Сенат депутаттары Отырарда болды

Oinet.kz 11-07-2023 385

50.jpg

 Отырар ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек арнайы іс-сапармен келіп, аудан активімен кездесті. Бұл туралы Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Талапты елді мекеніндегі Сапар орталығында өткен жиынды аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ашып, жүргізіп отырды. Шараға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.

Кездесуде ҚР Сенатының депутаттары Әли Әбдікәрімұлы мен Мұрат Болатұлы сөз алып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының заң шығару жұмыстары мен өткен сессияда Сенат қабылдаған заңдар туралы жан-жақты айтып берді. Сенаторлар көптеген заң жобалары азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын баяндап өтті. Онда елімізде оның ішінде Түркістан облысына қатысты атқарылып жатқан түрлі салаларға кеңінен тоқталды.

Кездесуде Шәуілдір ауылының тұрғыны, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Әбдіхалық Жаймырзаев ағын су тапшылығы жайында мәселе көтеріп, бұл мәселені шешу үшін каналдарды бетонмен қаптау, дреньдер салу жұмыстары жүргізілуі керек екенін атап өтті. Сондай-ақ, аудандық мәслихат дептутаты Мұхтар Есжанов Шәуілдір, Отырар, Қарғалы елді мекендерін ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған Д.Алтынбеков каналын бетонмен қаптау жұмыстарын жалғастыру, «Ақын-Жақып» каналын бетондау жұмыстарын жандандыру секілді бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, мемлекеттік қолдау қажет екенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, зейнеткер Пернехан Жаппарқұлов аймақтағы білім саласында балаларға патриоттық тәрбие беру мақсатында әскери жетекшілердің жұмысын жетілдіру туралы ұсынысын жеткізді.

Кездесу барысында сенат депутаттары көтерілген әрбір ұсыныстың маңыздылығын айтып, олардың кезең-кезеңімен өз шешімін табуына ықпал жасайтынын жеткізді.

Жиын соңында зейнеткер, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мырзабай Өксікбаев аудан халқымен кездесіп, өзекті мәселелерді халықпен бірге талқылап, шешімін табуға қолдау көрсетіп жатқан халық қалаулыларына аудан халқының атынан шынайы алғысын айтып, ақ батасын берді.


Арыстың әкімі тұрғындардың талап-тілегін тыңдады
Әлеуметтік кодекс бойынша түсіндіру жүргізілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу