Серікбол Хасан: «Балалар әдебиеті жылы» министрлік аясында ғана аталып жатыр

Oinet.kz 13-08-2021 3067

Бала тілі – бал. Естияр бала көрсек, тақпақ сұрау әдетке айналған. «Қалтасына қолын салған аюдан» өзге тақпақ білер бала кем. Сонда «балаларға арнап ешкім өлең жазбай ма?» деген ой келетін. Алайда өзіміз сол өлеңдерді іздемейтіндігімізді түсіндім.  «Балалар әдебиеті» жылында «Ойтолғақ» айдары арқылы тимбилдинг жасауға бел будық. Өткен санымызда жастардың үнін жеткізсек, бұл номерде орта буынды сөйлеткіміз келді. «Көбелек», «Кәусар» атты жеке жинақтарының авторы, балалар ақыны Серікбол Хасанмен диалог құрған едік. 

Screenshot_19.jpg

Серікбол Хасан, балалар ақыны

–«Карантин кезінде бас-аяғын түгендеп көрсем, бірнеше жинаққа жүк болар балаларға арнаған өлеңдерім жиналып қалған екен»,-депсіз. Журналистика – шығармашылық адамының қара жұмысы секілді. «Мұнара» басылымымен қатар шығармашылықпен шұғылданған қиын емес пе? Қай кезде жазасыз? 

– Кезінде Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза ағаларымыз жазушылығы мен журналистік қызметін бір-біріне араластырмай, қатар алып жүрген болатын. Шығармашылық өзіңнің жаныңның рахаты ғой. Соның ішінде балаларға жазу, балалардың сенің жазған өлеңіңді түсініп оқып, қиналмай жаттап алғанын көргенде, содан өзіне керекті бір дән тапқанын естіп-білгенде, балаша қуанамыз. Одан сайын жаза түскің келіп, шабыттанып, марқайып қаласың. Мұзағаңның (Мұзафар Әлімбаевтың) осыдан жарты ғасыр бұрын жазған өлеңдерін қазіргі балалардың да таңдайында жүр, тақылдап айтып береді. Демек балалар өлеңі өміршең келеді. 

Ал журналистика деген нөмір мен нөмір арасындғы қайнаған күнделікті өмір. Оның да берер өз ләззаты бар, бірақ әдебиеттің жөні мен жолы қашан да бөлек қой.

– Өтпелі кезеңдегі балалардың мінезі аумалы-төкпелі келеді. Бізде гармон бөлінісін, өзгерісін, стресс пен депрессия шекарасын тану кенжелеп қалған. Ата-аналар да, баллар да бұл тақырыпты «табу» көреді. Неліктен осы секілді проблемалар балалар әдебиетінде қозғалмайды. Біздің авторлар оқырандарын қаншалықты таниды, қаншалықты зерттейді? 

– Бүкіл автор үшін жауап бере алмаймын. Дегенмен тақырып таңдау әр буынның ерекшілігіне байланысты шығар деп ойлаймын. Табылды Досымовтың «Әулет диалогы» деген өлеңі бар: 

«Атам айтты: «Ұлым ел қорғаса», - деп, 

Әкем айтты: «Сұм соғыс болмаса» - деп. 

Мен айттым: «Коммунизм орнаса» - деп,

 Ұлым айтты: «Бәрі де далбаса» - деп». Айтайын дегенім, қазіргі ұрпақтың көпшілігі үшін бұрынғы жазылып келген шығармалардың «бәрі де далбаса». Солай түсінеді, солай бағалайды. Оған ренжуге болмайды. Себебі бүгінгі балалардың сұранысы, талғамы бөлек. Олар шығармалардан мүлде соны нәрсе іздейді. Құр уағыз, мораль емес, қызықтырып, баурап әкететін дүниені көргісі келеді. Сондықтан біз, авторлар, балалардың сол сұранысына сай жұмыс істеуіміз керек. Абайдың Әбішінен айырылғанда «мен ескінің арты едім, сен жаңаның басы едің» деп зар жылайтыны бар ғой. Қай заманда болмасын жаңа ескіні басып озып отырады. Ескі жаңаны мойындамай, қанша қарсыласқанмен, жаңаның аты жаңа, ол бәрібір қоғамнан өз орнын табады. Сол секілді біздің балалар әдебиеті де ескі қалыптан шығып, жаңа жолға түсуі керек. Ол үшін әрине авторлар жаңа заман оқырмандарының, қазіргі дәуір балаларының талғам-таразысына сай шығармаларды өмірге әкелуі қажет.

– Егер, қазақ балалар әдебиетіндегі бір кейіпкерге есерткіш қойып, астына жігер беретін фраза жазу мүмкіндігі туындаса, қай кейіпкерді ерекше атап өтер едіңіз? 

– Әрине, Қожаға. Себебі қазақ балалар әдебиетінде Соқпақпаевтай биікке шыққан қаламгер жоқ. Бердібек Соқпақпаевтың шығармалары өз заманының балаларын ғана емес, қаншама буынды, қаншама ұрпақты тәрбиелеп келеді. Қожаны бүгінгі балалар да жақсы көреді. Себебі Қожаның бойы тұнған қарсылық. Ол үнемі қарсыласады. Оның қарсылығы соңында оң нәтиже береді. Қазіргі балалар да тап сондай. Сондықтан екі қолын көтеріп алып, екі езуі екі құлағына жетіп, арманына асығып бара жатқан Қожаның ескерткішін тұрғызып, тұғырға «Асығатыным да, аңсайтыным да ертеңгі болашағым» деген Қожаның сөзін жазып қойса, қаншама балаға қанат бітірер еді. 

Меніңше, Қожаның ескерткіші ендігі жасалып жатқан болу керек. Себебі былтыр «Ана тілі» газетінде осы тақырыпты көтеріп, «Менің атым Қожа» шығармасының кейіпкеріне ескерткіш орнату туралы мәселені алға тартқан Жанболат Аупбаев ағамызға Президенттің баспасөз қызметі жауап хат жазып, осы мәселе бойынша Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев арқылы Үкіметке және салалық министрліктер мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне тапсырма бергенін жеткізген еді. Артынша Үкімет басшысының орынбасары биыл елордада Қожаға ескерткіш орнатылатынын айтқан болатын.

– Балалар әдебиеті дүниетанымдық тұрғыда өте маңызды сала. Мобильді балаларға арнап туынды дайындау жазушыдан қандай дағдыларды талап етеді? 

– Иә дұрыс айтасыз, балалар әдебиеті баланың дүниеге деген танымын қалыптастырады. Абай «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады» дей келіп, не көрсе соған талпынып, дауыс естісе де соған ұмтылып, сұрақ үстіне сұрақ қойып, білсем, көрсем, үйренсем деп тұратын жан құмары басым балалар жайлы айтады. Міне, осындай жан құмары қанбай, дүниені білуге талпынып, ұмтылып тұрған баланы болашағына жетелеп, жалғап жіберетін құдіретті күш – балалар әдебиеті. 

Бүгінгі бала – өте сыншыл, өте талапшыл. Олар ақиқат пен жалғанды тез айырады. Видеоны алғашқы минутына, мәтінді алғашқы сөйлеміне қарап бағалайды. Сондықтан бүгінгі балалар қаламгерлері шығармасын екі шұқып бір қарайтын, талапшыл, тәжірибелі, ізденімпаз, шебер болу керек. Сонда ғана баланың жүрегіне жол тауып, шығармасымен баурай алады.

– Қоғамда перфекционист балалар көптеп кездеседі. Оның бір ұшы патенциализммен тамырлас. Біз осы барлығын «жетістікпен» бағалап, жетістікке дұрыс емес анықтама беріп жүрген жоқпыз ба? Борхестің «Бәрі де болғансың, ешкімде емессің» шығармасындағыдай өзін таба алмай жүрген адамдардың тұлғасын қалыптастырып жүрген жоқпыз ба осы? 

– Ауыр сұрақ екен. Негізінде өзіңе ауыр жүк артып алу, алдыңа үлкен мақсаттар қойып, өмірбақи соның жолында азаптану ешқандай жақсылық әкелмеді. Айналадағы адамдарды өзіңе қарсылас, бәсекелес санаудың да қажеті жоқ. Адам өзін жоғалтқан сайын бар болады, өзі бар болған сайын жоқ болады. Борхесті айтасыз, біздің Шәкәрімнің мына бір шумақ өлеңі тұнып тұрған өмірдің мәні ғой.

Әлемдi түгел мен көрiп,

Ешкiм менi бiлмесе.

Мұқтажым, нәпсiм жоқ болып,

Зияным жанға тимесе.

Адам осындай принциппен өмір сүру керек. Қалғанының бәрі бекер. «Ешкiм менi бiлмесе» деген ұстанымен өмір сүру – шығармашылық адамына ауыр, бірақ мәніне бойласа – сондай жеңіл. Ешкімге зияныңды тигізбей өмір сүру – бүгінде нағыз өнер. Өмірде жетістікке жету шарт емес, бірақ біреудің жетістігін қызғанбау маңызды. Мен де жетістікке жетсем екен деу –қызғаныштың басы. Ал қызғаныштың соңы – өкініш. Сондықтан балалар тәрбиесінде өте абай болу қажет. Менің «Жұрттың баласы» деген өлеңім бар. Осы сұрағыңызға орайласып тұр екен.

– Қарашы әне Санатты,

Кілең бестік сабағы.

Шаруаға да жарап тұр,

Тазалайды қораны.

Мақтайды анам үнемі, 

– Сендей ғана бала, – деп, 

– Бәрін айтпай біледі,

Істегенін қара, – деп.

Шөпті де өзі шабады,

Отынды өзі жарады,

Анасының әрдайым,

Көңілін де табады.

Үлкендерден қалмайды,

Жырды қалай талдайды?

Бола қалса уақыты,

Кітаптан бас алмайды.

«Санат... 

Санат... 

Санатты...»

Тыңдап талай таң атты.

Мен де ептімін шаруаға,

Мен де оқимын сабақты.

Түсінбедім анамды,

Санат па оған керегі?

Дәл өзімдей адамды,

Неге мақтай береді?

– Біздің қоғамда салдары қаншама проблема туындататынын білсек те «науқаншылдық» деген үдеріс өмір сүреді. Балалар әдебиеті жылына бұл үдерістің әсері болды ма? Биылғы жылы балалар әдебиетіне құбылыс болар қандай өзгеріс болды деп бағалар едіңіз? 

– Бір жылға айқайлатып атау беріп, сол жылы соған қарық боламыз дегенге аса сенбеймін. Себебі бұған дейінгі Жастар жылы, Еріктілер жылы деген секілді мемлекеттік дәрежедегі ұмтылыстардың ешқайсысы кереметтей нәтижеге жеткізген жоқ. Токиода өтіп жатқан Олимпиадада тәуелсіздігі жартылай ғана мойындалған Косово деген мемлекет 2 алтын алып 35-орынға тұрақтады. Қазақстан 70-тікке кіре алмады. Әйтпесе бізде спортты дамыту үшін жыл сайын қанша қаржы бөлінеді. Біздегі жүйесіздік, жемқорлық қаншама адамның тағдырына балта шапты, елдің дамуын тежеді. Бұл ойланатын нәрсе. 

Балалар әдебиеті жылы деген ұмтылыс тек министрлік аясында ғана аталып жатыр. Оның өзін кітапханалар «балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп бұрмалап жүр. Бұл жылдың айбынын асырып жатқан кітапханалар. Қаншама балалар қаламгерлерін, шығармаларын насихаттап жатыр. Бұл да болса үлкен бетбұрыс. Алайда керемет оң өзгеріс болды деп айта алмаймын. Баяғы жартас – сол жартас. Ең болмаса, бұрынғы «Отырар кітапханасы», «Жас толқын» деген бастамалар секілді, кітабын шығара алмай жүрген балалар қаламгерлерінің кітабын шығарып берсе де болар еді, бірақ ол да жоқ.

– Серікбол аға, сізді «Айқын» редакциясына барғанда көріп едім. Оған дейін «Ақ желкен» , «Ұлан» арқылы есіміңізді білетінмін. Өзіңіздің тұлғалық портретіңізді үш қасиетіңізбен сипаттап беріңізші? 

– Қызық сұрақ екен. Портретім емес, ұстанымымды айтасам деймін. Тағы да Абайдың сөзі еске түседі: «Махаббатсыз дүние бос». Махаббат деген сөздің ауқымы кең ғой. Мен үшін өмірдің мәні – бүкіл әлемді, мақлұқатты, адамзатты, он сегіз мың ғаламды махабатпен жаратқан Алланы тану. Себебі, Құранда айтылғандай, «жүректер Алланы еске алумен ғана тыныштық табады».

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

Мейіржан Жылқыбай: Кибербуллинг ықпалымен суицид көбейіп жатыр
Серік Таласов, режиссер: Қазақ киноиндустриясы бір күнде 180 градусқа өзгермейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу