Қозғалыс – өмір бастауы!

Oinet.kz 23-08-2019 899

Screenshot_12.jpg

Дене жаттығулары – емдік гимнастиканың басты кұралы. Адам өмірінде маңызды рөл атқаратын бұлшық еттердің қызметі осыған негізделген. Организм біртұтас дүние екенін барлығымыз білеміз, ішкі ағзалар мен сыртқы  бұлшық еттер тығыз байланыста болса, жоғарғы жүйке жүйесі бәрін қадағалап отырады. Сондықтан қимыл-қозғалыстың тапшылығы (гиподинамия) әртүрлі аурудың пайда болуына әкеледі.

Қазіргі ғылыми-техника жетістігі адамдарды ауыр жұмыстан, қарапайым үй тіршілігіндегі қимыл-қозғалыстан (шөп шабу, отын жару, кір жуу т.б.) қол үздіріп отыр. Өндірісті автоматтандырудың және шаруашылықты механикаландырудың кеңінен орын алуы адамдардың ой еңбегінің артуына, дене еңбегінің кемуіне душар етті. Күнделікті өмірде транспорттың көбеюі, лифтінің пайда болуы және теледидар алдында ұзақ уакыт қозғалыссыз отыру да организмге зиянды әсер етеді. Ол дағдыға айналып кеткеннен кейін тіпті оған мән де берілмейді. Адамның аз кимылдауы – бұлшық еттердің дәрменсіз қалуы, қан айналысының нашарлауы, ішкі ағзалардың қызметі төмендеп, зат алмасуы бұзылды деген сөз. Қимыл-қозғалыстың тапшылығынан жүйке-тамырға, жүрекке айтарлықтай күш түседі. Мәселен, кан айналымы әлсіреп, жүрек-тамыр аурулары байқалады, буындардың қозғалысы кеміп, омыртқалар арасындағы шеміршек жұқарып, семіп, остеохондроз және т.б. ауруларға шалдығуға мәжбүр етеді.

Қимылдың тапшылығынан басқа да толып жатқан сырқаттарды аңғаруға болады. Ол – қазіргі кезде жиі кездесіп жүрген ғасыр ауруы деп аталатын остеохондроз. Бұл омыртқааралық шеміршектің мүжіліп тозуы, жұқаруы. Бұған не себеп? Әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қазіргі адамдардың тұрмыс-тіршілігінде айтарлықтай ерекшелік байқалады. Оларды шаршататын ерте ғасырлардағы сияқты қимыл-қозғалысты арттырып, күшпен атқарылатын дене еңбегі емес, ой еңбегі. Соның нәтижесінде денедегі ең көп ауырлық арқа және желке  бұлшық еттеріне түседі. Үнемі қозғалмай бірқалыпты сіресіп отырғаннан аталған  бұлшық еттер әлсірейді. Олар бірте-бірте өзінің серпінділігінен айырылады. Сөйтіп қысып ұстап тұрған омыртқалар негізгі күштен айырылып, бар салмақты өзіне алады. Одан әрі адам еш әрекет жасамай, сол отырған калпын өзгертпесе, ауырлық омыртқааралық шеміршекке түседі. Сөйтіп, олар біртіндеп ыдырай бастайды да, жыртылады. Сол кезде омыртқалар бір-біріне тиіп қажалып, соның салдарынан омыртқаның қалыпты қимылы өзгеріске түседі. Кейде сол омыртқа аралық шеміршек сыртқа теуіп шығып кетеді (мұны медицина тілінде «грыжа» дейді). Мұның өзі жұлыннан шыққан жүйке талшықтарын мыжып, қантамырларын зақымдап, адам зардап шегеді. Ал омыртқалардың өз орнынан ауысып кетуі кейде жұлынға тікелей әсер етеді. 

Қорыта айтқанда, гиподинамия салдарынан көп ауруларға шалдығатынымыз белгілі болды. Оған ықпал жасайтын адамның өзі. Қимыл-козғалыс тапшы болса, организмде тұрып қалған зиянды заттар да сыртқа шықпай жасушаларды, жалпы адамды тез қартайтады.

Сондықтан да емдік гимнастикаға, дене тәрбиесіне, дене шынықтыруға, табиғат факторларына жүгінуге тура келеді. Әрдайым спортпен айналысып, жаяу көп жүріңіз. таңертең жаттығулар жасаңыз.  Себебі – қозғалыс бұл – өмір!

Тек ұқыпты орындалған дене тәрбиесі ғана организмді көптеген жағымсыз әсерлерден сақтайды, кейбір аурудың алдын алады, ал балаларды тікелей емдеп жазады.


Жолда майып болғыңыз келмесе...
Семіздіктен арылуға болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу