Грантқа ие болған қайсар жан

Oinet.kz 10-11-2023 131

image.png

Кәсіби оңалту мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаудың негізгі бағыттарының бірі, сонымен қатар, әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Мүгедектігі бар жандарға лайықты жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілуі тиіс. Бұл олардың әлеуметтік интеграциясына, материалдық тәуелсіздікке қол жеткізуіне және өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізеді. Кез келген мүгедектігі бар тұлға жұмыс істеуге құқылы. Ал мемлекеттің міндеті – осы тұрғыда оларға көмек беру. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, қазіргі жағдайда халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын сақтау абсолютті басымдық болуға тиіс. Ал халықты жұмыспен қамту – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты мен міндеті.

Созақ ауданы Шолаққорған ауылының 1 топтағы ерекше азамат, Ізбасар Баймағанбетов өз бизнес жобасын ұсынып мемлекеттің қайтарымсыз грантына ие болған.  Ізбасар өзіне керекті жабдықтарды алып, компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашты. Өз бизнесін дөңгелетіп, алдағы уақытта бұл бизнесті алға қарай дамытамын деген жоспарында жасырмады.

 Ізбасар күнделікті жұмысқа қоларбамен барып келеді. 30 жастағы жігіт биыл өзінің бизнес жобасын ұсынып 1 миллион 380 мың теңгенің грантына ие болды. Оған компьютер, түрлі-түсті принтер, фотоаппарат және өзге де өзіне қажетті құрал-жабдықтарды алған. Жергілікті билік оған аудандық жастар орталығынан орын берген. Қиындықтан қорықпайтын қайсар жігіттің алға қойған жоспары көп. 

«Тойға шақырту қағаздарын жасаймын. Қағаз түрінде де, онлайн түрінде де. Компьютер  түрлерін жөндеп беремін. Алға қойған көп жоспарларым бар. Біріншіден осы кәсібімді кеңейтсем деймін. Үлкен афиша, баннерлерді шығаруды ойлап жүрмін. Қазір осыған әрекеттеніп жатырмын»,- дейді Шолақорған аулының тұрғыны.

Былтыр Созақ ауданында кәсіп ашамын деген  80 адам қайтарымсыз грант алған. Олардың дені аяқ киім жөндеу, жүн өңдеу цехі, наубайхана, көлік жөндеу орталықтарын ашқан. 

«Бүгінгі таңда аталған бағдарлама аясында ауданда біріншгі  және екінші лек аяқталған. Оның ішінде мемлекеттік грантты 32 азамат алды. Көбісі халыққа қызмет көрсету саласын таңдаған. Қазір үшінші лекке өтініштер қабылданып жатыр.  70-ге жуық адам өтініш берген. Алдағы уақытта 33 адамға грант береміз»,-  дейді аудандық мансап орталығының мамандары. 

Жалпы Созақ ауданында ерекше бизнес идеялар назарданы тыс қалып жатқан жоқ.Оның ішінде әуелі жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету көзделген. Аудан аумағында мүмкіндігі шектеулі 219 азамат болса соның 8-і кәсіп ашып жұмысын дөңгелетіп отыр. 

Биыл Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытамын деген 3 мыңға жуық азаматқа қайтарымсыз грант беріледі деп жоспарланған. 

Мүгедектігі бар азаматтарды  жұмысқа орналастыру – оңалтудың ең жақсы тәсілі. Ол материалдық тәуелсіздікті, және ең маңыздысы – қоғамға бірігуді көздейді. Соңғы уақытта әртүрлі қызмет салаларын автоматтандыруға байланысты  мүгедектерге арналған жұмыс түрлерінің тізімі кеңейді. Мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын кәсіптер мен мамандықтардың атласы» әзірленді. Онда 16 мыңнан астам жұмыс бар. Сондай-ақ,  Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Қоғамдық жұмыстар», «Жастар тәжірибесі», «Әлеуметтік жұмыс орындарына»  жұмысқа жіберілді.

Қоғамдық жұмыс - адал еңбек!
Өнерін еліне арнаған әнші
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу