Ауру аймақ таңдамайды!

Oinet.kz 25-05-2020 988

Аудандық емхана десе, медициналық көмек сапасы төмен ғимарат елестейді. Оның айналасында тек агрессия мен негативті ойларды ғана туындатамыз. Біздің түсінікте білікті дәрігерлер қалада, ауылда «екінші сортты» мамандар қызмет етеді дегенге дағдыланған. Осы сөз қаншалықты шындыққа жақын? Біздің сапар Төлеби аудандық орталық ауруханасына бағытталды.

127110.jpg

Бас дәрігер – емделушілерге жақын

Тағы бір қоғамдық картина менің санамдағы бейнесін жойды. Босағасын аттаған мекемелерде ылғи басшының жұмыс бөлмесіне кіру қиындау болатын. Танымасақ та, қарбалас жүретін маман ғой деп ақтап алатынбыз.  Аурухананың тіркеу бөлімі бірінші қабатта орналасқан. «Менің карточкам қайда? Емделу тарихым қайда?» деп жүрген бір адам жоқ. Барлығы электронды форматта. Бас дәрігердің бөлмесін сұрағанымыз сол, 3-4 есік арыдағы қабылдау бөлмесіне жөн сілтеді. Күлімдеп күтіп алған хатшы қыз еш қиналмай бас дәрігер Дәулет Мұсаевқа бастап кірді. Оның ә дегеннен-ақ  басшы образынан шығып, емделуші ретінде де ой толғай білуі іштей сүйсіндірді. 

Ашық контексттегі диалог батылдығымды оятып, ішке бүккен сұрақтарымды қоюға қымсынбадым. Шымкент қаласының іргесінде орналасқан аудан болғандықтан төлебилік пациенттер мегаполисте емделгенді құп алатын болар деп ойлағанымның несін жасырайын? Менің бұл ойым жоққа шықты. 

– Біздің емделушілер екі түрлі таңдау жасайды. Біріншісі – халық емі, бақсы-балгерлерлер арқылы дертіне шипа іздеу. Кез келген аурудың бастапқы кезеңінде осылай шипа табуға тырысады. Ем адамның сенімімен тығыз байланыста ғой. Иммунитет қалыптастырып бірен-саран жеңіл ауруларға шипа табылар. Бірақ қетерлі ісік, гепатит секілді аурулардың алғашқы сатысын анықтауға осы тәсіл үлкен кедергі келтіреді. Мен шөп дәрілер арқылы емделуді жоққа шығармаймын. Қалыптасқан стереотиптерге азаттық сыйлап ойланайықшы, бағзы заманда медицинада қазіргідей жетістіктер болды ма? Жоқ! Олар сол себепті түрлі тәсілдермен тәуекел етіп емделді. Өмір қауіпсіздігінің деңгейі қай жолда артық, емделуші сол жолды таңдауы қажет.

Екінші тәсіл – «ем қонбады» деген асқынған аурумен қағылатын дәрігер есігі. Бізде өмірге деген махаббат аз. «Қатерлі ісікке шалдығыпсыз, аздап өткізіңкіреп келіпсіз...» дегенді «Өлесіз!» деп түсінетін емделушілер бар. Аурухананы басына көтеріп, ғаламтордан көріп алған әдістерін жіпке тізгендей баяндап шығады. Емделушілерге кеңесім, «Мен білмеймін, дәрігер түсіндіреді» деген төрт сөзді санасына енгізіп қана маман есігін қақса екен.  Өзінің сенбей алған емінен нәтиже шықса да, оның байқалу эффекті болса да, байқағысы келмейтін енжарлық ем сыйламайды. 

Мысалы, бұрынырақ қазақ халқында сүндеттеу рәсімін молдалар атқарған. Қазір бұл тәсілмен қан арқылы жұғатын аурулардың таралу ықпалдылығы жоғары. Сондықтан, 19-23 тамыз аралығында ауданда тегін сүндеттеу акциясын жүргіземіз деп шештік. Әр жұмада рентген аппараты, УДЗ аппараттарымен арнаулы мамандар ауылдық амбулаторияларда халыққа тексеру жүргіземіз. Ауылдарға 2018 жылы 7 медициналық тірек қойдық. Науқас ауруын мойындап келем дегенше, сырқаттың бастапқы кезеңдері өтіп кетеді. Ауырып ем іздегеннен, ауырмаудың жолын іздеген абзал. Леңгір қалалық емханасы мен ауруханасында Төле би ауданы халқының 30 пайызы емделсе, 70 пайызы біздің ауруханадан шипасын іздейді, бізге тіркелген. Медицина мамандары қалаға емес, ауылға көбірек керек. Біз өз тарапымыздан, науқастарға мүмкіндігінше аудан деңгейінде жоғары дәрежедегі медициналық көмекті көрсетуге тырысамыз, бұны жүзеге асыруда Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының үлесі орасан зор. Басқарма басшысы Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаев ауыл аймағындағы дәрігерлердің біліктілігін арттыруға, ауыл медицинасының сапасын күшейтуге көңіл бөлуде. Соңғы бір жыл көлемінде Ресей Федерациясының Новосібір қаласында 8 маманымыз, Корея Республикасында 1 маман оқып білімін арттырып келді, – деп Дәулет Мұсаев сөзін түйіндеді.

