысалы, аудандардың, ауылдық округтердің әкімдері, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган және қарыз беруші тауарлық несиенің нысаналы пайдаланылуын бақылау және оны қайтаруға кепілдік беру үшін жыл сайын комиссия құрамымен жылына кемінде 2 рет қарыз алушыға барады. Тауарлы несиенің нысаналы (нысаналы емес) пайдаланылуын растайды. Егер тауарлық несие мақсатсыз пайдаланылса, қарыз алушы алған малын қарыз берушіге толық қайтаруы тиіс. Тауарлы несиені қайтаруды бақылау міндеті аудандардың, ауылдық округтердің әкімдеріне, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органдарына жүктеледі.

Сала мамандарының сөзіне сенсек, «Ауыл аманатын» іске асыру ауылдарды сақтап қалуға және халықтың қалаға көші-қонын азайтуға, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға, жұмыссыздықты азайтуға, халықты сапалы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба екені сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бүгінде Түркістан облысында аталған жоба бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие берілуде.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға Түркістан облысы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қазірде «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 10,3 млрд. теңге құрайтын 1 679 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 1 544 жоба қаралып, жалпы сомасы 6,8 млрд. теңгені құрайтын 1 272 жоба мақұлданды. 2 млрд теңге құрайтын 389 жоба қаржыландырылып, 272 жоба бағдарламада бектілген ережеге сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды.

Жобаны іске асыру нәтижесінде, 3 200 жоба қаржыландырылып, 3 400-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде және тұрғындардың күн көріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған. Аталған жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар.

Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.

Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.

«Ауыл аманаты» жобасы түсіндірілді
Қолдау Үкіметтен, әрекет сізден!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу