Елге үлгі болған отбасы

Oinet.kz 13-11-2023 583

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауларының бірінде «Еңбек адамы қадірленсін» дегенді айтты. Президенттің сөзін нақтылай түссек, ол былай деген болатын: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек».

Иә, еңбек – қашан да қадірлі. «Адамды адам еткен – еңбек» деген қағиданы былай қойғанда, еңбексіз нәпақа, күнкөріс жоқ. Кеңестік қоғамда «Коммунизм құрылысшысының моральдік кодексі» деген болды. Онда алдымен еңбек бірінші орынға қойылып, еңбек адамының құқығы басты назарға алынды.

Еңбек пен еңбек адамы қазір де билік назарында. 

Кәсібін сүйіп, ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең бірінші асыл қасиеті. Иә, еселі еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленіп жүргендер жоқ емес. Жастайынана еңбекке ерте араласып, бүгінде бейнетінің зейнетіп көріп отырған ардақты адамдардың бірі - Түркістан облысындағы Созақ ауданында тұратын Тұрсын ағамыз бен зайыбы Күлзада анамыз. Екеуі де еңбек адамы. Көп жылдар бойы шаруашылықта жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан. Кезіндегі еңбек майталмандары, сол уақытта Калинин атындағы совхозда малшы болып жұмыс істеген. Тұрсын Әлтаев жастайынан шаруашылықта түйеші, жылқышы, шопан болған. Жұбайы Күлзадамен бірге алпыс бес жылдан астам уақыттан бері тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Осынау мерзімде екеуі өмірдің ащысы мен тұщысын бірге кешіп, перзенттерін дүниеге алып келіп, қазіргі таңда олардың қызығын көріп отырғанбақытты жандар. Күлзада Әлтаева Тұрсын көкемізбен бірге қарапайым еңбектің тәтті дәмін татып, жұбайлық ғұмыр кешіп келеді.

Қыстың қытымыр аязында, жаздың аптапты ыстығында далада суыққа тоңып, күнге күйіп еңбек ету - оңай шаруа емес. Ол уақытта малшылар жаз айында Бетбақты жайлайтын. Алғашқы кезде Тұрсын көкеміз жылқы баққан. Сол кездерді еске алған Күлзада апа: «Жаз жайлауымыз Бетбақтың даласында өтетін. Бағымымызда үйір-үйір жылқы болатын. Күніне 40-50 бие сауып, оны шаруашылыққа өткізетінбіз. Әрине осыншама биені сауып, оның үдесінен шығу-оңай емес. Таң енді қылаң беріп келе жатқан уақытта ұйқыдан тұрып, бие сауымына кірісіп кететінбіз. Таңғы ауа салқын болады да, түске қарай үп еткен жел болмайды. Ал, түні салқын болып келетін. «Қымызды кім ішпейді» дегендей бие сауғаннан кейін оған келіп дәм тататындар көп болады ғой. Үйіміз қонақтардан босамайтын. Бәрінің көңілін тауып, қымызымыздан дәм татырып, шығарып салатынбыз. Ренжіп, қабақ шыту деген бізде болмайтын. Отағасы да қонақ келсе қуанып, олармен әңгімелесіп, жаны жадырап қуанып қалатын. Шіркін, даланың жусанына жайылған биенің сүті бал татитын. Қымызды нәшініне келтіріп, әдемі баптайтынбыз. Бетбаққа көшкен кезде әуелі киіз үйімізді шаруашылықтың көлігіне артып, біраз күн бұрын барып, үй тігетінбіз. Сол кездегі адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі керемет еді. Барып үй тігер кезде қатар қонған малшылар бірінің үйін бірі тігісіп көмек қолын созатын. Содан қазанға етті асып, көршілермен әңгіме-дүкен құрысып, бір дастарханнан дәм тататынбыз. Он-он бес күн жылқыларын жәймен айдап, отағалары да жететін. Содан кейін бір-бірімізді қонаққа шақырысып, ерулік беру басталатын. Малшы ауылдағы сол бір уақыттағы кездерді жас келген сайын сағынады екенсің. Сол кезеңдерде ауа райы қандай таза болса, адамдардың көңілі де кіршіксіз мөлдір болатын. Адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, мейірімділігі, инабаттылығы, адалдығы ерекше еді. Сол Бетбақтың даласында, Үшкөкшенің құмында еңбек ете жүріп, Алланың берген перзенттерін дүниеге алып келдім. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп, бейнет еткенге қиналмайтынбыз. Қайта бізді романтикалық сезім алға қарай жетелейтін. Балаларымыздың былдырлай тілі шыға бастағаннан шаңырағымыз шаттыққа бөленетін. Кейін отағасы түйе шаруашылығына ауысты. Қыстың күндері құмның жиегінде отыратынбыз. Жалпы, түйе туғаннан кейін екі жыл сауылады. Оның шұбаты мен қымыранын ішкенде тіл үйіреді. Жанға дәру сусынды дайындағанда баптай да білу керек. Анамнан дарыған еңбекқорлық қасиет бойыма күш-қуат берді. Соның арқасында мұндай шаруалармен айналысу маған қиындық тудырған жоқ. Нәтижесінде өзім білетін істердің барлығын келіндеріме үйретуден жалыққан емеспін. Сиыр сүтінен, бие сүтінен, түйе сүтінен дайындалатын жеңсік астарды дайындауды келіндеріме үйретуден жалыққан емеспін. Уақыт өте келе олар осы тірліктерді менің қолымнен алып өздері де керемет дайындаудың шебері атанды. «Өнерді үйрен де жирен» дегендей қазір келіндерім барлық шаруаны өздері дөңгелетіп отырған жайы бар. Біртін келе Тұрсын көкелерің қой шаруашылығына ауысып, шопандық кәсіппен айналысты. Бұл салада да ол өзінің адал еңбегімен таныла білді. Отардағы қойлардың өз төлі есебінен көбеюіне мүмкіндігінше үлес қосты. Жасаған жұмыстары нәтижелі болып, озат шопандардың қатарынан орын алды. Қыс қыстауымыз Үшкөкшенің құмы болса, жазғы жайлауда Бетбаққа шығып кететінбіз. Зейнеткерлікке шыққанға дейін шопандық кәсіпті серік еттік. Әрине шаруашылық жұмыстарымен айналысу оңай болған жоқ. Жыл мезгілінің барлық кезеңінде далада тіршілік жасау керек болды. Қар мен жаңбырға, күннің суығы мен ыстығына қарамай жұмыс жасауға тура келді. Отағасының бейнетқорлығының арқасында талай қиындықтарды жеңе білдік. Еңбек ете жүріп отбасымызда көп баланы дүниеге алып келдік. Батыр Ана атандым. «Бір қозы дүниеге келсе, бір топ жусан артық шығады» демекші әрбір перзентімнің өз несібесі болды. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытырмай өсірдік. Әр қайсысына шамамыз келгенше тәрбиемізді бердік. Қазір барлығы өз алдына шаңырақ көтеріп, үйлі-баранды болды. Бастысы олардың бойына адалдықты, еңбекқорлық қасиеттерді еге білдік. Ұл-қыздарым ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Өздері де ата мен ене атанып перзенттерінің қызығын көріп келеді. Немерелеріміз ата-әжелеп келіп тұрады. Олар келген сайын үйімізде үлкен мереке. Адам қартайған кезде бала сияқты болып қалады екен. Жылы сөздерін естісек қуанып қаламыз. Жүрегімізді үзіп беруге дайын тұрамыз. Алладан күндіз-түні тілейтініміз солардың амандығы. Келіндеріме барынша ізгілікті істерді үйретумен келемін. Күнделікті бір-бірлеріңмен тату болыңдар, абысын тату болса ас көп дегенді құлақтарына құйып жүремін. Қара шаңырақта Жеңіс балам мен Ұлбала келінімді ұстап отырмын. Келінім ас-суымызды уақытылы беріп, жағдайымызды жасайды. Ұлым болса жылы сөздерін айтып, алақанына салып аялап отыр. Немерелеріміз ата-әжелеп жаны қалмай, біздің көңіл-күйімізді көтеріп қояды. Міне осылардың қызығына бөленіп отырған жайымыз бар. «Жасыңда бейнет бер, қартайғанда, зейнет бер» деген сөз дұрыс айтылған ғой. Жасымызда ерінбей еңбек еттік, құрметке бөлендік. Асымызды беріп жүріп ел таныдық. Ендігі мақсат үрім-бұтағымыздың ортасында Алланың берген жасын жасап, шын өмірге абыроймен аттану. Аналық жүрегіммен еліме тыныштық тілеймін. Бейбіт өмір жерімізде салтанат құра берсін», - деп ақ батасын берді. 

Сексен төрт жасты еңсеріп, бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырған бақытын еңбектен тапқан Күлзада анамыз өзінің ғибратты өмірі жайлы осылайша сыр шерткен еді. Еңбекке ерте араласқан абзал адамдардың өнегелі өмірі барша созақтық жастарға үлгі болары ақиқат. 

Айта кетсек бүгінгі таңда елімізде 9 миллионнан астам еңбек адамы бар. Олардың қай-қайсысы болмасын құрметке лайықты деп есептейміз.

Тұрмысын түзеген Жәмилә
Жұмыспен қамтылған жан көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу