Өзін атеистпін деп ашық жариялаған адамның басы шабылды

Oinet.kz 19-11-2019 1207

Screenshot_14.jpg

Табиғи өмірде де, қоғамдық тіршілікте де әр құбылыс пен уақиғаның басталуы да бар, аяқталуы да бар. Бірақ, тап қазір Шам еліндегі және оған көршілес басқа да араб елдеріндегі топалаңның дәл қай уақытта бітетінін ешкім де, тіптен, оны түрткілеп бастап, оның отын үрлеген уақиға авторлары да дөп басып айта алмаса керек. Әрине, әлемді жеке-дара билеуге ұмтылған ел және бір шеті қаласаң да, қаламасаң да менікі деген екі алып мемлекет шын мәнінде келісе қалса бұл аласапыранның да шегі көрінеді. Онда да біразға дейін оты маздайды, шоғы лезде күлге айнала қоймайды.

Таяу Шығыстағы соғыс өртін өшіру үшін АҚШ пен Ресейдің, одан қала берсе Сауд Арабиясы мен Иранның Таяу Шығыстағы стратегиялық мүдделері сәйкестенетіндей жағдай қалыптасуы керек. Әлем мықтыларының мүдделері ешқашанда абсолютті турде сәйкестенбейді. Әңгіме тек салыстырмалы, немесе, уақытша категориясында болуы мүмкін. Сол кезде бір мәселеде келісімге келуі мүмкін. Есесіне басқа жерде жаңа конфликт нүктесі пайда бола кетеді. «Халифатбыз», «Ислам мемлекетіміз» дейтіндерді келісіп, уақытша күш біріктіріп, немесе, ашық білдірмей, бірі бұрынғы сателлитін сатып, бірі онысын ашықтан ашық атып, тасталқан етуі әлем иелері үшін ешқандай моральдық-саяси, немесе әскери-қаржылық жүк емес.  Әсіресе, жылына 577 миллиард доллардан аса қаржыны әскери салаға бөлуді ауырсынбайтын АҚШ үшін. Десек те, «күнәсі» фашистерден кем түспейтін «ислам сарбаздары» жаппай жойылып, не жазасын тарта қоймайды. Башар АСАДҚА оппозициямыз деген әскери құрылымдарға мұхиттың арғы бетіндегі «қамқоршылар», тіптен, қол тигіздірмесе керек. Ал ату мен асуға маманданған содырларға басқа «қызмет» жоқ. Оның үстіне әлемдегі өмір иелері мен олардың қолына су құюшыларға қай уақытта болса да «пушечное мясо» керек. Сондықтанда, осы уақытқа дейін «талибандар» да, «аль-каидалар» да, тағы басқалары да Алланың атымен, қолындағы «шайтанжайпар», «кәпіржайпар» затымен «жауларын» бірде атып, бірде жарып, өз «қызметтерін» доллар иелерінің тапсырыстарына сәйкес атқара беретін сияқты. 

Батыс мықтылары үшін қолын біреулер арқылы қанға малу неге керек? Бұл тек Батыс капиталы үшін ғана емес. Бұған олардың қолына су құятын араб шейхтарын да қосыңыз. Есіңізде бар ма? В.И. Ленин кезінде  әр американ лас долларында бейкүнә ғәріптердің қаны мен көз жасы тұр деген еді ғой. Бұл – жер бетінің байлығын алуан түрлі әдіспен мүмкіндігінше өз пайдасына қызмет еткізуге ұмтылған саяси айла-әдіс. Әлемнің әміршісі болу үшін міндетті түрде ұлан-ғайыр қаржыға иелік беретін күшті экономикаң болуы керек. Ол үшін соңғы жетістіктермен жарақтанған мобилді әскери күш пен өндіріс құрал-жабдықтарың болуы керек. Мүддеңе қарай шайтанмен ауыз жаласатын, періштемен соғысатын құйтыртқы саясатың болуы керек. Басқада жоқ, немесе, жоқ есебі ретіндегі алып ғылыми-өндірістік потенциалың болуы керек. Осының бәрі сайып келгенде жоғарыда айтылған әлемге әмір болу үшін керек. Сондықтанда, Таяу Шығыста, Солтүстік Африкада, Ауғанстанда, Венесуэллада, тағы басқа да аймақтардағы белгілі мақсаттармен біреулерге жан қайғы, біреулерге мал қайғының керін келтірген уақиғалар легі өз жалғасын әлі де таба беретін сияқты.

Біздің еліміз үшін дәл қазір Батыстың тарапынан келетін тікелей қауіп  жоқ. Болашақта егер жоғарыда аталған аймақтардың Батыс экономикасына «пайдалылық коффициенті» жойылса, немесе, қажетсіздікке дейін төмендесе, жаңа, арзан табиғи байлық аудандарын іздеу мақсатында көздерін алартуы әбден мүмкін екенін көзі қарақты адам жоққа шығара алмайды. Әзірге тек рекогносцировка іспеттес бірлі-екілі уақиғалар болды деуге болатын сияқты. Мысалы, Жаңаөзен, Ақтөбе уақиғалары. Мұндай келеңсіздіктер қырмасақалдылар мен қауғасақалдылардың айдақтауынсыз бола бермейді. Олардың ар жағында кімдер тұр?!

Әзірге аталмыш қауіптың іс жүзінде, құдайға шүкір, болмауы сыртқы көпвекторлы саясатымыздың нәтижелілігінде деп ойлаймын. Одан кейінгі себеп Ресеймен шекаралас, көршілес, көп мәселеде тағдырлас болуымызда. Тарихи түбірімізде де ортақтастық аз емес. Сондықтанда біздің аглоамерикандардың, англосаксондардың, немесе арабтардың, тағы сол сияқтылардың тікелей ықпалында болмауымыз орыстар үшін де стратегиялық талап-мүдде. Орыстардың Ельцин заманындағы ыдырау дағдарысынан түпкілікті шығып, әлемдегі көпполярлылықты қамтамасыз ететін екі-үш алыптың бірі дәрежесінде болғанына біз де мүдделіміз. Тек екі-үштің бірі ғана!! Егер әлемдік алыптың бірегейі, жалғызы болып кетсе ше? Онда  өткен замандардағыдай қайтадан ауыз салмасына кім кепіл?! 

Орыс халқының қазаққа да үлгілілік сипатындағы «Құдайға үмітіңді арт және өзің де қарап, қапыда қалма деген» мақалы бар.Өзіміз де қарап қалмауымыз керек. Ол күнделікті айтылып жүрген мақсат: шаруашылығымыздың санын, сапасын, тиімділігін, жанжақтылығын, шетке тәуелсіздігін арттыру және кіріптарлығын мейлінше төмендету; елдің қорғаныс қабілетін барынша жоғарылату; ұлттық бірлікті, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету; азаматтардың барлығының, немесе түгелге жуығының мемлекеттік тәртіпке және билікке сенімін нығайту.

Біз ең алдымен ислам әлеміндегі басқа мұсылман елдерімен салыстырғанда ерекшелігіміз тайға таңба басқандай көрініп тұрған қоғамбыз. Көпконфессиялығымызбен қатар исламға дейінгі тәңір дінінен енген көптеген әдет-ғұрпымызды, сана-сезімімізді, рухани түсінігімізді сақтап қалған халықпыз. Тіптен, бізде жаратушыны «аллах», «тәңір», «құдай» ұғымдарының симбиозі ретіндегі түсінік қалыптасқан. Сондықтанда, көптеген фундаменталистік түсініктегі «аллахтың кұлдарының» ішінде қазақты бір діндегі жамағатымыздың мүшелері  деп мойындамайтатындар да аз кездеспейді. Дегенмен, одан біздің жоғалтқан ештеңеміз жоқ. Керісінше, дініміздің гуманистік мазмұнына жақынбыз. Оның реакциялық, фундаменталистік, соқыр сенімділік, регрессивтік мазмұнынан аулақпыз. Терісағымдылық, келеңсіздік, содырлықтың жеке фактылары, элементтері шыққанның өзінде оның арам пиғылмен шеттен ұйымдастырылғаны баршаға аян. Елімізде, бақытымызға орай, адаммен адамның арақатынасы діни рухқа қарай емес, азаматтық рухқа, азаматтық моральға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл біздің сакральды менталитетіміз. Кезінде өз еркімен исламды қабылдаған ата-бабаларымыз бұл дінді дала рухы мен ерекшелігіне бейімделген, тәңір мен әруақ түсінігін жоққа шығармайтын, реакциялық қараңғы есіріктіктен және рухани зұлматтан аулақ күйінде Иассауи интерпретациясында қабылдаған болатын. Бұл да біздің баға жетпес рухани мұратымыз бен құндылығымыз.

Сириядағы және кейбір Таяу Шығыс елдеріндегі өте келеңсіз уақиғалардың бірінші себебі кезіндегі біртұтас діннің 73-ке бөлініп кетуі, екінші себебі АҚШ-тың, оның сыбайластарының, масондардың қасақана әрекеті деген пікірді діндарлардан да, зайырлылардан да жиі естіп жүрміз. Аталмыш пікірді ешкім де жоққа шығара алмайды. Бірақ, орыстарда «А» дедің бе, соңынан «Б» деп те айту керек деген нақыл бар. Исламға иудейден кейінгі негізгі оппонент саналатын христиандар 97-ге бөлініп кеткен. Сонда да олар неге бірін бірі қырмайды? Неге жұмыр жердің аяғы жеткен жерінде террорлық әрекеттер ұйымдастырмайды? Қарсы аргумент ретінде Солтүстік Ирландияны, Каталонияны, Басконияны келтіріп әуре болмаңыз. Олардың ондаған жылдардағы келтірген зиянкестігі Таяу Шығыстан бастауын алатын террордың кішігірім бір ғана фактісі келтірген зияннан да төмен.

Ал, АҚШ пен сыбайластарына, масондарға келетін болсақ,  рас, олар өздерінің саяси мүддесі үшін топалаң ұйымдастырудың шебері. Егер өзіңнің сорлылығыңмен ондай мүмкіндік берсең. Мұнай және тағы басқа  табиғи байлығы өз алдына, одан да құнды мүдде есебінде әскери-теңіз күшін Каспий теңізіне шығарып, Ресейдің алқымынан алуды стратегиялық мақсат тұтқан АҚШ 1979 жылдан бергі мезгілде Иранға тікелей агрессиядан басқа істемегені жоқ. Соның өзінде парсылардан, әзірбайжандардан, армяндардан, пуштундардан басқа ондаған этностар тұратын елде «қызғалтақтар революциясының» ішкі отын тұтата алмады. Ауқымды эмбарголар ұйымдастырса да соңғы кездегі ішкі жалпы өндірісі адам басына шаққанда жылына 18 мың американ долларынан айналды(көрші Орта Азия елдерінде 5-6 мыңнан аспайды). Осыдан көне Шығыс мәдениетінің негізгі мұрагері екені көрініп-ақ тұр. 

Қолынан келсе әлем әміршілері Қытайда да, Ресейде де, тағы басқа  өзіне ұнамайтын елдерде де «демократия жолында ымырасыз күрес»  ұйымдастырып жіберуге бар. Бірақ олар басқа мәдениеттің, басқа сананың иегерлері. Таяу Шығыстағыдай нөмір өтпейді!

Ішкі және біршама сыртқы да қанды қырқыстан шыға алмай отырған елдерде болашақта бейбітшілікпен, әлемдік тәжірибемен, өркениеттікке бағытталған,мәдениетті өмір-тіршілік орнатуға болады. Десек те, бұл жақын арада және оңайлықпен жүзеге аса қоятын проблема емес. Ол үшін алдымен қоғамдық өмірде іс жүзінде орын алатын зайырлы конституциялық тәртіп орнауы керек. Бұл іс оңай шаруа ма екен?! Мысалы, конституциясы бар, онда өзін зайырлы қоғамбыз деп атайтын Сауд Арабиясында жақында  өзін атеистпін деп жариялаған адамның басы ресми шешіммен көпшіліктің алдында шабылды. Зайырлы Ата заңың қайда? Азаматтық құқығың қайда?! Осы жабайылықтан соң зайырлылық турасында тіпті сөз болуы мүмкін бе? 

Капитализм алғашқы болып дамыған Англияда монархтың билігін шектеу 12-ғасырда-ақ парламенттің пайда болуымен басталды. 18-ғасырдың екінші жартысынан-ақ пуритандық өмір салты орнықты(дінге сену -- оның салттарын міндетті түрде,тұрақты орындауға байланысты емес). Оған дейінгі және кейінгі ғасырларда алдығы қатарлы өнеркәсіпті елдерде секуляризация, одан кейін вестернизация үдерістері орын алды. Біріншісі, діни ұйымдарды меншіктен, экономикалық қатынастан, мемлекеттік басқаруға қатыстырудан, құқықтық анықтаулардан шеттету де, екіншісі, мәдени үрдістерді діни дәстүрлерден тәуелсіздендіру. Өткен ғасырда да аталмыш үрдіс әлемдік даму көшінің алдына ұмтылып шыққан үлкенді-кішілі елдерде зкономикалық дамудың заңды талабы ретінде өз орнын алды.

Бұл рухани өзгеріс  Батыс елдерінде ұзаққа созылған эволюциялық жолмен өтсе, ал Евразия аумағында көбінше революциялық жолмен, күшпен қоғамдық өмірге енді. Мысалы, қазба байлығынан гөрі тас пен тауы, суы көп қазіргі Түркияда(әлемдегі 20-сыншы экономика) 1924 жылы Ататүрік және оны қолдаушылар асқан жанқиярлықпен халифаттық тәртіпті, шариат және вакуф(діни құрылымдардың жерлері мен меншігі) істері жөніндегі министрлікті жойып, дінді мемлекеттен бөлді. Кемаль паша түптеп келгенде исламға қарсы емес болатын. Бірақ ол жаңа туған заманның талабына сәйкес діннің саясатқа, зкономикаға араласпауын қамтамасыз етуі керек еді. Сондықтан діни мекемелер жөнінде департамент құрып, мешіттер мен монастырлардың жұмысын, діни лауазым иелерін тағайындау мәселесін қатаң қадағалады. Ал, аталмыш ғасырдың соңғы онжылдықтарында еңсесін көтеріп, алға ұмтылған, халқының төрттен үші бізбен діндес, аз уақытта даму көрсеткіші жөнінен әлемдегі 25 озық елдің сапына енген Малайзияда реформалық кезеңдегі лидері Махатхир Мохамедтің жігерлі ықпалымен исламды заман мен ізгі мақсатқа сәйкестендіру ісі үшін қайсарлы күрес жүргізілді. Діннің либералды, толерантты, прогрессивті, ғылым-білімді қолдау тенденциялары қолдау тауып, оны Батыстан келетін теріс ықпалды, зиянды, аморальды ағынның фильтрі ретінде пайдаланды. Көпшілік зиянды деп мойындаған ағымдар мен дәстүрлерге тыйым салынды.

Секурялизация, вестернизация үрдістері мен үдерістері біздің тарихымызда қалай өтіп еді деген сұрақ заңды туындайды. Жауап қысқа: аталмыш үрдіс-үдерістерді асығыс екінші дүниежүзілік соғысты күтіп отырған жағдайда сауатсыз, надан, қараңғы халқы бар елде эволюциялық жолмен жүзеге асыруға большевиктердің уақыты да, құлқы да жоқ еді. Сондықтан, молдаларды біртүндік арқылы, поптарды қапқа салып, аузын байлап, өзенге лақтыру арқылы, бұның дұрыс емес дегендерді ату, немесе, лагерьге айдау арқылы бұл мәселе біржолата шешілді.

Әлем билеушілеріне сабыр берсін. Мұсылман жұртына тыныш, тоқшылық өмір берсін. Адамзат әрқашанда аман болсын. Міне, осы тілек барша ақ ниетті азаматтың жадында деп ойлаймын. Бірақ, бұл жағдайға толық қол жеткізу әзірге оңай проблема болып тұрған жоқ. Араб, ауған, тағы басқа қазіргі менталитеті әлімсақтан бері қалыптасқан елдердің клерикалдық потенциалы ондай өзгеру үрдісіне көне қояр ма екен?!!

Сапарбек Сахов,

Тарих ғылымдарының кандидаты

Бадминтон қандай ойын?
53 сырғасы бар еркек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу