«Ата-анамен бірге өмір сүру – үлкен нығмет»: Абай Қалшабек

Oinet.kz 11-10-2023 3264

Бүгінгі қоғам санасын әлеуметтік проблемалар, материалдық құндылықтар билеп, ең негізгі діңгегіміз ұлттық, отбасылық құндылықтарымыздың мәртебесі көңіл көншітпейтін деңгейге түсіп кеткендей жасып қалатынымыз бар кейде. Жалпы отбасы құндылықтарының құлдырап кетуінің ең негізгі себептері неде болуы мүмкін деген сауалымызға жауап іздеп, ұстаз, ақын, аудармашы Абай Қалшабекпен сұхбаттасқан болатынбыз. 

Screenshot_8.jpg

– Алғашқы сұрақ, осы ұлттық, отбасы құндылықтарының біздің қоғамдағы орны қандай деп ойлайсыз?

– Кез келген мәдениеттің өзінің бір табан тірейтін негізі болады. Мысалы, грек, рум мәдениетінің негізінде христиан діні жатады. Менің түсінігім бойынша, біздің қазақтың өркениетінің, мәдениетінің, болмысының астарында ислам діні жатады. Осы күнге дейін біздің бабаларымыз ең басты құндылықты адам деп есептеді. Оны жыраулар поэзиясынан, аңыз-әңгімелерден, мақал-мәтелдерден көруге болады. Осы күнге дейінгі бүкіл ақын-жазушылардың шығармашылығынан көруге болады. Ең басты құндылық – адам, одан кейін сол адамның айналасындағы отбасы, туған-туыстары, көршілері, ауыл, аудан, қала болып кете береді. Ал қазір адамдар әлемді өзгерткісі келеді, әлемді реттегісі келеді, мемлекетті жөндегісі келеді. Бірақ өзінің болмысындағы қателіктермен, отбасындағы проблемалармен шаруасы жоқ немесе оған уақыты жоқ. Ал меніңше, бүкіл жер беті адамдардың өзін түзеуімен жөнделеді.

Мен Толстойды бір кісідей зерттеп көрдім. Толстойдың «Круг чтения» деген кітабында «Ақымақ едім әлемді түзетпек болдым. Қазір ақылым кірді, өзімді түзетуге кірістім» деген сөзі бар. Сондықтан осы негізгі қағида, негізгі құндылықтардан адамдар шатасып, ажырап қалды. Проблема осы жерде деп ойлаймын.

– Бүгінде ер мен әйелдің құқығын, әлеуметтік статусын теңестіру мәселелері қоғам талқысына жиі түсіп жүр. Осы теңдік  мәселесіне көзқарасыңыз қалай?

– Егер мұны дұрыс жағынан түсінетін болсақ, дұрыс. Яғни ғылыми, тарихи негізінде, ұлттық болмыс негізінде түсінетін болсақ, ешқандай проблема жоқ. Бірақ теңдікті шектен шығу, білгенін істеу деп түсінетін болса, онымен келіспеймін.

Біздің тарихта аты аталған әйелдер бар ма? Бар. Мысалы үшін Зере, Ұлжан, Құртқа, Қыз Жібек сынды тұтас бір эпикалық туындының атын қазақ әйелдің атымен атап жатса, демек әйелді құрметтей білген ғой. Қазақта әйелді құрметтемейтін ақымақтардың болғаны да рас. Ақымақтар әр қоғамда болады. Сондықтан, мен әйел мен еркектің әділет тұрғысынан, құқық тұрғысынан, материалдық болсын, рухани болсын игілікке құқығы тең болуы керек деп есептеймін.

XVIII ғасырда Еуропада әйелдер дауыс беруге құқығымыз болу керек деп ереуілге шығып, демонстрация жасап жатқан кезде, қазақ әйелінің өз құқығы өзінде болды. Өзіне тән еркіндігі болды.

Алысқа бармай-ақ бір мысал келтірейін. Жақында Шымкентте Абайдың төрт ұрпағы жерленгенін Ақжол Қалшабек ағамыз бен Әзімхан Исабек ініміз ғылыми негізде дәлелдеп, анықтап берді. Соның бірі – Шымкенттің шығаберісіндегі «Қасқа» зиратына жерленген Кәмалия деген келіні. Сол келіні «Абай туралы естеліктер» кітабында: «Мен келін болып түскен кезде әкем мені шақырып алып: – Қызым, шырағым, сен де осы үйдің адамысың. Именіп, жасқанып, адам келген кезде тығылып жүруші болмағын. Осы үйдің адамдары қалай жүрсе, сен де солай жүр, - деп маған бір еркіндіктің есігін ашып қойды», - дейді. Бұл – XIX ғасырдағы қазақ келінінің жазып отырған естелігі. 

Қазақ қоғамында әйел мен еркектің ақиқатқа, өз құқығын айтуға деген теңдігі,  мүмкіндіктері болған. Керісінше Кеңес дәуірінде осыдан айырылып қалды ма деймін. Айырылу мынадан басталды, «еркек пен әйелдің арасында ешқандай айырмашылық жоқ» дейді. «Тең» және «айырмашылық жоқ» деген бір әңгіме емес. Сол кезде біздің әйелдерімізді комбайнға отырғызды, трактор айдатты, ғарышқа да ұшырды. Қазір қыздар боксқа қатысып жатыр. Бұл теңдік деген сөз емес, бұл әйелдің болмысына қарсылық деп есептеймін.

Әйел мен еркектің құқығы тең болу керек пе, теңдікке ұмтылу керек пе дегенге 100% келісемін. Ұмтылу керек. Бірақ оны эмоция мен қате түсінік, қате көзқарастар негізінде емес, жүйелі түрде, қазақтың болмысына сай етіп жүзеге асыру керек деп ойлаймын.

Бір мысал айта кетейін. Қазақта «жақсы жерге түсен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап» дейтін сөз бар. Келсап – бидайды ұнтақтап, талқанға айналдыратын инструмент. Қазақ әйелді «инструмент» деп қарауға қарсы көзқарасты айқындап тұр бұл жерде. Немесе ұзатылып жатқан қызға «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» дейді. Бұл сөзбен екі жаққа да жауапкершілік артып тұр. Тастай бату үшін барған жері су сияқты болуы керек, судай сіңуі үшін құмдай жұмсақ болуы тиіс.

Тағы бір мысал есіме түсіп отыр. Алдаберген деген би ауылының сыртында, төбеде ауылдың жағдайын бақылап, байқап отыр екен. Суыт жүріп бара жатқан бір келіншекті байқап қалыпты.

– Шырағым, бері кел. Не жағдай?, – деп мән-жайды сұрайды. 

– Барған жерім «сен сияқты қолынан іс келмейтін, олақ-салақ әйелдің керегі жоқ» деп қуып жіберді, – дейді келіншек. Сонда Алдаберген би:

– Шырағым, бір  ашуыңды маған бересің. Мен қолыңа хат ұстатам. Сен сол қағазды өз ауылыңның ақсақалына апарып бересің, ол ақсақал сені өз шаңырағыңа қайта жайғастырады,– дейді.

Әйел де тегін әйел болмаса керек, үлкен кісіні құрметтеп, бірауыз сөзін жерге тастамай, хатты алып ауылдың үлкеніне барады. Хатты оқыған ақсақал: «Сүйекке таңба басылды ғой» деп сан соғыпты. Хатта:

«Қойдан қозы туады шөп жейтұғын,

Иттен күшік туады боқ жейтұғын, 

Осындай бейсауат іс істегенге,

Ол ауылда жан бар ма «Қой» дейтұғын»

деген бір шумақпен жаңағы ауылдың жіберген қателігін ақ қағазға түсіріп берген. Хатты оқып, мән-жайды білген ақсақал, келінді қуып жіберген отбасына барып: «Қыз өз елінде қанша тәрбие көргенімен оның бәрібір бір қайнауы кем болады. Сол қайнауын толықтыратын сендер емес пе? Егер тағы да осындай жағдай қайталанатын болса, жұрт алдына шығарып жазалаймын», – деп келіншекті шаңырағына жайғастырып кеткен екен.

– Отбасы құндылықтары мен заңының ең басты мәселесі – бала тәрбиесі болып отыр. Жалпы бала тәрбиесіне отбасынан бөлек, білім беру ошақтары, араласатын ортасы және әлеуметтік желілер қатты әсер ететіні жасырын емес. Ал баланың тәрбиекөзін дұрыс таңдап, жақсы азамат болып қалыптасуы үшін қай тәрбие құралының ықпалын азайтып, қайсысына баса назар аударған жөн?

– Бұның да негізгі себебі құндылықтардың орнының ауысып кетуі. Мен бұрын мектепте сабақ беріп жүрген кезде, біздің мектептің қасында балабақша болатын. Таңғы сағат жетіде көзін тырнап аша салысымен ата-анасы баласын шыңғыртып балабақшаға әкеле жатады. Осы көріністі күнде көріп, жүрегім сыздайтын. Қанша жасқа дейін екенін білмеймін, баланың кішкене есі кіргенше, ана сол балаға бар мейірімін беруі керек емес пе? Сол баланы жылатып, өзінің қаламайтын жеріне әкеп тастағаннан ана не ұтып жатыр деген сұраққа өзім де іштей ойланатынмын. 

Абай: «Бала тәлімді үш қауымнан алады. Біріншісі ата-ана, екіншісі жора-жолдас, үшіншісі ұстаздан. Әсіресе осының қайсысын қаттырақ жақсы көрсе, содан көбірек алады» дейді. Бұл күні расында да бала мен ата-ананың арасы алшақтап кетті. Адамдар өзінің функциясынан шатасып қалды деп ойлаймын. Бала қазір көше мен әлеуметтік желіні жақсы көреді. Егер біз болашақта сол әлеуметтік желіден алған нәрсені бойына сіңіріп өскен баламен өмір сүруге дайын болсақ, осылай жалғастыра беруге болады. Егер бұл жерде проблема бар деп ойласақ, онда біз отбасы құндылығын, бала-шағаның құқығы, балаға беретін мейірім деген мәселені қаттырақ ойлап, әрекет ететін кезеңде тұрмыз дәл қазір. Бала нені сүйеді қазір? Сені сүю үшін, сен оған бүкіл өміріңді арнауың керек. Ал біз қазір бүкіл өмірімізді жұмысқа арнап жатырмыз. Бұл негізі үлкен проблема деп ойлаймын.

Бірде маған профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Әженің екі түрі бар. Біріншісі – ол кәдімгі қазақтың әжесі. Ол өзін толық ұмытып кеткен. Өмірін ұрпағына арнаған. Немересі үшін керек болса, жанын беруге дайын. Ал екінші әже – өзіне қарайды. Өзін сәндейді, өзін әрлейді. Жас болып көрінгісі келеді. Немересін «әрі тұр» деп кеудесінен кері итеретін әже. Бүгінде осындай екі әже пайда болды», - дегені бар еді. Осы мысалдағы бірінші топқа жататын әжелер, ата-аналар бүгінгі таңда көп деп айта алмаймын.

Мен өзім анамның мейіріміне қанып, еркелікке сүңгіп, түбіндегі інжу-маржанын теріп өскен баламын. Оның қаншалықты маңызды екенін білемін. Бірақ сол кезде де еркеліктің не екенін түсінбейтін замандастарым болды.

– Әже тақырыбын өзіңіз қозғап қалдыңыз ғой. Расында да бізде «Дала институты», «Ата-әже мектебі» дейтін аяулы ұлттық ұғымдарымыз бар еді. Қазіргі жас ата-аналар арасында баланы ата-әженің бауырына салып беруге де қарсылар көбейіп жатыр. Жалпы баланы ата-әженің тәрбиелуі қаншалықты дұрыс?

– Солай болуы керек. Тағы да тарихқа қарайық. Біз тарихқа не үшін қараймыз? Сабақ алу үшін қараймыз? Тарих деген ол әдемі әңгіме, қызық үшін тыңдайтын аңыз-ертегі емес. Тарих  – сабақ. Мен осылай түсінем.

Мысалға Абайдың бүкіл өмір жолында, дүниетанымының қалыптасуында әжесі Зеренің орнын айтып жеткізу мүмкін емес. Біз оны тарихтан білеміз. Шоқанның әжесі, Оралханның әжесі, Мұқағалидің әжесін де айтып өтуге болады. Мұқағали:

«...Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса... Нені көрем???», деп әжесін аңсайды.

Бүкіл біздің қазақ тұлғаларының тарихын қазып жіберсең ар жағынан әже шығады. Қазіргі жастар отбасын құрғасын жеке өмір сүргісі келеді. Ал шын мәнінде, ата-анамен бірге өмір сүру, әженің алдында өсіп-өну, өмір мектебінен өту деген – үлкен нығмет. Оралхан Бөкей «Апамның астауында»: «Әжемнің берген тәлімін мың мектеп бере алмайды», дейді. Енді осы Оралхан мен Мұқағалидің әжесін аңсауында жадағай ой, саяз бір түсінік жатыр деп ойлайсыз ба? Олай емес.

Егер маған өмір қайта берілетін болса, мен ата-анамның қолында өмір сүріп, солардан ажырамауға бар күшімді салатын едім. Қазір бала-шағама: «Қайсыңның пешенеңде бақ болса, бақыт болса, соған нәсіп боламыз біз. Сендер тұру керек болса, тұра саламын ғой деп ойламаңдар. Алла тағала нәсіп етсе тұрасыңдар бізбен», - деп айтып отырамын. 

– Бүгінгі қоғамның күрмеуі шешілмей жүрген, ең қасіретті жағдайлардың бірі отбасылық, балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың көбеюі болып отыр. Бұл жағдайлардың өршіп кетуі бүгінде ер адамдардың беделін түсіріп, отбасындағы ата, әке, ағаға деген құрметтің ортаюына да әкеп соғып жатыр. Кім кінәлі? Не себеп? Жалпы қазақ жігіттері қандай болуы керек? Қазақ отбасындағы әкенің рөлі қайсы?

– Бірінші кезекте біз өзіміз, еркектер кінәліміз. Еркектер біз болмысымыздан айырылып қалдық. Біз әйел затына қамқоршы, арқатірек болатын жаратылыспыз негізі. Біз керісінше қазір солардың көлеңкесінде жүрміз. Соларға жалтақтаймыз. «Абай жолының» өзі: «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне шәкірт бала барын салды» деп басталады ғой. Абай Семейден оқудан, анасын сағынып келе жатады. Ауыл адамдары сыртта күтіп тұр. Анасына жүгіре басып жақындай берген кезде, «Әкеңе бар» деп жай ғана сыбырлайды. Ұлжан Абайды сағынып тұрған жоқ па? Сағынып, жүрегі еріп тұр. Бірақ, күйеуіне деген құрметін көрсетіп жатыр. Сөйтіп Құнанбайға барған кезде, Құнанбай салқын ғана амандасады. «Қазыреттің пәтуәсін алсаң, шешелеріңмен барып амандас» дейді. Бұл жерде әкенің болмысы тұр. Арқасынан қаққан жоқ, бетінен сүйген жоқ. Неге? Өйткені, Абай оған жету керек. Кейін әжесіне барады. Әжесіне жақындай берген кезде «Қап, жүгермек! Бірінші маған келмей, әкесіне барды-ау» дейді. Бірақ жақындаған кезде «қарағым», «шырағым», «күнім» деп жылап, ішіндегі шын әженің болмысы шығып кетеді.Міне осы жерде қазақ отбасының суреті тұр. Бұл ойдан шығарылған көркем туынды, көркем қиялдың жемісі ғана емес. Шын мәнінде болған сурет. Дәл осы эпизод Абайдың туысқандарының, атап айтсақ, Әрхам Ысқақұлының естелігінде тұр.

Сондықтан әкелердің беделі төмен түсіп кетсе, оған тек әкелердің өзі кінәлі. Жалпы біреу беделден айырылса, ол беделді біреу қайтып әкеп бермейді. Сондықтан жігіттер есін жию керек. Бұрынғы ғалымдар «Бекерге ыржаңдап күле берген ер-азамат айбыннан айырылады» деген. Қайда барсаң ыржаңдап, жыртыңдап жүрген жігіттер. Баққаны тек күлкі. Шал ақын жігіттерді үшке бөледі: құр жан; тірі жан; жігіт жан; деп. Жігіт жан дегеніміз сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер. Ондай жігіттер қазір жоқтың қасы. 

Баяғыда грек данышпаны Диогеннің күндіз қолына шырақ алып «Адам іздеп жүрмін» дейтіні бар еді ғой. Қазір тура солай жігіт іздейсің. Мұқағали неге «Жігітінен қазақтың дос таба алмай» Фаризаға мұң шағады? Расында да сырласуға тұрарлық бір жігіт таппаған сол кезде. Менің осыған күмәнім жоқ.

Бүгінде әлдебір бауырымыз қателесе қалса, «бауырым, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп арқасынан қағып қолдаудың орнына, табалай жөнелеміз. Әлдебіреу ақымақтықпен батырлық көрсететін болса, оны арқасынан қағып, одан бетер ақымақтық жасауға итереміз. Жігіттердің жағдайы өте ауыр біздің қоғамда. 

Төлеген Айбергенов бір өлеңінде әйел мен еркекті домбыраның екі ішегіне ұқсатады. Қатты тартылған ішегін еркекке, бос тартылған жұмсақ ішегін әйелге ұқсатады. Бірақ екеуінсіз ешқашан музыка шықпайды. Жігіттің өзіне тән болмысы бар. Оны ғалымдар «фытрат» деп атайды. Және бүкіл жаратылыста өзіне тән болмысы, фытраты жоқ ештеңе жоқ. Жапырақтың да өзінің болмысы бар. Сіз мияулап тұрған итті немесе үріп тұрған мысықты елестете аласыз ба? Сол себепті еркектің өзіне тән болмысы бар. Жігіттер осы болмысқа қайта қайтуы керек. 

Қыз алдында тізерлеп отыратын жігіттерден, махаббатта жолы болмаса өзіне қол жұмсап жатқан жігіттерден, боянып, сырға таққан бұраңдаған жігіттерден нағыз ер, нағыз әке шығады деп ойламаймын. 

Тағы да тарихқа үңілсек, Сербаринов дейтін орыс офицерінің естелігінде Исатайдың атқосшысы Қалдыбайұлы Қабыланбайды ұстап алғаны туралы жазылған. Арқанмен байласа, шіренген кезде үзіп жібереді екен. Шынжырмен байласа, оны да үзіп жібереді. Оны байлайтын арқан да, шынжыр да таппайды. «Исатайды ұстап беруге жәрдем берсең, сені босатамыз» деп ұсыныс айтса, Қабыланбай беттеріне қарап, мысқылдап күледі екен. Тұтқындалып, өлім алқымынан ап тұрса да, дұшпанды мысқылдап күліп тұр. Сосын басқа амал таппай, отыз шақты солдат винтовкамен айдапты. Міне, қазақтың жігіті! Осы болмысқа қайту керекпіз. Ол болмысты алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қазақтың шығармаларында, батырлар жырында, мақал-мәтелдерде ерлікке тұнып тұрған үлгілер, мысалдар көп. Мысалға «Қобыланды батыр» жырында мыңғырған мал, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр бар. Бірақ Ноғайлы жұртының басына іс түскен күні, Қобыланды Сейілдің ұлы Қараманға еріп, ел қорғауға аттанды. Бәрін тәркі етті. Ел үшін аттанып кетті. Міне, осы болмысқа оралу керек. Басқа жол жоқ. Ал ол үшін білім керек. Бұл тек эмоциямен ретке келтіретін іс емес.

Өткенде мені бір жігіттер қонаққа шақырды. Осы Шымкент қаласындағы бір мектепті бітірген 44 жігіт екен. Олар өздерінің тапқан табысынан әр апта сайын ортақ қорларына 2000 теңгеден тастап отырады екен. Сонда әр жігіт айына  8000 теңгеден тастайды. 8000 теңге деген бүгінгі таңда бір адамның 2 күндік түскі асына да жетпейтін ақша. Міне осы ақшаны жинайды екен де, айналадағы үйлерден мұқтаж адамдарды іздейді екен кіріп. Яғни балалаларына киім-кешек алып бере алмай отырған отбасыларды, жалғызбасты аналарды іздейді екен. Және ондай мұқтаж отбасылар әрқашан табылады, табылмай қалған кезі болған емес дейді. Жаңағы жігіттердің ізгі әрекеттерін көріп, өзім риза болдым. 

Кейде менен жастар «Неге қазір Міржақыптар жоқ?» деп сұрап қалады. Қазір «Міржақып. Оян қазаққа» топ-тобымен барып жатыр ғой адамдар. Ал сол Міржақып тірі кезінде, сөйтіп топ-топ болып барып, кеңес сұрады деп ойлайсыз ба? Жоқ. Оның соңына шам алып түскенбіз біз. Міржақып, Ахмет, Әлихандар қазір де бар. Бірақ біз тірі кезінде қадірін білмейміз. Абай «қазақтың өлісінің жаманы жоқ, тірісінің жаманнан аманы жоқ» дейді. Кезінде мықтыларды өлтіргені, оларды баудай түсіргені рас. Бірақ одан біздің генетикамыз өзгеріп кетті, қазақ бір тексіз халыққа айналып кетті дегенге мүлде келіспеймін. Небір текті жігіттерді, азаматтарды мен көріп жүрмін. 

Енді байқап қарасақ,  Алматыға барсаңыз да, Өскеменге барсаңыз да осылай жақсылыққа біріккен жастар өте көп қазір бізде. Мен сізге бір ғана мысал айтып отырмын, осындай жүздеген істердің куәсі болдым өзім. Және осыларды көре отырып, мынадай қорытындыға келдім. Қазақ қоғамы, жалпы қазақ жастары оянып жатыр екен. Олар өздерінің баяғы нағыз қазақы болмысын, заманына сәйкес тамырын іздеп жатыр. Қазақта «жақсыны айтып, жаманды таяп қой» деген сөз бар. Көңілім толмаған нәрселерді тізбектегенге мені пессимист деп ойлап қалмаңыз, мен өте оптимист адаммын. Және болашаққа сенімі мол адамдардың бірімін. Жақсылықтардың да, жамандықтардың да куәсі болып жүрмін. Осының қайсысы басым болса, сол біздің қоғамда салтанат құрады ертең.

– Және де қоғамның ең негізгі айыл жимай тұрған мәселесі – ажырасу. Неке бұзушылықтың статистикасы күннен-күнге өршімесе, азаятын түрі жоқ. Жалпы осы ажырасу мәселесінің көбейіп кетуіне нендей жағдаяттар әсер етуі мүмкін? Қуанышта да, қайғыда да шаңырағы шайқалмайтын, іргесі берік отбасын құрудың негізгі алғышарты қандай болуы мүмкін?

– Біз қазір өте шағымшыл, арызқой, жылауық қауымбыз. Болмашы дүниеге ұлардай шулап, шыға келеміз. «Жағдай жасамай ма» деп елеуреп кететініміз бар. Осы болмыс бар ма бізде? Екі азаматтың көлігі бір-бірімен түйісіп қалса, олар жағасын жыртысып тұрады. Ал баяғыда бір үйір жылқысын айдап кеткен кезде де тырп етпейтін, сабырмен соңын күтетін жігіттер болды ғой. Осы тұста Махамбеттің бірауыз өлеңі есіме түсіп отыр.

«Қабырғасын қақыратып, бір біріндеп сөксе де,

Қабақ шытпас ер керек біздің бүйткен бұл іске» дейді.

Қараңыз қабырғасын қақыратып, сөгіп жатса да, қабағын шытқан жоқ солар. Елдік іске басын тікті. Исатай да, Махамбет те. Тек Исатай, Махамбет емес небір аты аңызға айналған батырларымыз, арда азаматтарымыз болды. Қазір де бар деп ойлаймын.

Отбасында да осы мәселе. Сәл ұрысып қалса, бір-біріне жақпай қалса, ұнамай қалса, тағы да сол эгоизмге салады. Тағы да сол адам болып жаратылғандағы болмысын ұмытады. Бәлкім Америкаға, бәлкім Еуропаға еліктейтін шығар. Менің Америкада өмір сүретін бір досым бар. Сол досым айтады: «Болашақта Америкада өмір сүрмеймін. Қазір тек жұмыс үшін, ақша табу үшін уақытша жүрмін. Және бала-шағамды әкелгем жоқ мұнда. Өйткені, ақылым орнында тұрған кезде, мен ана қоғамға апарып, бала тәрбиелегім келмейді»,- дейді. Біз сырын білмейтін қоғамға қызыға береміз сыртынан. Әйтпесе, өзімізде тұнып тұрған жақсылықтар, игіліктер бар. Отбасы жағдайында да осы ұлттық негізімізге қайтуымыз керек.

Қазақ қоғамында бұрын да ажырасу болған. Жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ өте сирек болған. Қазақта «есті әйел – ерден кетсе де, елден кетпейді» дейтін сөз бар. Әйел ерден кетуі мүмкін, бірақ елден кетіп, бала мен атаның арасын үзбеген. Сондай данышпан әйелдер өткен. Мұның да жауабы сол. Тарихымызды қопарып іздеп көру керек бізге. Эмоциямен емес, тек әдеби шығармалардан ғана емес, ғылыми негізде іздеп көру керек деп ойлаймын.

Мысалы, Бауыржан Момышұлы планетарлық масштабтағы тұлға ғой. Өзі де айтады, «Менің атым глобусқа шығып кетті», деп. Неге осындай тұлға «Ұшқан ұяны» яғни шаңырақ туралы жазып жатыр деп ойлайсың кейде. Бірақ мәселенің үлкені осы болып тұр да. Отбасыдағы гармония, отбасыдағы бақыт, отбасыдағы ынтымақ-бірлік дейтін асыл дүниелердің қасында, әлемдік тақырыптар түкке тұрмайды. 

Шығыстың бір мысалы бар еді ғой. Бір адам құдықтың басынан сапарын бастап, қазына іздеп бүкіл әлемді аралап келеді. Сөйтіп келгесін, қазынасын жаңағы құдықтың ішінен тауып алады. Біз қазір сол құдыққа үңілетін кезеңде тұрмыз. 

Әңгімелескен Сезім Мергенбай

«Шынайы ақпарат жазатын журналистиканың ғұмыры ұзақ»: Оралхан Дәуіт
Зылиха Жантасова: «Қара жолдың үстінде шашы желбіреп, жүгіріп бара жатқан өзімді көрдім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу