«Заманбек өзін-өзі қалай үш рет атса, ақсақ құлан да Жошыны солай теуіп өлтірді»

Oinet.kz 06-03-2019

Dalanews.kz порталында ақын Жүрсін Ерман мен Жарас Кемелжанның сұхбатынан үзінді жариялады. Сұхбатта Жүрсін Ерман қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың өлімі туралы өз ойын білдір кетті. Төменде сұхбаттан үзінді жариялап отырмыз: 

Screenshot_2.jpg

– Қазіргі айтыс ақындары шындықты қаншалықты орынды айтып жүр?

– Шындық деген не? Ол кімнің шындығы, қандай шындық? Осы жағын ойланып жауап беру керек. Менің өз ойым, шындықты көркемдік деңгейін түсірмей, есебін тауып, шешімін тауып айту керек.

Мысалы, Бекарыс Шойбековке Ұлытаудағы айтыста қарсыласы сұрақ қойды. «Жошы ханды ақсақ құлан теуіп өлтірді» дейді. Жошы – қолбасшы. Оны ақсақ құлан қалай теуіп өлтірді?» деп сауал қойды.

Сонда Бекарыс «Шындықты айту ол кезде де оңай болмаған. Кеше Заманбек өзін-өзі қалай үш рет атса, ақсақ құлан да Жошыны солай теуіп өлтірді» деп жауап қайтарды. Міне, шындықты айту деген осы.

Бейнелеп жеткізді. «Шындық осы екен» деп басы-көзге ұра беруге болмайды.

Айтыс көрермендерді тәрбиелеп келе жатыр. Көрермен айтыспен бірге өсуде. Шындықты әркім әртүрлі түсінеді. Жоғары билікке қатты сөз айтқан адам ғана шындықты айта білді деп ұғады. Шындықты айту олай болмайды. Айтыстың құралы – поэзия. Ал поэзияның шыңы – көркемдік. Сондықтан, менің жүрегімді кім көркем шындыққа толтырса, мен соған бас ием. Аттан, ұранды шындық деп түсіну – санасы төмен адамдардың пікірі.   

– Айтыс ақындарында цензура бар ма?

– Цензура бар. Мен тарапымнан шектеу жоқ. Бірақ айтысты халыққа көрсететін телеарналар тарапынан цензура күшіне мініп тұр. Сөзіме дәлел келтіре кетейін.

Былтыр қыркүйекте Алматының Алмалы ауданының 10 жылдығына байланысты айтыс өткіздік. Сол айтысты 14 айдан кейін үзіп-жұлып көрсетті. Кесіп-күзеп тастайтындай біреудің шамына тиетін сөз болса бір жөн. Шектен шыққан ешкім жоқ. Соның өзін кесіп-күзеп тастапты.

Мысалы, бір ақынның қарсыласына жасаған шабуылы жоқ, ананың жауабы бар дегендей. Көрген адам түсінбейді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасын кіргізіп, монтажына екі ақынымызды отырғызып қойғанбыз. Соның өзінде жұлым-жұлымын шығарды.

Қазан айында Астанада халықаралық айтыс өтті. Эфирге берілген жоқ. Сол жолғы айтыста жоғары биліктің шамына тиетін бір ауыз сөз болса ше? «Алтын домбыраның» айтысын кесіп-кесіп, клипке айналдырып тастапты. Ринаттың айтысының 5 минутын ғана беріпті.

Цензура сол жақта, телеарнаның ішінде, өз әріптестеріміздің арасында отыр. Министрлік тарапынан кесіңдер, пішіңдер деген пәрмен жоқ.

Көлеңкесінен қорқып отырған телеарнаның ішіндегі редакторлар. Кеңес одағы кезіндегідей ресми цензурадан қиын болып тұр бұлар.

Қонаевтың 100 жылдығына байланысты осыдан 5 жыл бұрын «Қонаевтай ер қайда?» деген айтыс өткіздік. Сол кезде 31 телеарнаның директоры Бағдат Қожахметов «Мен мойныма аламын. Түсіремін, эфирден көрсетемін» деген. Сол айтыс бүгінге дейін еш жерден көрсетілмей келеді. Бағдатқа «Уәдең қайда?»  дедім.

Ол «Мен жоғары жақтан қорқып отырмын. Бұл айтысты эфирге берсем, қызметіммен қоштасуыма тура келеді» деп шынын айтты. Шындықты халыққа жеткізгені үшін қызметтен кетсең, кетіп қал! Бүгінде табанының бүрі бар жігіт аз.   

Көпен Әмірбек: «Оспағың оспадарсыз болса ең әуелі күлкіге өзің ұшырайсың»
Неғұрлым көп адамды тірі алып қалу үшін осындай «жауыздыққа» баруға тура келеді

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×