Жетісай: 2 мың оқушы лагерде демалады

Oinet.kz 17-07-2023 146

25.jpg

Мектеп оқушыларының асыға күткен жазғы демалыстарын жоғары дәрежеде ұйымдастырып өткізу мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл жетісайлық 2 мың оқушы қала сыртындағы лагерлерде демалады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Төле би ауданындағы «Таугүл» лагерінде жаз басталғалы 530 бала демалса, тағы 360 баланы жіберу жоспарда бар. Одан бөлек, бүгінде «Қуаныш» лагерінде тағы 100 бала демалып жатыр. 

Аталмыш демалыс орындарында балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, республикалық деңгейдегі ерікті психологтар мен мамандар балаларға дәріс өтіп жатыр. Түнгі кезекшіліктер ұйымдастырылып, электр, өрт, жолда жүру, бассейнге шомылу, спорт алаңдарындағы қауіпсіздік туралы нұсқаулықтар таныстырылып жатыр.

Лагерьдің тәрбиеленушілеріне емдеу-профилактикалық, сауықтыру іс-шараларын жүргізу мақсатында ас мәзірі мен дайындау сапасы қатаң тексеріліп, оқушыларға 5 мезгіл тамақ беріледі. Сондай-ақ, балалардың келгендегі және кеткендегі салмағы мен бойын өлшеу, денсаулығын қадағалап отыру, сырқаттанған жағдайда алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін медбикелер қызмет етеді. Балалардың дене бітімін дұрыс жетілдіру мақсатында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады. 

Демалушы балалардың ақыл-ой, сана-сезімін жетілдіру бойынша да түрлі әдеби-сазды кештер, мәдени іс-шаралар, танымдық ойындар, байқаулар мен сайыстар өткізіліп жатыр. Бұдан бөлек, балалардың бойын сергіту үшін таза ауада арнайы серуендер және би кештері ұйымдастырылып отырады.

«Бүгінгі таңда лагерьде балалардың рухани тұрғыда санасын серпілту мақсатында жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлініп, демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін түрлі спорттық ойындар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. 5 мезгіл тамақтандыру жолға қойылған. Балалардың жазғы демалысын дұрыс өткізулері – жаңа оқу жылына тың серпін беретіні анық», - дейді Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Шүкірбаева.

Одан бөлек, бөлім тарапынан мектеп жанынан ұйымдастырылған лагерьлерде 14 480 оқушы қамтылады деп жоспарланып отыр.


Түлкібаста «EAGLES OF TURKISTAN» шарасы өтті
Келестік оқушылар «Қазақстан халқына» қоры есебінен демалады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу