Қажылық әдебі

Oinet.kz 10-08-2020 806

Алла тағаланың бұйрығын орындап, ынта-жігермен құлшылық ету үлкен бақыт. Исламдағы бесінші парыз – қажылықты өтеу үлкен жетістік. Оған әркімнің шамасы жете бермейтіні рас. Алла нәсіп етіп, қажылық сапары бұйырған мұсылмандар барша күнәсінен айырылып, сөзбен жеткізгісіз қуанышқа бөленеді. Осы ретте хадисте жеткендей анасынан жаңа туғандай пәк болып келуі үшін адамзатқа белгілі бір шарттарды орындағаны абзал. Қажылықтың әдептерін біле жүру әрбір мұсылман үшін де қажетті ілім болып қалмақ.

Многоликий ислам

Қажылықтың әдептері:

  • Қажылық сапарына жұмсалатын қаражаттың адал болуы. Жүрекпен ниет етіп, шынайы адалдықпен ғибадат ету үшін жол қаражатын өтейтін қаражаттың да адал болғаны абзал;

  • Дүниелік қарыздардан ада болуы, яғни біреуге қарыз болса сол қарызды өтеуі тиіс. Ол жүректі жұбатады, көңілді орнықтырады;

  • Өткен күнәлары үшін жүрекпен тәубе етіп, Алладан кешірім сұрау;

  • Дер кезінде өтей алмай, қаза еткен құлшылықтардың орнын толтыруға тырысу;

  • Қажылық сапары туралы білетін, осы іске жауапты мамандардан кеңес алу;

  • Жолға шығардан бұрын отбасымен, ағайын-туыстары және жолдастарымен қоштасу;

  • Рияға жол бермеу. Мақтаншақтық пен тәкаппарлық сезімдерінен бойды сақтап, кішіпейіл, мейірбан болу;

  • Сапар барысында мүмин мұсылмандармен жолдас болу;

  • Жолға шығарда және үйге қайтар кезде екі рәкат намаз оқу;

  • Пайдасыз істермен көңіл көтермей, уақытты зікір, салауат немесе Құран оқумен өткізу.

 Ал, әйелдерге қатысты қажылықтың өз шарттары бар. Қажылыққа баратын әйелдің жанында күйеуі немесе некелесе алмайтын туысы (махрам) болуы шарт. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Әйел адам өзімен бірге махрам туысқаны жүрмесе, үш күн ұзақтығындай жолға шыға алмайды», - деген. Сондай-ақ, қажылыққа шығатын әйелдің етеккірі болмауы шарт. Бұған қоса күйеуі талақ қылған (ажырасқан) немесе күйеуі қайтыс болған әйелдің етеккірді күткен уақыты болмауы керек. Алла тағала: «(Талақ қылған әйелдеріңді) үйден шығармаңдар», - деген («Талақ» сүресі, 1-аят). Сол себепті, қажылық өтеуге ниеттенген әйел жан тазалығымен қоса тән тазалығына да мән беруі тиіс.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім әйелімен жақындаспай (жақындасуға себеп болатын барлық нәрседен аулақ болып) және күнә істемей қажылық жасайтын болса, анасынан жаңа туғандай күнәларынан арылып қайтады», - деген.

Қажылыққа аттанбақ болған барша мұсылмандарға Алла жар болсын!

Әбу Жәһилдің келіні
Иман күшейтудің 8 тәсілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу