Фатима Жүнісова: «Кітабы жоқ үйден кетуге асығамын»

Oinet.kz 09-01-2024 1943

Фатима Жүнісова – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Әл-Фараби атындығы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі, Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі.

Screenshot_4.jpg

– «Жазушылық – бас тарта алмайтын қасиет, айналып өте алмайтын қасірет» дейді Маркес. Өз бойыңызға бұл қасиеттің қонғанын қашан аңғардыңыз?

– Жазушылық пен ақындық қасиет – Алладан берілген сый. Мен жазусыз, кітапсыз өмірімді елестете алмаймын. Адамға ауа қандай керек болса, маған жазу мен оқу соншалық керек. Жазбасам, ауыра бастаймын. Бұрын бір үйге қыдырып бара қалсам, ең бірінші іздейтінім кітап еді. Кітабы жоқ үй маған қызықсыз көрінетін, тезірек кетуге асығатынмын.

Алғаш өлең жазуды алтыншы сынып оқып жүргенде бастадым. Жазған өлеңдерімді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тұрсын Жүсіпов ағайыма көрсететін едім. Ол кісі адам жанына терең бойлай алатын нағыз ұстаз. Менің өлең жазуыма, шығармашылықпен айналысуыма бірден-бір ықпал еткен адам. Алғашқы достық туралы өлеңім «Қазақстан пионері» газетінің бірінші бетіне шыққан қуанышты сәтті ешқашан естен шығарған емеспін.

Бастауыш сыныпта ертегі оқуды жақсы көрсем, 4-5 сыныптарда роман оқи бастадым. Ағам Нұғман кітапты көп оқитын. Үйде қазақ классиктерінің кітабы түгел тұратын. Сабақтан бос уақытта да, демалыс күндері де қолымнан кітап түспейтін. Ең сенімді серігім де, досым да кітап болды. Жастайымнан батырлар жырын тыңдап, жатқа айтатынмын. Әкем  кешкі тамақтан соң қисса, дастандар оқып беретін. Ағам қазақ тілімен қоса, орысша газет, журналдарды да жаздырып алып оқитын. Әкем де, ағам да аздап өлең жазды. Рухани байлыққа шөліркеген емеспін. Бала кезімнен өзімді өте бай адам сезіндім.

Менің туған жерім Созақ ауылы. Кең далада еркін өскен соң қиялшыл болдым. Қозы-лақ бағып жүріп,  аспанда қалқыған бұлттарға қарап, шексіз армандарға берілетінмін. Мал бағуға да кітабымды құшақтап шығатынмын. Оқыған кітаптарымның жағымды кейіпкерлерімен дос болып алушы едім. Көбіне жалғыз жүріп, ойланғанды ұнататынмын. Ауыл адамдарының мінез-құлқын үнсіз зерттеп жүретінмін. Даламның қызғалдағын теріп, жазда  құмында жалаңаяқ жүгіріп жүргенім бүгінде балалықпен бірге қыр астында қалды. Жазуды маған әуелі  Алла сый етіп берсе, қасиетті  Созақ даласынан дарығандай сезіледі. Әдебиет сыншысы, жазушы, драматург, Созақтың төл перзенті Асқар Сүлейменов «Созақ – қария, Созақ – мінез, Созақ – өнер " дейді.

Әке-шешеміздің көзі кеткен соң туған жерге сирек барамыз. Екі жыл бара алмай, былтыр алабөтен сағынышымды арқалап барғанмын. Қайтар жолда көлік ішінен Қаратауға, Созағыма қимастықпен қарап отырып «Қаратауым-Созағым» деген өлең шығарамын, оған ән жазылады»,- дедім қасымдағы әпкелерім мен ұлыма. Сол кезде-ақ өлең шумақтары құйылып келе бастады. Арада көп уақыт өтпей композитор Мұқан Байбосынов өлеңіме ән жазды. Әнді  Созақ ауданының Жуантөбе ауылында дүниеге келген  опера әншісі Жұмабек Қаңтарбаев орындады. Қазір бұл ән Қазақ радиосының Алтын қорына еніп, орындалып жүр. Бұл менің туған жеріме арнаған тартуым.

– «Қазақ әдебиетінде классиканың дәуірі өтті, келмеске кетті» деуші тарап көбейіп келеді. Өзіңіз бұл туралы не айтасыз?

– Классиканың дәуірі өтті деген сөзге келіспеймін. Рас, қазір заман ағымына сай, жаңа жазу мәнерімен жазатын жазушылар  шықты. Олар ізденіс үстінде жүр, олардың да сүйіп оқитын өз оқырмандары бар. Менің ойымша, жаңа дүниеге жатырқап қараудың қажеті жоқ. Санаңа сілкініс туғызатын шығармалар жазылып жатса, қуану керек. Мүмкін арасында болашақта Нобель сыйлығының иегерлері жүрген шығар. Маған қазіргі жас жазушылардың соны ізденістері, әлемге танылсам деген талпыныстары ұнайды.

Қазақта класик ақын-жазушылар көп. Бірақ олардың шығармалары шетел тіліне өз деңгейінде аударылмай, әлемге ұсына алмай отырмыз. М.Мағауин, Д.Исабеков, Т.Әбдік, Т.Нұрмағанбетов, О.Бөкеевтің т.б  шығармаларын  аударып, әлемге таныту жолында жұмыс істеу керек. Ақындар Е.Раушановтың, Ғ.Жайлыбайдың, Т.Медетбек пен Т.Әбдікәкімұлының  өлеңдері кімнен кем? Өзіміз барды бағаламай жүрміз. 

– Кейінгі жарық көрген кітабыңыз туралы айтып өтсеңіз. 

– Былтыр «Мықты әйел» атты  кітабым жарық көрді. Бұл кітаптың жарыққа шығуы да, жазылуы да өзінше қызық. Менің кіші ұлым Алматыдағы Жүргенов атындағы академияда кинорежиссер мамандығында оқып жүрген. Атақты кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтің шәкірті. Үшінші курс оқып жүргенде сол ұлым аяқ астынан оқуды тоқтатып, бір жыл үзіліс аламын деді. Не себеп екенін айтпады. Алматыда жиырма күндей қасында болдым. Ұлымның шешімі маған ауыр тиді. Оны райынан қалайда қайтаруға тырыстым. Көнбеген соң «Мейлі, өзің біл, бірақ кейін өкініп қалма», дедім. Одан өзім үлкен үміт күтіп жүрген едім. 

Біраз уақыт бұрын Ғ.Жайлыбай ағаның «Сұлубайдың әні» атты кітабының тұсаукесерінде Сатыбалды ағамен бірге отырып қалғанбыз. Сатыбалды аға менің «Тасжүрек» деген  әңгімем жайлы айтып: «Міне, мына балаң сол әңгімеңе кино түсірсін», деген болатын. Аталған әңгіме әлеуметтік желіде жарияланған кезде жазушы Смағұл Елубай аға хабарласып: «Мына  ашаршылық туралы әңгімең киноға сұранып тұр екен. Тек даланың иісін жүрегімен сезінетін режиссердің қолына беру керек», деді. Оның бәрі болашақтың еншісіндегі дүниелер. Мүмкін ұлым түсірер деп жүргенмін. Жалпы, оқудан үзіліс аламын дегеніне іштей қынжылдым. Сол кезде алғаш рет қан қысымым көтеріліп кетіп, жедел жәрдем шақырдық. Оны көрген ұлым: «Жоқ, анашым, менің шешімім сізге ауыр соғады екен. Мен ойландым. Оқуымды жалғастырамын», деді. Бәрі аяқталғасын,  Шымкентке қайттым. Бірақ ұйықтай алмаймын. Ұйықтасам,  жүрегім тоқтап қалатындай, қайта оянбайтындай бір сезімде жүрдім.

Содан  2018 жылы алғашқы «Мықты әйел» жазбасы жазылды. Әлеуметтік желіге салып едім, әйелдер тарапы ерекше ұнатты, едәуір оқылатын болды. Сол үшін былтыр мотивациялық жазбаларымды жинап, кітап бастырдым. Төрт қалада таныстырылымы болды. Мен біраз жыл әйелдерге арналған газет-журнал шығарғанмын. Қаншама әйел менімен құпиясын бөлісті, өз тағдырлары жайлы жасырмай айтты. Әйелдің жанын әйелден артық ешкім түсінбейді.  Қазақтың әрбір әйелінің көзі ашық, көкірегі ояу, кез келген жағдайда өзін-өзі қорғай алатындай болуы керек. Әйел – нәзік жаратылыс, бірақ ішкі қуаты мықты болғанын қалар едім. Әйел мықты болса, өзін де, баласын да қорғай алады.

– Қазіргі қаламгерлер мемлекет қолдауына мұқтаж ба? 

– Қаламгерлер  қоғам тынысын терең сезінетін, жалпы адамның жан-тебіренісін, күйзелісін, үрейін  көркемдеп  кейінгі ұрпаққа жеткізеді. Жалпы, әр жазушы өзі үшін жазады. Ал оның игілігін елі көреді. Қаламгерлерді мемлекет қолдап, кітаптарын шығарып бергені дұрыс. Жақында бір топ ақын-жазушылардың кітаптары мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шықты. Көрдік, қуандық, құтты болсын айттық. Бірақ сын айтып жатқан қаламгерлер де болды. Өзім жалпы өмірде де әділеттілікті сүйетін адамын. Әдебиетті жасаушылардың арлы, ұятты болғанын қалаймын. Қазір өте жақсы жазатын жас жазушылардар бар. Оларды кеудесінен итермей,  кітаптарын аудартып, әлемдік байқауларға қосып отыру керек.

Елімізде соңғы жылдары түрлі әдеби байқаулар ұйымдастырылып, қаламгерлердің қанжығасы майланып жатыр. Қазіргі заман жылдамдықты қажет етеді. Әдеби агент арқылы шетелге шығармаларын аудартып, қаржылай жетістікке жетіп жатқан қаламгерлерді көріп, қуанып жүрмін. Осылай жұмыс істеу өз ойымда да бар. Біздің мемлекет ақын-жазушыларына енді ғана мойын бұрып жатқандай. 

– «Қоғамда өмір сүре отырып, қоғамнан тысқары бола алмайсың».  Сізді алаңдататын қоғамдағы өзекті мәселелер туралы айтып өтсеңіз.

– Біз  сыртымыз бүтін болғанымен, іші қайшылықтарға толы  елміз. Қазір елде түрлі ағым өкілдері көбейіп кетті. Әркім әр жаққа бұра тартады. Көшеде бет-аузын тұмшалап, қара жамылып жүргендерден шошимын. Олар көбейген сайын қоғамда алауыздық көбейеді. Себебі дінді жамылып, ата дәстүрмен алысып жүр. Билік бұл мәселені біржақты қылмай болмас. Қанша заң шығарып, жемқорлықтың желкесін қиямыз десе де, әлі күнге дейін жемқорлар түйені түгімен жұтып жатыр. Еліміздің дамымай, артқа кетіп жатқанына солар  кінәлі.

Бұрын көшеде балаларымыз емін-еркін ойнай беретін. Үйге де өздерін қалдырып, көршіге де сеніп тастай беретінбіз. Қазір ешкімге сенбейміз. Адамның адамға қастық жасауы көбейді. Күнде бір жантүршіктірер жаманат хабар жетіп отыратын болды. Ауыр  қылмыс жасағандар түрмеде отырып келеді де, тағы қылмыс жасайды. Біз қоғамды ізгілендірумен айналысуымыз керек. Бір адам кемінде екі-үш адамның көзқарасын, ойын өзгерте алса, соның өзі үлкен жеңіс.

Жүрегімді езіп жүрген тағы бір жайт, шетелге сатылып кеткен балалардың көз жасы. Осы қоғамда өмір сүрген соң болып жатқан әр оқиға жүрегіңе салмақ түсіреді. Қаламгерлер өте сезімтал, жүрегі нәзік келеді. Ұйықтай алмайтын түнім көп...

Ел еңсесін қымбатшылық та езіп барады. Несиеге белшесінен батып, екі-үш жерде демалмай жұмыс істейтін жастар көп. Олардың денсаулығын кім ойлап жатыр? Жастардың өлімі өте көп. Айта берсек, шешімін таппай жатқан мәселелер шаш етектен. «Адам –қоғамның баға жетпес байлығы» десек, ел үкіметі сол байлықты көзінің қарашығындай сақтауы тиіс емес пе?  Біздің ел өз байлығы өзіне жететін ел.

Елді жемқорлардан тазартып, әділетті қоғам құра алсақ, ертеңімізден қрықпауға болады. Қазір қазақ жастары тек білім іздеп емес, жұмыс іздеп те  шетел асып кетіп жатыр. Олар әділдік жоқ екенін ашық айтады. Біз өз жерімізде көбейіп, өз тілімізде сөйлеуіміз керек. Ана тіліміз өгейдің тілін кешпеуі тиіс. Құт та, ризық та, байлық та – өз тілімізде.

– Жыл аяқталып жатыр. Алда жаңа жыл. Бұл жыл қандай ерекше оқиғаларымен есіңізде қалды? Алдағы жылдан не күтесіз?

– Әр  жаңа жылды үлкен  үмітпен қарсы аламын. Биылғы жылдағы ерекше оқиға шығармашылығыма байланысты болды. Қараша айында «Қазақстан»  корпорациясы ұйымдастырған балаларға арналған республикалық «Балдәурен» байқауында  мен сөзін жазған «Біз бақытты баламыз» әні үздік атанды. Әнін композитор М.Байбосынов жазған. Байқауға 104 ән түсіп, бес ән жоғары бағаланыпты. «Балапан» арнасы авторларды шақырып, дипломдармен марапаттап, арнайы сертификат тапсырды. Аталған әнге бейнебаян түсіріп, күнде таңертең «Балапан» арнасынан берілуде. Биылғы жылы шығармашылығым балаларға арналды. Балабақша балаларына арналған «Әдемі ертегі әлемінде» атты кітабым жарық көрді. Жыл соңында дүниеге немерем келіп, үлкен қуанышқа бөлендім. Бес өлеңіме ән жазылды. 

Алдағы жылды мен саяхаттаудан бастамақпын. Алла бұйыртса, әлем елдерін аралап жүретін боламын. Көңіл көкжиегімді кеңейтіп, ел, жер көріп, денсаулығыма көп көңіл бөлемін. Қайда жүрсем де қаламым қолымнан түспейді. Мен өмірді сүйемін! Әр күнімді мәнді, мағыналы өткізуге тырысамын. Жаңа жылда еліме амандық тілеймін!

«Рейтинг» газетінің  оқырмандары көп болсын!  Ұжымға  үлкен табыстарға жете беріңіздер дегім келеді.

Әңгімелескен Сезім Мергенбай

Зылиха Жантасова: «Қара жолдың үстінде шашы желбіреп, жүгіріп бара жатқан өзімді көрдім»
Әбиірбек Тінәлі: «Адамның жанын қию – тек Алланың ісі, ал олар қолдан жасады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу