Қызын мұхитқа лақтырған әке

Oinet.kz 19-01-2026 45

(болған уақиға)

1917 жылдың қазанында италиялықтарды Нью-Йоркке апара жатқан иммигрант-жолаушылар кемесі Атлант мұхитында дүлей дауылға тап болды. Босқындардың арасында 28 жастағы ағаш ұстасы Антонио Руссо мен оның 5 жастағы қызы Мария бар-тын. 

image.png

Антонионың жұбайы 2 жыл бұрын толғақ кезінде көз жұмған. Америка оның соңғы үміті болатын. Жігіт ағасы сол кездері Италия белшесінен батқан кедейшіліктен біржола құтылып, қызыма жарқын болашақ сыйлаймын деп сенді. 

Кенет түнгі 2-де алып толқындар кемені шайқай бастады. Мұздай су үшінші класс жолаушылары ұйықтап жатқан төменгі қабатты басып қалды. Кеме күрт бір жағына қисая бастады. Дәліздер суға толып, адамдар шыңғырып, айқайлап, баспалдақта бірін-бірі таптап, тіршілік үшін арпалысты. Антонио Марияны төсегінен жұлып алып, төбесіне көтере ұстап, алға жүгірді. Бірақ адам қарасы көп, ағыс қатты еді. Қисайған кеме де аяқ бастыртпай қойды. Антонио құтқару желетіне жетпейтінін түсінді. Минуттар – санаулы. Бейшара әке дауыл сындырған терезеге қарай жан ұшыра ұмтылды. Оған тек кішкентай бала ғана сыятын. Ар жағы – қап-қара түнектей болған Атлантиканың мұздай меңіреу суы. Алыстан болмашы жарықтар көрінетіндей... Осының бәрін барлап үлгерген Антонио шошып, бақырып, әкесіне тас кенедей жабысып алған Марияға бір сәтке қарады. Ақыры тағдыршешті шешімге келді. Ол қызын сынған терезеден лақтырып жіберді. Байғұс бала шыңғырған күйі мұхитқа күп ете түсті. Антонио қызының артынан "Мария, жүзе бер! Жарыққа қарай жүзе бер! Кемелер келе жатыр! Жүзе бер!" деп ышқына айқайлады. 

Ол қызында тірі қалу мүмкіндігі барын сезді. 

Өзі аман қалмайтынын түйсінді. 

Қисайған кеме 7 минуттан кейін су астына кетті. Антонио Руссо төменгі қабаттағы 3 класстың қалған 117 жолаушысымен бірге опат болды. Оның денесі сол беті табылмады. 

Ал Мария Руссо 45 минуттан кейін құтқарылды. Денесі үсіп қалған. Бірақ жаны тірі. Құтқарушылар оны көрпеге орап, аурухана-кемеге жедел жеткізді. Байғұс қыз тілін де, түгін де білмейтін жат елде 5 жасында тұл жетім қалды. Оның есінде әкесінің "Жарыққа қарай жүзе бер!" деген бір ауыз сөзі жатталып қалған. 

Кейін Мария Нью-Йорктегі жетімдер үйіне тапсырылды. Ұзақ уақыт бойы "Әкем тірі" деген сеніммен өмір сүрді. Бірақ Антонио Руссодан ешқандай хабар-ошар болмады. Сосын оның үміті жүрек дертіне ұласты. Ол "Әкем менен құтылғысы келді, сондықтан мені мұздай мұхитқа лақтыра салды" деп сенді. Осындай ауыр естелікпен ол 25 жыл өмір сүрді. 30-ға толғанда кеме апатын тергеген тергеуші қаза тапқандардың арасында Антонио Руссо деген есімнің барын жеткізді. Сонда ғана Мария әкесінің қызы үшін өзін құрбан еткенін түсінді. Мария 92 жасында 2004 жылы дүниеден озған. 

1995 жылы 83 жасында берген сұхбатында ол: "Әкем мені өлімге итермеледі деп ойладым. Мені құтқарғанын аңдамадым. Өмір-бақи ол мені тастап кетті деген ауыр өкпенің жетегінде жүрдім" деді. 

Кейін Мария тұрмысқа шығып, 4 баладан 9 немере, 6 шөбере сүйді. 

"Әр туған күнімде, қуанышқа бөленген әр сәтімде әкемді сағынышпен еске аламын. Түн сайын ұйқыға кетер алдында көз алдыма әкемнің кеменің терезесінен қарап тұрған асыл бейнесі мен құлағыма "Жарыққа қарай жүзе бер!" деген сөзі келеді. Содан бері 78 жыл бойы жарыққа қарай жүзіп келемін. Әкем маған риза деп үміттенемін".  

Марияның жан тапсырар алдындағы ақтық сөзі "Әке, саған рақмет. Маған өмір сыйлағаның үшін рақмет. Мен сені жақсы көремін" болған. 

Кейде біз нағыз махаббатты кеш сезінеміз...

Аударған Ернат Рахметолла

Ернат Рахметолланың фейсбук парақшасынан алынды


Майданнан 10 ұлы да аман оралған ана
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу