Жүректің ишемиялық аурулары – себептері, белгілері, емдеу және алдын алу

Oinet.kz 05-09-2018 2753

Жүректің ишемиялық ауруы – ең кең таралған ауруларының бірі және әлемнің дамыған елдеріндегі халық арасындағы өлім-жітім мен еңбек қабілеттілігінен уақытша және біржолата айырылу себептерінің ішінде бірінші орын алады.

Screenshot_2.jpg

Жүректің ишемиялық ауруы – миокардаға әкеп соқтырып, оның сорғыштық функциясының бұзылуына, осының салдарынан әртүрлі ауытқуларға әкелетін жүрек қан-тамырлары ауруы. Негізінен коронарлы артериялардың тарылу себебі болып атеросклероз, яғни, тамырдың ішкі қабырғасына холестериннің жиналуы табылады. Кей жағдайларда жүректің коронарлы артерияларының қысылуы байқалады, әсіресе бұл жағдай әйелдер арасында жиі кездеседі.

Холестериннің жиналуы нәтижесінде артерияларлың ішкі саңылауы тарылып, миокарданың қанмен қамтамасыз етуі азаяды да, әсіресе адамға физикалық күш түскен кезде жүрек жиі соғып, оған жеткізілетін ауа мен қан мөлшері жеткіліксіз болады да, жүрек аймағында аурыру белгілері пайда болады (жүрек талмасы).

Коронарлы артериялар тарылған сайын болмашы жағдайдың өзінде-ақ, мысалы, сөйлесу кезінде, тамақ ішкен соң, суықтың әсерінен, жүйкеге салмақ түсу кезінде ауыру белгілері байқалады. Әдетте, кеуде тұсындағы ауру тыныштық жағдайында бірнеше минуттардан соң өздігінен тарайды. Ауру сол жақ жауырынға, қолға, астыңғы иекке, кейде асқазанға да беріледі. Бұл жағдайда адам оны гастрит немесе асқазанның ойық жарасымен шатыстыруы мүмкін. Жүректің ишемиялық ауруы пайда болғаннан бастап, оның дамуының екі нұсқасы бар. 

Біріншісі – науқас емханаға, дәрігерге қаралады да, ауруханаға жатқызылып, жоспарлы коронография жасалады. Екінші нұсқасы – коронарлы артериялардың тарылуынан жүрек артериясында қанның ұюы пайда болып, жіті инфарктқа әкеліп соғады. Миокарда инфаркты бір-біріне ұқсас емес, барлығы қанның ұюы қай артерияда болғанына байланысты. Егер инфаркт миокарда жүректің негізгі камерасы – сол жақ қарыншаның жұмысына жауап беретін негізгі артерияның жабылуына байланысты болса, онда болжамдар көңіл қуантарлық емес.

Тамыр атеросклерозы дамуының негізгі факторлары арасында, соның ішінде коронарлы артериялардың зақымдану себептері арасында бірінші орында холестерин деңгейінің көтерілуі тұр. Холестерин деңгейінің жоғары болуы майлы тағамдарды көп жеу мен тұқым қуалайтын бауырда холестериннің синтезделуінің жоғары болуы себебімен байланысты. Жүректің ишемиялық ауруы дамуының келесі себептері болып қант диабеті, шылым шегу, артериалды қан қысымы, аз қимылдау, семіру, стресстер табылады.

Жүректің ишемиялық ауруы келесі формаларда байқалуы мүмкін: стенокардия, инфаркт миокарда, инфарктан соңғы кардиосклероз, жүрек қағысының бұзылуы, жүрек жетімсіздігі мен кенеттен қайтыс болу.

Жүректің ишемиялық ауруларының бір түрі, стенокардия (грек сөзінен аударғанда жіңішке, қылдай) – жүректің сыздап, қысып, басып ауырсынумен сипатталады. Стенокардия кезінде науқастанатындарда жүрек бұлшық еттерінің қан тамырлары тарылуымен оған қан қажетті мөлшерден әлде қайда кем келеді де жүрегі қатты қысылып, ауру кенеттен ұстайды.

Стенокардияның белгісі: физикалық күш түскенде (жүргенде, баспалдақпен көтерілгенде) төс артының қысып, басып, сығып ауырсынуы байқалады. Жүректің тұсының ауырсынуы, ол сол иық, жауырын, қол, мойын, желке аумақтарына тарайды. Ол бірнеше секундтан 15 минутқа дейін созылуы мүмкін. Мұны жүрек талмасы деп атайды. 

Стенокардия екі түрге бөлінеді:

1) стенокардияның ұстамасы тыныштық сақтағанда өршиді;

2) стенокардияның ұстамасы қозғалыс немесе көп қимылдағанда өршиді.

Ауыр түрі тыныштық қалыпты пайда болған жүрек ұстамасы.

Сақтану шаралары: ауруға тосқауыл қоюды, алдымен қандағы холестериннің деңгейін төмендетуден бастау керек. Ол үшін құрамында холестерині көп жұмыртқа сарысын, бауырды, майлы етті, сары май, қаймақ және т.б. тағам ретінде сирек, ал жеміс-жидектерді көбірек пайдаланған жөн. Өсімдік майы да пайдалы, онда тәжден май алмасуды ретке келтіретін қанықпаған май қышқылдары көп, әрі олар қанның ұюы мен тамырдың тарауына мүмкіндік бермейді.

Майлы тамақтарды шектеу қандағы холестеринді азайтып қана қоймайды, сондай-ақ артық салмақтан арылтуға көмектеседі. Дененің артық салмағы жүрекке күш түсіреді. Сонымен бірге тамақтың түзын азайту керек, әйтпесе олар тамыр қабырғасының тіндерін ісіндіреді. Алкоголь мен темекінің де зияны мөл, алкоголь жүрек бұлшық етінің тамыр кеңістігін тарылтатын катехоламиндердің түзілу белсенділігін арттыра түседі. Жүректің ишемиялық ауруларымен ауыратын адамдардың кенеттен қаза табуы, тәжірибеде көбінесе спирт ішімдіктерін ішкеннен болады.

Алғашқы медициналық көмек: ұстама кезінде толық тыныштық сақтаған жөн. Жүректің тұсына қыша қағаз басады, аяқ-қолына жылы грелка қойылады.

Ауру адамды отырғызып немесе жатқызып, тілінің астына қан түйіріне сіңірілген нитроглицерин салынады. Егер дәрінің әсері болмаса, жедел терінің астына атропинмен бірге морфин немесе промедол жіберіледі. Аурудың бетін қайтарғаннан кейін зембілге жатқызып санитарлық көлікпен емханаға жеткізіледі. 

ЖИА белгілерінің пайда болуынан бастап сіз тұрғылықты жердегі емханада жоспарлы түрде тексерілуден өтуіңіз керек. Жіті коронарлы синдромның болуын күтіп, 103 бригадасының көмегіне үміттеніп отыру дұрыс іс-әрекет болып табылмайды. Өйткені жедел көмек кезіндегі қолайсыз жағдайлар жоспарлы көмек кезіндегіден ондаған есе көбірек. Кардиолог болсын, терапевт болсын сіздің дәрігеріңіз сізге диагноз қоюда қиналмайды, өйткені бұл үшін ЭКГ, ЭХО КГ нәтижелері немесе ЭКГ тәуліктік мониторлау болса болғаны. Дұрыс қойылған ЖИА диагнозы сіздің емделіп шығуыңыздың алғышарты болып табылады. 

Емдеуді келесі формада жүргізуге болады: белсенді өмір салты, шылымнан, арақ-шараптан бас тарту, барлық май түрлеріне шектеу қоятын емдәм, тамақтану үлесін көбірек вегетариандыққа ауыстыру. Дәрілік терапия негізінен ацетилсалицил қышқылын – аспирин (тромбоасс, тромбокард, кардиомагнил, аспирин-кардио), холестерин деңгейін төмендететін дәрі-дәрмектерді (статиндер), коронарлы тамырларды кеңейтетін дәрілерді (нитраттар, мысалы кардикет) және жүрек қағысын азайтатын (бисопролол, небилет, т.б.) препараттарды қабылдаумен шектеледі.

Жалпы өркениетті елдерде 40 жастан асқан адамдарға күнделікті аспиринді пайдалануды әдетке айналдыруға кеңес беріледі. Бұл әртүрлі органдар мен тіндердегі инфаркт пен инсульттің алдын алу болып табылады.

Қорыта келгенде, коронарография – жүрек тамырларын контрастілі зерттеу нәтижесінде ауру анықталса, медициналық көмектің 3 нұсқасы көрсетілуі мүмкін:

1. Ота жасау көрсетілмеген кезде дәрімен емделуге болады.

2. Коронаграфия ем-шарасын жүргізу кезінде коронарлы тамырдың тарылған жеріне стент қойылады да, бір жыл ішінде дәріні дұрыс қабылдаудың арқасында ол қан-тамырлы эндотелиймен жабылады.

3. Сіз ашық ота түрі – аортокоронарлы шунттау жасауға үміткерсіз. Бұл отаның мақсаты қолқадан тарылған немесе жабылып қалған коронарлы артерияның төменгі жағына қолқадан қан жүргізу. Ота микрохирургия деңгейінде өтеді.

Жіті коронарлы синдром немесе инфаркт жағдайымен ауруханаға түссеңіз, бірақ инфарктан соң 2 сағатқа дейін немесе ең кем дегенде 6 сағатқа дейін көмекке жүгінген адамға жедел түрде коронография және стенттеу көмегі көрсетіледі. 6 сағаттан соң миокардада науқасты мүгедектікке немесе басқа да асқынуларға әкеп соқтыратын ауытқулар болады. Сондықтан сіздің медициналық көмекке неғұрлым ертерек жүгінгеніңіз абзал.

Жүрекке ашық ота жасағаннан кейін науқастар стационарда немесе амбулаторлы түрде оңалтудан өтіп, өз денсаулықтарын ауырғанға дейінгі деңгейге жеткізеді немесе өз жағдайын неғұрлым жақсартады.

Осылайша, біздің әрқайсымыз үшін жүректің ишемиялық ауруларының алдын алу дұрыс шешім болып табылады. Ал егер ЖИА белгілері пайда болған жағдайда неғұрлым дәрігерге ертерек көрінген дұрыс.

Б.ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ медицина факультетінің аға оқытушысы

Жеті дәрі жаныңызда жүрсін.....
Когда ребенок не хочет идти в школу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу