Босану қалай өтеді?

Oinet.kz 05-10-2020 917

Босандырудың қандай жолдары бар? – Босандырудың екі түрі болады. Біріншісі – табиғи жолмен босандыру болса, екіншісі – баланы кесарь тілігімен алу. Негізінен ай-күні толып, толғағы келгенде табиғи жолмен босанған дұрыс. Соңғы жылдары босанатын әйелдердің көпшілігі перзентханаға жанындағы серіктесімен, яғни толғақ қысқанда басын сүйеп, терін сүртетін жақын құрбысы, анасы немесе күйеуімен бірге келеді. Әрине, мұндайда «Жанында серігі бар» деп дәрігер, акушерлер де сырт қалмайды. Жанында жақынының болуы босану кезінде физикалық және рухани күш-жігер беріп, толғақтың жеңіл өтуіне септігін тигізеді. Толғақ кезінде ауырсыну сезімін қалай басуға болады? – Оның бірнеше түрі бар. Толғақ кезінде мұрын арқылы дем алып, демді ауыз арқылы шығарып, терең тыныстау керек. Дем алу бір қалыпты, толғақ күшіне байланысты болғаны жөн. Дұрыс дем алу ағзаға оттегінің дұрыс жетуін реттейді. Ақырындап ары-бері жүруге немесе төртаяқтап, тізерлеп тұруға болады. Ішке ақырын массаж, түрлі арнайы жаттығулар да жасауға болады. Бүгінде перзентханаларда босанатын әйелдерге барлық жағдай қарастырылған, ыңғайлы төсек те, жаттығу-массаждарға арналған доптар мен басқа да жабдықтар бар. Ал босану кезінде босанатын әйел өз ыңғайына қарай не отырып, не жатып күшенеді. Жатқанда да тек шалқасынан ғана емес, сондай-ақ бір қырымен немесе тоңқайып жатуға да болады. Табиғи жолмен босанғанда наркоз жасалмайды. Егер толғақ ашты болып, шыдамай жатса, босанушы әйелдің өтінішімен эпидуральды анестезия жасалады. Эпидуральды анестезия дегеніміз не? – Бұл – қазіргі таңда босануды жансыздандырудың ең нәтижелі, ең көп тараған түрі. Бастысы, ана мен нәрестенің ағзасына аз әсер етеді. Ол қалай жасалады? – Ауырсынуды сездірмейтін анестетик дәрі жұлынды қоршап тұратын тығыз ми қабығының алдындағы кеңістікке ине және катетер арқылы енгізіледі. Бұл белден төменгі жақтағы, яғни жамбас сүйегі мен аяқтағы ауырсынуларды сездірмейді. Осылайша, толғақ жеңілдейді және босанушы әйел босану процесін көзімен көріп, құлағымен ести алады. Яғни босанушы әйел ақыл-есінен айырылмайды. Эпидуральды анестезияның тағы қандай артықшылықтары бар? – Оның спазматикалық және ауырсынуды басатын әсерлері ағза қызметіне – тыныс алу жолдарына, жүрек, бүйрек, бауырға кері әсер етпейді. Жүкті әйелдерге әсері аз препарат – лидокаин қолданады. Инемен бірге салынған катетер әйелдің босануы аяқталғанша перидуральды кеңістікте, яғни тығыз ми қабығының астында болады. Егер анестетиктің әсері азая бастаса, тағы қосымша дәрі енгізуге мүмкіндік бар. Ал кемшіліктері бар ма? – Эпидуральды анестезияның кемшілігі – туу әрекетінің белсенділігі төмендейді, яғни толғақ пен күшену бәсеңсиді. Мұның салдарынан босану процесі ұзаққа созылып, тіпті кейде дәрігерлер кесарь тілігін жасауға мәжбүр болып жатады. Сонымен қатар қан қысымы төмендеуі немесе босанушының аллергиялық реакциялары туындауы мүмкін. Катетерді дұрыс енгізе алмаса, омыртқа жотасын зақымдап алу қаупі бар. Сондықтан анестезиолог маманның біліктілігі бірінші орында болуы керек. Сондай-ақ эпидуральды анестезия бүгінде жансыздандырудың ең жақсы әдісі саналғанымен, кейбір әйелдерге оның еш әсері болмай жатады. Бұл – олардың эпидуральды кеңістігіндегі анатомиялық құрылым ерекшелігіне байланысты орын алатын жағдай. Егер арқа, бел омыртқада қандай да бір жарақат, кіәнарат болса, оны анестезиологқа міндетті түрде айту керек. Эпидуральды анестезия жасағанда дәрінің дұрыс тарауы осыған тікелей байланысты. Жансыздандырудың бұл әдісі кей жағдайда кесарь тілігімен босандырғанда да қолданылады. Босану процесі ұзаққа созылған жағдайда, сондай-ақ босанушы әйелдің бойында қандай да бір созылмалы аурулар болса, онда оған басқа бір инъекция жасау арқылы қысқа ұйқыға жібереді. Бұл да – босану кезіндегі ауырпалық сезімін басудың бір жолы. Тек жатыр мойны ашылғанда немесе ұрықты шығаратын кезеңнің бастапқы сатысында жансыздандыратын дәрі енгізіледі. Препараттың әсері 30 минуттан 2-2,5 сағатқа дейін созылады. Көптеген әйелдер инъекциясыдан кейін күнделікті ұйқыдан тұрғандай-ақ еш ауыртпалық сезінбейді. Оның қандай кемшіліктері бар? – Препарат әсерінің аз уақытқа ғана жететіні. Дәрі құюды бала өмірге келеді деп шамалап алған уақыттан екі сағат бұрын тоқтату керек. Өзге әдістерге қарағанда дәрінің күштілігі. Дәріні енгізу көп уақыт алатыны. Ал ингаляциялық анестезия дегеніміз не? – Ол – босану кезінде ауру сезімін жоюдың ертеден келе жатқан бір тәсілі. 80 пайыз азоттың шала тотығы мен 20 пайыз оттектен тұратын құрамы 1880 жылдан бері өзгерссіз қолданылып жүр. Толғақтың боларын сезген кезде босанушы әйел ингаляторды қолына алып, дем арқылы ондағы дәріні қабылдайды. 30 секунд ішінде ол қанға сіңіп, эндорфин гормонының жұмысын күшейтіп, ауырсыну сезімін басады. Ингаляциялық анестезияның артықшылықтары – ана мен баланың денсаулығына кері әсердің болмауы, қолданудың оңайлығы, бағасының арзандығы, қолдану уақытының аздығы, сондай-ақ ауырсынуды басудың басқа да тәсілдерімен бірге қолдануға болатындығы. Ал кемшіліктеріне келер болсақ, бұл ингаляцияны қолданғанның өзінде көптеген әйелдерде ауырсыну сезімі жойыла қоймайды, тіпті кейбіреулерге мүлде әсер етпейді де. Сонымен қатар бұл газды қоспаны дайындау үшін арнайы аппараттың қажеттігі. Осындай кемшіліктері болғандықтан да бұл әдіс көп қолданылмайды.


Жүктіліктің алғашқы белгілері
Жүктіліктің үшінші триместрі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу