Мұхамеджан Тазабек: Аруаққа сыйынуға бола ма?

Oinet.kz 19-07-2020 3970

Жәнібек: Ассалаумағалейкум, Мұхамеджан аға! Сізге сұрағым мынадай еді: Осы үйімнің жанындағы мешіттің имамынан «бір Аллаға сиыну керек, аруаққа сиынуға болмайды» дегенді жиі естиміз. Ал кейбір аталарымыздан «аруаққа сиыну керек» деп естіп қалып жатамыз. Өзім имамдардікі дұрыс деп ойлайтынмын, бірақ аталар бабаларымызға жақынырақ қой деген тағы бір ой келеді. Сіз қалай ойлайсыз?

image.png

Жауап: Уағалейкүмассалам, Жәнібек бауырым. Имам оқығанын, атамыз естігенін айтып жатыр. Оқығанын дейтінім, Аллаға шүкір, қазір имамның бәрі сауатты, қолында қияметке дейін өзгермейтін Құран тұр, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін күнделікті оқиды. Және сол Құран мен Сүннетті басшылыққа алған әулие-ғұламалардың қағида-пікірлерін өміріне тұтынып отыр. Ал осы айтылған алтын бұлақтардың ешқайсысында аруаққа сыйыну, рухтарынан жәрдем сұрау жайлы ештеңе айтылмаған. Керісінше, қандай қажетің болса, тіпті аяқ киіміңнің үзілген бауына дейін, күретамырыңнан да жақын болған, Естуші, Көруші, Білуші, дұғаларды Қабыл етуші, Аса мейірімді Аллаһтан сұра, – дейді. Ал, асыл дініміз, аруақтың құрметін өз орынына қойып, дүниеден өткен адамның рухына Аллаһтан жәрдем сұрап, дұға қылуға, атынан садақа беріп, қажылық атқаруға, қарызын өтеп, аруағына Құран сауабын бағыштауды насихаттайды. Сондықтан, “аруаққа сыйынуға болмайды” деген сөз, өткенге топырақ шашу емес, “өмірден өткен ата-бабамыздың мазасын алмай әділеттілікпен қадіріне жету” деген сөз. Тікелей сыйынуға жалғыз Аллаһ жеткіліксіз болса, топырақтан жаралып, дүниеге ата-бабасыз келген Адам атамыз(ғ.с) кімге сыйынар еді.

Ал атамыз естігенін айтады дегенім, ұзақ жылдар діни тамырымыз кеуіп, мешіт-медреселер жабылып, ғалым-ұстаздарымыз ғасырлар қойнауында қалып кетті ғой. Бұл – соның салқыны. Құлшылық үшін жаралған пенде жүрегі бос тұрмайтыны белгілі. Адам баласы Аллаһты іліммен танып, іші-сырты қанағат таппағасын, сыйынатын, сүйеу болатын басқа тұғыр іздей бастайды. Әсіресе, соңғы жиырма жылдықта осы бос кеңістікті бақсы-балгер, көріпкел-тәуіптер жақсы пайдаланып кетті. Жұрттың жүрегі арқылы қалтасына жол табу үшін аталарыңның аруағымен байланыстырамын, – деп, талай адамның басын қатырып, тау-тасты аралатып, танымын бұрмалады. Солардың кесірінен, әлгіндей, қаншалаған қарапайым қарияларымыз “аруаққа сыйынсам болды екен ғой” деп, намаз бен оразаға мән бермей “келместің кемесіне” мініп кетіп жатыр. Бірақ, біз бір нәрсені қатты ескеруіміз қажет, “аруаққа сыйыну” секілді үлкен күнаға ұрынып, күпірлік жасаса да, қателескен адамды “діннен шықты” – деп, жеке адамға дүмшелікпен үкім шығаруға хақымыз жоқ. Білместікпен Аллаһтың қадіріне жетпей, серік қосқан адамның өзін Аллаһтың мейіріміне, сосын ғұламалардың таразысына қалдыру өзіміз үшін де, өзге үшін де жақсырақ.

Дерек көзі мына жерде

Арман Қуанышбаев: «Біздің әйелдер көп әйел алуды қабылдай алмай жатыр»
Сәжденің пневмонияға пайдасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу