Ене мен келін арасын көркемдейтін кеңестер

Oinet.kz 11-08-2020 771

«Келін ененің топырағынан», «жақсы үйге түскен келін келін, жаман үйге түскен келін келсап», «келелі сөзді келін де айтады» деп нақылдаған дана қазақ келін мен ененің өз орнын әлдеқашан айғақтап берген.

unnamed (1).jpg

Дегенмен, лағынеті шайтанның басты мақсаттарының бірі – ерлі-зайыптыларды ажырастыру екені тағы бар. «Ібіліс (шайтандардың атасы) өз тағын суға орнатады. Содан кейін әскерлерін аттандырады. Ең үлкен бүлік жасаушы – оған ең жақын орналасады. Олардың бірі келіп «мынаны істедім, мынаны істедім» дейді. Ол: «түк бітірмеген екенсің» деді. Кейін басқа біреу келіп: «Мен онымен әйелін ажырастырдым» деген кезде Ібіліс оны өзіне жақын отырғызады. Және: «Өте жақсы амал жасадың!» - деп мақтайды» делінген хадисте (Муслим).

Ал отбасындағы ең әлсіз әрі нәзік тұс – ене мен келін қарым-қатынасы.  Адам баласын күндіз-түні аңдитын шайтан көп жағдайда осы есікті пайдаланып кетіп жатады. Екеуі де маңызды әрі қымбат тұлға: ене – отағасын дүниеге әкеліп, жеткізген жан, келін – еркектің аманаты, балалардың анасы. Үш тарап үшін де ең көркем амал – отбасындағы татулық пен мамыражайлықты ұстап тұру. Алайда, бұл мүмкін бола бермейтін жағдайға айналып бара жатқаны ащы шындық.

Жаратылысының бақытты өмір сүруінің  кілтін білетін Жаратушының діні мен қайнар көзін осы асыл дінімізден алатын ата дәстүрімізде барлық қиындықтардың шешу жолы көрсетілген. Негізінде, қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болған емес. Халқымызда  жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы дегендер болды, алайда, ене мен келін дауы дегенді естімедік. Ене мен келінге Төле би төрелік айтып, Қазыбек би қиындықты шешіпті деген дерек жоқ. Екі арадағы келіспеушіліктер туралы ешбір шешендік сөз, мақал-мәтел кездеспейді. Ене мен келін институты ықылым замандардан ұрпақ сабақтастығы арқылы жетіп отырған. Мұның қаймағын бұзған – тағы да сол кешегі кеңестік кезеңнің кертартпа саясаты. Хош, біздің мақсат – кінәліні іздеп, қолмен шұқу емес, шама жарқымызша, жан-жақты зерттеу жүргізіп, мәселенің шешімін табу, екі тараптың бір-біріне дұрыс әрі көркем мәміледе болуларына жәрдем беру, қажетті әдістерді нұсқау.

Қоғамның тарапынанан атқарылу керек шаралар:

Қазіргі қоғамда енемен қарым-қатынасты мысқылдайтын, енені құбыжық образ ретінде көрсететін түрлі анекдоттар көбейді. Енені сыйламау идеясы – орыстың салтынан еніп жатыр.  «Бір әйел тоғызыншы қабаттың балконынан құлап кетуге шақ қалып, қолымен әзер ұстап тұр екен. Бейтаныс еркек оны қолынан ұрып жатыр дейді. Төменгі жақтан милиция қызметкері: «Азамат! Әйелді ұруды дереу тоқтатыңыз!» - деп айқайласа, әлгі еркек: «Бұл әйел емес! Бұл менің – енем» деп жауап қатқан екен. Сонда милиция: «Оһ, бұл да жабысып алыпты ғой» депті». Осы сынды анекдоттарды құлағыңыз шалған  шығар. Бұл – орыстың озбыр, безбүйрек, ұятсыз психологиясы. Күйеуін тауып берген немесе балаларының анасын дүниеге әкелген адамға күлу, жек көру – біздің менталитет немесе болмыс емес. Қазақтың дәстүрінде әйелдің шешесі –күйеудің шешесі, күйеудің шешесі – әйелдің шешесі. Жоғарыда айтылған «кірме» түсініктің ізімен келіннің санасында: «Ол ене ғой, олардың ойы арамза болады», «ешқандай келін енені мақтамайды», ененің санасында: «Бұл деген келін ғой, ол мен туралы сұм ойлайды» деген күдік пен күмән пайда болады. Сәйкесінше, тәжірибесі жоқ жас келін мен ененің арасында құлып салынған алып қақпа орнайды. Бұл ой – шайтанның қаруына айналып, түрлі бүліктің себебіне айналғанына куә болып жүрміз.

Сол себепті, біз, қоғам мүшелері мұндай орынсыз әңгіме мен қауіпті қалжыңдарды қолданыстан шығару арқылы отбасыларға көмектесуіміз керек.

Ененің тарапынан атқарылуы қажет шаралар:

1.  Халқымызда өте әдемі дәстүрге арқау болған «Қызым, саған айтам, келінім сен тыңда» деген тамаша сөз бар. Ененің өз қызына айтқан қалыпты, әдеттегі сөзі келіннің көңіліне тиеді. Бұл сөзді өз анасы айтса, еш қиындықсыз, өкпе ренішсіз қабылдай алуы мүмкін, бірақ, ененің тарапынан болған ескертпе сөздерді келін көтере алмайды. Сондықтан, біз, енелер келінге айтқымыз, көрсеткіміз келген тәрбиені өз қызымызға үйрету арқылы іске асыра алады екенбіз.

«Хадистердің анасы»  атанған хадисте сахабалармен бірге отырған Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алдына аппақ киімді, қою қара шашты, алыс жолдан келгендігі байқалмайтын бір кісі келіп «ислам, иман, ихсан, Қиямет туралы 5 сұрақ қояды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол кісі кеткеннен кейін «Шындығында, бұл – Жәбірейіл, сендерге діндеріңді үйрету үшін келді» деп айтқан екен. (Бұхари, Муслим).

Бұл хадистен алатын ең үлкен ғибратымыздың бірі – үшінші тарапты тәрбиелеу үшін екі тарап бір-бірімен жұмыс жасау қажет. Бұл қоғамды тәрбиелегісі келген кез келген дана кісінің жүгінетін әдісі. Періштелердің абзалы болған Жебірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) де, адамдардың ең абзалы болған Мұхаммед Пайғамбар да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі қойған сауалдардың жауабын өте жақсы білетін. Алайда өзгелер сабақ алуы үшін осындай әдісті пайдаланған. Сұрақ-жауап әдісі – ежелден-ақ пайдалы, тәрбиелік мәні зор тәсілдерге жатады. Бұл мәселе тыңдаушылар назарын аударып, сана-сезімін дайындауда олардың дұрыс жауап қабылдауына септігін тигізетіндіктен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына тәлім берудегі көптеген хадистер кездеседі.

2.  Келін – жұмсайтын объект. «Мен айтамын, ол істеу керек». «Келіннің ендігі міндеті осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығу». «Келген жеріңе тастай батып, судай сің». Мінеки, осындай сөздер арқылы келінді көзсіз жұмсауды өзімізге ақтап алдық. Жо-жоқ, қазақтың талай жылғы тәжірибесі негізінде туындаған бұл сөздерді ешкім жоққа шығармайды. Алайда, бірнеше ғасыр бұрын келін жұмсаған енелер ескерген бір қағиданы ұмытып, сүрініп қалдық. Ол не? Келін – қандай жағдайда да өзге отбасының тәрбиесімен бой жетіп, жаңа ортаға аяқ басқан бөтен адам. Сондықтан, енелеріміз бөтен бір адамды жұмсағанда, жат кісіге сөзін өткізу керек болғанда қандай тәсілді қолданса, келінге қатысты өтініште де сол әдісті пайдаланғаны абзал екен. Мәселен, даналықты басшылыққа алып, тәрбиелеудің ұтымды сәтін күтіп, кінәлайтын емес, үйрететін стильді пайдалану. Бұл сыйлық бергеннен кейін немесе шай үстінде көңіл жайланған соң болуы мүмкін.

3.   Енелеріміз келіннің жақсы қасиеттерін көріп, өз дәрежесінде баға беріп, мақтап, елеп-ескеріп отырса көп тұстан ұтады. Ағайын-туыстың көзінше ілтипатты сөздер айтып қойсаңыз қандай жақсы! Оның бұл әдісі келінге мотивация болып, онан сайын жақсы қызмет етуге деген құлшынысын оятады.

4. Өз қызымыздан көретін құрметті, өз қызымыздан күтетін сыйды келінімізден қаласақ, қызымызға сыйлық алғанда келінді де бөле-жармауды әдетке айналдырайық. Сонда келін де енесін өз анасынан бөлмеу керектігін ұғынады.

5. Сыйлық – адамның нәпсісіне жағатын нәрсе. Сондай-ақ, сыйлық беру– сүннетте де аса жоғары құпталатын рәсім, құлшылық. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңмен (шынайы) қол алысыңдар, іштеріңдегі кекшілдік жойылсын. Бір-бірлеріңе сый-сияпат жасаңдар – сүйіспеншілік артсын және араларыңдағы көре алмаушылық жойылсын» деген (Муатта).

Сыйлықтың төмендегідей пайдалары бар:

1. Сүйіспеншілікті оятады;

2. Көре алмаушылықты жояды;

3. Махаббатты арттырады;

4. Құрмет қалыптастырады;

5. Жақындық орнатады.

Мұны түсінген ақылды енелер келінге кезең-кезеңмен сыйлық жасап тұруды қолған алар. Сыйлықтың тым қымбат болуы шарт та емес. Мәселен, жаңа түскен кезде ас үйге қажетті алжапқыш, қолғап немесе қолға жағатын крем. Жүктілік кезде дәрумендер, орамал т.б. Балалы болғанда жеке гигиеналық заттар т.б. алуға болады.

6. «Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі» демекші, жалпы ерлі-зайыптылардың арасындағы келіспеушіліктерге үнемі араласа беруіміз дұрыс емес-ау. Дегенмен, отбасында кикілжің туып жатса, ұлымызды емес, келінді қорғаштауға тырысайық. Іштен шыққандықтан, ана мен баланың арасы көп ұзамай жарасады, екеуінің бір-біріне деген мейірімдері оңайлықпен сөне қоймайды. Алайда, ене мен келіннің, келін мен баланың арасындағы суықтықты жылыту, алшақтықтың орнын толтыру оңай шаруа емес. Керісінше, келіннің көзінше баласына: «Өзіңнен де бәле бар! Нең бар еді соны айтып?!» деген сияқты жеку сөздер айтып қойсақ жақсы. Ененің баласы мен келіннің арасындағы жарастырушы «алтын көпір» екенін ұмытпағаны абзал.

7. Келін тарапынан болған қателіктерді, келеңсіздіктерді, кемшіліктерді баламыздан жасырып қалуға ұмтылайық. Бір-бірінің «жамандығын жасырып, жақсылығын асырып» жүрген ене мен келіннің қатынасы қандай көркем?! Мұндайда ешбір адамның мінсіз болмайтындығын еске алуға болады. Тіпті, екі адамды татуластыру үшін өтірік айтсақ ағаттық емес екен. Хадисте, адамдардың арасын жаратыстыру үшін сөйлеген адам өтірікші емес делінген. Және ене өзі өсек пен ғайбаттан, басқа да жамандықтардан тыйыла отырып, келінді тәрбиелейді.

8. Екінші жағынан, енелер: «пәленшенің келіні былай жасайды екен, түгеншенің келіні бір керемет қой», ал келіндер: «құрбымның енесі мынадай, әпкемнің енесі ғажап»  деп өзгелерді бір-бірінің көзінше мақтап, мысын басып, титығына тиюі дұрыс емес шығар. Біз идеал санаған келіннің немесе ененің  өз шаңырағына ғана белгілі кемшіліктері бар. Одан да мүмкіндігімізді пайдаланып, өзгелер сүйсінетін, өзгелерге үлгі болатын ене мен келінге айналуға әбден болады. Ол үшін өзгенің міндетін талап етпес бұрын, өз міндеттерімізді атқаруды қолға алу керек-ақ.

9. Бірнеше жылдар бойы ешкімді араластырмай өзі ғана иелік етіп жүрген енеге асханасына өзге адамның кіруі, онымен қоса ол адамның көңіліндегідей етіп орындай алмауы –реніш тудырып жатады. Осындайда жас келіннің әлі бұл үйдің заңдарын білмей, асханасын жатырқап жүргенін түсініп, өзге үйге келін болып түскен өз қызымызды елестетіп «айналайын» деп, басыңнан сипап, ақылын айтар енелердің қатарынан бола алсақ нұр үстіне нұр. Келін жас, оған барлығы оңай көрінетіндіктен көп нәрсені терең ойламай қателеседі. Білмегенін үйрету, қызына берген мейірімділігін келініне көрсету, жақсы қатынаста болуы өз қызының басқа әулеттің құрметті келіні болуына септігін тигізеді.

10. Тағы да бір қаймағы бұзылған дәстүріміздің бірі – ұлға келінді ананың таңдап беруі. Өйткені, баланы анасынан артық білетін ешкім жоқ. Аналар: «мына Айгүл Ерланыма сай келеді, Қуанышыма қысық көзді, арық қыздар ұнаушы еді, Мақсатымның мінезі ашуланшақтау еді Айжан көнгіштеу қыз екен, екеуі жарасып кетер» деп келін таңдауға кірісетін. Ұлдың шешесі келінді өз қолымен алып берсе, өздігінен келінмен тату болып, тіл табысуға тырысады. Ене мен келін татулығы –  отбасылық, әулеттік эстафетаны бір-біріне жақсы ұсыну. Эстафета дұрыс ұсынылмағандықтан, түрлі қателіктерге ұрынып жатырмыз.

Келіннің тарапынан атқарылуы тиіс амалдар:

1. Күйеуінің жүрегін жаулағысы келген келін енесінің жүрегіне жол табуы тиіс. Айтыскер Балғынбек Имаш: «Жар алдында беделді еркек – ана алдында бас иіп тұрады, ері алдында төмендеген әйел – ар алдында биік тұрады» демекші, парасатты еркек анасына ең үлкен құрметтің көрсетілгенін қалайды. Жалпы, үйге келгенде ызыңдамайтын, жағдайын жасап, қабағына қарайтын, анасымен тату тұратын әйелге ер адам күн сайын ғашық болады. Сондықтан, аяулы келін, ең алдымен енемен жақсы қарым-қатынаста болудың маңыздылығын жіті түсініп, ниетіңді түзеуден баста.

2. Бүгінгі келін ұмыт қалдыратын тағы бір әдіс – енені зерттеу. Енемен қатынас отбасында ең нәзік тұс болғандықтан, зерттеуге де аса ұқыптылық таныту қажет. Тамақ, иіс, киімге қатысты талғамы қандай, қандай мінезді ұнатпайды, нені жақсы көреді, қандай дәрі ішеді, қаншада ұйықтайды, кімдермен қарым-қатынас жасағысы келеді? Осының бәрін жақсы білген келін енеге ұнамайтын әрекеттерді жасаудан тыйылады. Адамның әйтеуір бір әлсіз  тұсы, нәпсісіне жағатын дүниелері болады. Зерттеу нәтижелерін қарым-қатынасты түзеудің басты «құралына» айналдырыңыз.

3. «Береке үлкендермен болады» делінген хадисте. Енесі бар келін мен ене көрмеген келіннің айырмашылығы өте көп. Тіпті, апаларымыз ене көрмеген өзі ене болып жарытпайды деп жатады емес пе? Ене – келін үшін тәрбие институты. Әдетте сапалы білім алу жақсы ұстазға байланысты болса, ене институтын үздік бітіру келінге байланысты.

4. «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық арадағы махаббатты арттырады» делінген хадисте (Бәйһақи). Енесін зерттеген келін оған қандай сыйлық ұнайтынын, қандай бұйым қажет екенін оңай тауып, амал жасайды. Жоғарыдағы сыйлықтың 5 пайдасын тағы да бір көңіліңізге тоқып аларсыз.

5. Келін үшін енеден артық ақылшы жоқ. Ол өз баласын бәрінен жақсы таниды, әулет адамдарының хал-ахуалынан хабардар. Бала күтімі мәселесінде де ене – ең жақсы ұстаз. Балаңызға таптырмайтын «бақташы» болады. Онымен барлық істе ақылдасып отыруды әдетке айналдырыңыз. Тіпті, тамақ дайындау, киім, сыйлық сатып алу секілді ұсақ істер кезінде де пікірін сұрап тұрайық. Халқымыз бұл туралы «көп білгеннен емес, көп көргеннен сұра»  дейді. Олардың тәжірибесі мол әрі баласының отбасы үшін бәрінен де артық жақсылықты қалайтын жандар болғандықтан ақылына құлақ сал. Хадисте ақылдасуда береке бар екендігі айтылған. Өзің біліп тұрсаң да олардан ақыл сұрап, істеріңе араластыруың олардың көңілдеріне қуаныш сыйлайды, мерейін тасытады. Бұл - Алла сүйетін ізгі ұрпақ болудың белгісі. Өмірге береке кіргізіп, амалдың алға басуын тездететін игі іс.

6. Иә, ене «періште» емес.  «Аяғы жерге, басы елге сыймайтын», жақсылығыңды қайтармайтын, мінезді пенделер де болады. Амалың бар ма? Сен басыңды жастыққа бірге қойған, сен жақсы көрген жігітті өмірге әкелген жан.  Адам – адамға сынақ. Оның теріс қылығына сабыр сақтау – тұлғалық сипатыңды өсіреді әрі ұзақ және бай-бақуатты өмір сүруіңнің кілті бұл. «Кімді ризығының кеңейтілуі немесе өмірінің ұзартылуы қуантса, ол туыстарымен қатыссын» делінген хадисте. Негізінде, тырысқан адам түбінде бір жеңіске жетеді. Мына бір тамаша ғибратты оқиғаға назар салшы: «Баяғыда ит пен мысықтай арбасқан ене мен келін бір үйде тұрады екен. Бір-бірін көргенде кірпідей жиырылып, түрпідей тиіседі екен. Келіннің берген асы мен сөйлеген сөзін былай қойғанда отырып-тұрғаны да кемпірдің жүйкесіне әбден тиіп болыпты. Отырса – опақ, тұрса – сопақ. Қысқасы, кең дүние тарының қауызындай тарылып, қажаса-қажаса екеуі де титықтап, тығырыққа тіреліпті. Күндердің күнінде құлағының құртын терген енесінен жауыр аттай қажыған келіннің ойына жамандық түсіпті. Күншілік жердегі елге танымал бір емшіге барып, кемпірден көрген қорлығын көз жасын сарқып отырып айтып, кемпірді өлтіретін дәрі жасап беруін өтініпті.

Көпті көрген қарт емші келіншекке бір құты дәрі жасап беріпті де, мынадай кеңес айтыпты: «Бірден өліп қалса бала-шағасы, туыс-туғандары сенен көрері анық. Сондықтан, бұл дәріні күнде аздап беріп отырасың. Үш ай өткенде кемпірдің шаруасы бітеді. Қатаң ескертер бір жайт – ол кісіге бұрынғыдай сөз қайтарма, не десе де «сіздікі жөн» дей бер. Дәрінің өнімі сонда жақсы болады, ашуланса дәрінің қуаты әлсірей береді. Енді онсыз да үш ай ғана ғұмыры қалды ғой» – дейді. Келіншек үйге келіп, емшінің айтқанын айнытпай істеуге кіріседі. Алғашында біраз қиналады. Кемпірдің ерні қыбырлай бастаса, келіннің де тілі жыбырлай бастайды. Көкірегінен лап етіп көтерілген қызыл жалын жұтқыншағына келгенде, емшінің айтқан сөзі есіне түсіп, қылғынып тұрып қалады. «Сөйлеп қал қақбас, үш ай ғана ғұмырың қалды ғой» деп іштен тынады. Солай да солай апта өтеді, ай өтеді. Кемпір болса аң-таң. Баяғыдай арсылдап тұрған келін жоқ, «әй, әкел ананы… тарт мынаны!» деп қолды бір сілтесе болғаны, келін байғұс жерге салмақ түсірмей желеді.Қимылы да, сөзі де мамықтай. «Міне, апа… тағы не керек?.. Айтқаныңыз болсын...» деп қиылып тұрғаны. Сөйтіп жүріп өзі де сөз қайтармағанға үйреніп, бұрынғыдай емес бойы кеңіп қалғандай күй кешеді. Енді кемпір отырып ап ал ойлансын. «Мына сорлыға неге ұрса берем? Сонша не жазып еді?..» деп, өзін кінәлай бастайды. Дауысы бәсеңдеп, сөзі де жұмсара бастайды. Бұрынғы әдетінше қатқыл бастап қалған кей сөздерінің аяғын міңгірлеп өзі бәсейтеді. 

Бір күні кемпір келінін еркелете шақырып алады да, аузында өмірбақи баданадай қара құлып тұратын сандығын ақтарып: «Мынау білезік, мынау жүзік..., бәрі сенікі, мен оны көрге алып кетеді ғой дейсің бе, тағып ал, көркейіп жүр қарғам…» деп, елжірейді.

Міне қызық, енесінің қылығына көңілі бордай босап қоя берген келіншек ауызғы бөлмеге атып шығып, қос білегін тізесіне қойып отыра кетеді. «Қайран енем-ай, өлеріңді білгенің бе, бұл не еткенің, қадіріңді ғұмырыңның соңында бірақ білдім-ау… бір-ақ ай қалғанда, бір-ақ ай…» деп бетін басып ағыл-тегіл жылайды. Содан кейін өкпесін қолына алып, өткендегі емшіге жүгіреді. Өзінің оңбай қателескенін айтып: «әлгі ішіртікіңіздің күшін қайтарып, енемді аман қалып қалатын дәрі жасап беріңізші…» деп, жылап-еңіреп, етегіне оралады.Тартысы мол өмірде талай көйлек тоздырған әлгі емші келіншікті шынтағынан сүйеп орындыққа отырғызып қойып, былай дейді: «Мен берген дәрі кәдімгі су болатын, адамға ешқандай зияны жоқ, менің мақсатым орындалды, енең Алланың берген жасын жасайды, әзір өлмейді, бара ғой…» депті. Есі шыға қуанған келіншек бал-бұл жанып үйіне қарай асығыпты».

7. Анаңның саған ренжіп, кейде ұрысатыны есіңде ме? Сол анаң саған еш себепсіз ұрысушы ма еді? Не болмаса саған жамандық ойлағаннан ескертуді көп жасайтын ба еді? Дәл, сол секілді енеңнің де ескертпелерін жылы қабылдап, түсіністік таныт. Ең бастысы, келіннің әрдайым кішірейіп жүру керегін ұмытпа. «Енем өз қызындай көреді» деп, қатты босаңсыма. Сен бәрібір келінсің! Еркелігің мен кез келген мінезіңді тек өз ата-анаң ғана көтере алатының байқаған да боларсың.

8. Енесінің кемшілігін көрген келін өзінің туыстарына, жат адамдарға айтудан алыс болғаны абзал.  Жалпы үйдегі әңгімені сыртқа айту ешкімге абырой әкелмеген.  Келін – екі елдің ортасындағы көпір. Оның сәл ағат кеткен әңгімесі құдалардың арасына кірбің салады.

9. Келін мен енені жарастыруда ер кісінің орны аса маңызды. Ол да екі адамды жарастыруда өтірік айтуға рұқсат берілгенін ескерсін. Әйелінің кемшілігін жасырып, анасының абыройын асқақтатып екі ортада көркем мәміле ұйымдастыру – дана адамның ісі. Әйел – өзіне берілген аманат екенін, ата-анасының разылығы Алланың разылығына жеткізетіндігін сезінген еркек екі тарапқа да қолынан келген көркем қатынасты жасай алады. Осы ретте, отағасы әйел енесіне сыйлық жасай алуы үшін арнайы қаражат бөліп, қам-қарекетте болуы тиіс.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, келіндердің енесіне жасаған әр әрекеті – өзінің енелік өмірінің кірпіші. Көркем келінге қол жеткізгісі келген әйел өз енесіне қолынан келген құрметті аямау керектігін түсіне алды деген сенімдеміз...

Сіз білуге тиіс исламның 7 сыры
Мұсылманша есімдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу