Бір мезгілде бірнеше ағзаға ота жасады

Түркістан облысында медицина саласының мамандары күрделі әрі жоғары технологиялық отаны сәтті жүзеге асырды. Облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері онкологиялық дерттің IV сатысындағы науқасқа сирек жасалатын симультанды (бір мезгілде бірнеше ағзаға) операция жасап, оң нәтижеге қол жеткізді.
1983 жылы туған науқас бір жылға жуық уақыт бойы оң жақ қабырға астындағы ауырсыну, ішек қызметінің бұзылуы, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту және жалпы әлсіздік секілді белгілерге шағымданған. Дәрігерлер оған «тік ішектің аденокарциномасы, бауырға метастаздар, IV саты» диагнозын қойған. Науқас бұған дейін онкологиялық диспансерлік есепте тұрып, ҚазНИИОиР базасында алты курс химиотерапия алған.
Жан-жақты тексеру мен операция алдындағы мұқият дайындықтан кейін мамандар бір мезгілде бірнеше ағзаға жасалатын күрделі симультанды ота жүргізу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім науқастың жағдайын ескере отырып, көпсалалы дәрігерлер кеңесінде қабылданған.
Ота барысында іш қуысына лапаротомия жасалып, тік ішекке абдоминоперинеалды резекция жүргізілді және тұрақты колостома қалыптастырылды. Сонымен қатар бауырдың IV-V-VIII сегменттеріне орталық резекция жасалып, II-III және VI сегменттердегі метастаздар алынып тасталды. Айта кетерлігі, ісік ошақтары бауырдың шамамен 70 пайызын қамтыған.
Мамандардың айтуынша, мұндай деңгейдегі дерт кезінде хирургиялық араласу сирек қолданылады, себебі көп жағдайда науқастар операцияға жарамсыз деп танылады. Соған қарамастан, бұл жолы дәрігерлер негізгі ісік ошағын да, бауырдағы метастаздарды да толық жоюға мүмкіндік алды.
Күрделі отаны тәжірибелі хирургтар – Мақсат Досханов, Бекнұр Өтепбаев және Ерхан Ізбасар сәтті жүргізді. Анестезиологиялық қамтамасыз етуді Есімхан Муталиев атқарды. Отадан кейінгі кезең қалыпты өтіп, науқас алдымен жансақтау бөлімінде бақылауда болды. Кейін жағдайы жақсарып, қанағаттанарлық күйде үйіне шығарылды.