Аурухананың тіршілігімен таныс болу үшін бөлімдерді аралауға шешім қабылдадық. Мың естігеннен бір көрген артық қой. Бізге бас медбике Дүйсенкүл Елшібаева мен қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мұрат Тәженов жол көрсетті. Қабырғасы 1982 жылы қаланған ауруханаға 2018 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ең соңғы медициналық техникалық мүмкіндіктер іске қосылған.  Қабылдау бөлімінде арнаулы «Көмек» (SOS) батырмасы 24 сағат бойына жұмыс істейді. Науқастың қажетінше кезекші мейірбике батырманы басқан соң маманның (терапевт, хирург, гинеколог, неврапатолог, т.б ) көмегіне жүгіну жылдамдайды. «Триаж» жүйесі бойынша аурухана еденінде қызыл, сары, жасыл жолақшалар бедерленген. Жасыл жолақ – жоспарлы науқастарды, қызыл жолақ - өте шұғыл, уақыт күттірмейтін көмекті қажет ететін науқастар үшін, ал сары - тексеріп, науқасты қажетті бөлімге бағыттайды.

Қолқаны алатын хлордың иісі балалар бөлімінде байқалмады. Бірақ асқан жауапкершілікпен еден тазалап жүрген мамандар жиі көзге шалынды. Зертханадағы  аппараттар жаңа. Аппараттардың жарамдылық мерзімі – 10 жыл. Ең көне құрылғы 2013 жылы алынса, ең жаңа аппараттың алынғанына жарты ай енді болған. Зертханадағы әрбір құрылғы аса сақтықпен қаралады. Мысалы, шұғыл кардиологиялық ауруды анықтау үшін қолданылатын тропонин анализы ауруханада болғанға дейін, науқастар облыстық ауруханаларға сабылатын. Қазір небәрі 15-20 минуттың ішінде талдау қорытындысы шығады.  

Өмір мен өлім арасындағы арпалыс

Жол көлік оқиғасына ұшыраған науқасты көз алдымызда жан сақтау бөліміне шұғыл жеткізді. Ауыр жараланған науқастың хәлін көріп өзімді жоғалтып алдым. Ес жиып үлгергенімше болған жоқ, «Бір сағат бұрын үйден сап-сау күйде шығарып салған едім ғой» деп науқастың жары жылап отырды. Ауру табан астында екен ғой деп бойымды тіктедім. Жан сақтау бөлімінің сырты үміт пен күдіктің мекені. Ал есіктің арғы жағында, өмір үшін күрес жүріп жатыр. Именіп жан сақтау бөліміне ендік. Ота жасалатын бөлмеден басқа кабинеттерді аралауға бас мейірбике Дүйсенкүл Елшібаева рұқсат алып берді. 

Мұнда науқастар ауыр хәлде қабылданады. Ота жасаушы хирургты бәрі біледі, таниды. Жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін сезіп, құрметпен қарайды. Бірақ, екі дүниенің арасындағы ауруды жеңілдетуге күш салатын анестезиолог-реаниматолог маман жайлы білетіндер аз. 

Науқасқа наркоз қабылдауды тағайындаудың жүгі ауыр. Көбіне диагнозында соқырішек, грижа анықталған науқастарға анестезия жасалады. Яғни, науқастың ауырған дене мүшесін жансыздандырады. Ол отаның жеңіл өтуіне ықпал етеді.  Жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Мырзахан Қамбаров бізге қарапайым тілде қызметіне түсінік беріп болысымен анестезия бөліміне бастады. «Жегені жантақ, арқалағаны алтын» деп Шерхан Мұртаза журналистерге меншіктеген сөзді әрбір жанкешті маманға қолдануға болатынына көзім жетті.  Өмір мен өлімнің арасы бір-ақ қадам сияқты... 

Белсенді өмір үшін күрес

Инсульт алған науқастарды оңалту бөлімі тұнған позитив. «Шаршадым» деп жиі айтатынмын. Анам ылғи дүрсе қойып, «тірі адам бейнет кешіп қана зейнет көреді» дейтін. Тіпті дамылсыз қозғалыс үшін арпалысып, жаттығу залында спортпен шұғылданып жатқан науқастармен сұқбат құрдым. 

Инсульт – бастың қан айналым жүйесінің жедел бұзылуы. Бастағы ми қан тамырларының зақымдануы және қан тамыр жүйесінің түрлі ақаулары инсултьке шалдықтырады. Он бірінші рет инсульт алған Қаныбек Исаевтың  денесінің сол жақ бөлігі салданған.

– Аудандық аурухана болса да, Шымкенттегі облыстық инсульт оралығында алған емімнен еш қалыспайды. Бұл жерде салауатты өмір салтын ұстануға толықтай мүмкіндік береді. Жан дүниең қалаған мақсаттарды орындауға мүмкіндік жоғары. Жасыратыны жоқ, науқастарда агрессия басым. Себебі, инсульт алғаннан соң психика стреске бейім. Әрбір емделушіге күлімдеп, жылы шыраймен қызмет көрсету – нағыз майталман маманның ғана атқарар шаруасы. Осында келгелі бір қызметкердің қабақ шытқанын байқамадым, – деп лебізін білдірді. 

Жаттығу жасап жатқан адамдардың мазасын алмау үшін келесі бөлімге бет алдық. 

«Кемедегінің жаны – бір»

Терапия бөліміне демаыс уақытында келіп жеттік. Барлық науқас қалың ұйқы құрсауында. Аяғының ұшымен жүрген бірлі жарым дәрігерлер ғана көзге шалынды. Біз де дыбысымызды шығармай келесі бөлімге өтуге бекіндік. Дмалыс бөлмесінің жанынан күбірлеген дауыстар естілді. Қарасақ емделушілер дәрігерден кеңес алып жатыр екен.  Қызу әңгіме дүкеннің бел ортасына сіңіп кеттік.

– Мен бронхиалды астма диагнозы анықталғалы жыл сайын ем аламын.  Кемедегінің жаны бір ғой. Түрлі сырқаттар мазалап жолымыз түйіскен емделушілер төрт қабырғадағы тіршілікті сұқбат құрып өткіземіз. Жақын тартып, етене араласып кетеміз. Таныстық тек аурухана шекарасында қалмайды. Ем алып шыққан соң да хәл сұрасып, араласамыз, – деп Рабиға Сарыбасова сөз соңында аурухана ұжымына алғысын білдірді. 

«Ер мен әйел тең дәрежеде»

Тақырыпқа қарап, «бір саты төмен» деп жағамыздан алуға асықпаңыз. Онколог-маммолог маман Ерболат Кемешовтен «нәзік жандылар әйел маман талап етпей ме?» деп сұрадық. 

– Медицинаны жынысқа бөліп қараған дұрыс емес. Ауруын жасырған өледі. Медициналық көмек алғысы келетін емделуші «ол – дәрігер, мен – науқас» деп өзін психологиялық тұрғыда дайындауы тиіс. Ер мен әйел тең. Дәрігерге көрінуге деген комплекстің әсерінен сүт безі қатерлі ісігі алғашқы сатыларда анықталмайды. Бірақ біз жоспарлы түрде науқастарды тексерістен өткізуге тырысамыз, – дейді маммолог. 

P.S. Санамызда қалыптасқан стереотиптер мен барьерлерден арылып, медецина аймаққа қарап қызмет көрсету сапасын белгілемейтіндігіне көз жеткіздік. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін халықпыз. Кімге жуып кетсемде қазіргі бас дәрігер келгенге дейін, келгеннен кейін деп аурухана тіршілігін екі кезеңге бөліп қарастырып жатты. Тозығы жеткен жедел жәрдем көліктері жаңартылғанын, зертханалардан микроскопты алып, онына заманауи құрылғы орнатылғанын, амбулаторияларға да өзгеріс енгізіліп медициналық көмектің сапасының артқанын баяндап жатты. Қызметкерлердің жағынғаны болар деп мән бермеуге тырыстым. Бірақ, емделушілердің де осы сөздерді қайталаған сәтінде, әрбір шалғай ауылға бір-бір Дәулет Мұсаев керек екен деп қорытынды шығардым. 

Балерке БӨРІБЕК



Депиляция және эпиляция
Шаранадан осылай құтылған екен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу