Оңтүстік Корея Қазақстаннан 18 млн баррель мұнай сатып алуға келісті
Оңтүстік Корея Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың күрделенуіне байланысты мұнай импортын әртараптандыруға кірісті. Осы бағытта Қазақстаннан 18 млн баррель мұнай сатып алу жөнінде келісім жасалды, деп жазады Оinet.kz.

Бұл туралы Корея Республикасының президенті атынан арнайы өкіл Кан Хун Шик хабарлады. Оның сөзінше, 2026 жылдың соңына дейін Корея Қазақстан, Оман, Сауд Арабиясы және Қатармен жалпы көлемі 273 млн баррель болатын мұнай жеткізу жөнінде уағдаласқан.
Қазақстанмен келіссөздер нәтижесінде тек мұнай ғана емес, сонымен қатар 2,1 млн тоннаға дейін жеңіл мұнай өнімдерін жеткізу мәселесі де шешімін тапқан.
Жеткізілетін ресурстар Ормуз бұғазына тәуелді болмайтын балама бағыттар арқылы тасымалданады. Бұл қадам елдің ішкі энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған келісімдер 8 сәуірде Қазақстанға жасалған ресми сапар аясында талқыланды. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев кореялық делегациямен энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды.
Сондай-ақ келіссөздерге Роман Скляр мен Кореяның сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі Ким Чон Кван қатысып, өнеркәсіп және энергетика бағытындағы бірлескен жобаларды дамыту жайын талқылады.


