«Халық заңгері» Мақтааралда өтті

Oinet.kz 01-06-2025 14

16.jpg 

Елімізде соңғы жылдары «Халық заңгері» жобасы іске асуда.

Бұл жобаның мақсаты – азаматтардың, әсіресе халықтың осал топтарына: аз қамтылғандарға, көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, шағын және орта бизнес өкілдері, студенттер және басқа да көптеген азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және тегін заңгерлік көмек көрсету.

Мақтаарал ауданында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан республикалық "Халық заңгері" акциясы биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

 Іс-шара барысында тәжірибелі заңгерлер, адвокаттар, нотариустар мен медиаторлар, сондай-ақ құқық қорғау органдарының, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері аудан тұрғындарын қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді. Тұрғындарға жылжымайтын мүлік, жер қатынастары, әлеуметтік көмек, алимент өндірісі, зейнетақы мен жәрдемақы, еңбек даулары және басқа да құқықтық мәселелер бойынша кеңестер берілді.

Акцияға келген тұрғындар өздерін мазалап жүрген көптеген сұрақтарға нақты әрі заңды жауаптар алып, кейбірінің мәселелері сол жерде шешімін тапты. Мамандар кейбір күрделі жағдайларда заңды тұрғыда қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп, қажетті құжаттарды дайындауға көмектесті. Қабылдаулар жеке және құпия түрде ұйымдастырылды, бұл азаматтардың еркін әрі ашық пікір білдіруіне мүмкіндік берді.

Шараға қатысқан облыстық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау саласының өкілдері осындай бастамалардың қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті. Олар тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру — құқықбұзушылықтардың алдын алудың бірден-бір жолы екенін айтты.

"Халық заңгері" акциясы халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, сенім деңгейін арттырады. Сонымен қатар, бұл шара тұрғындардың мемлекеттік органдардың қызметі туралы нақты ақпарат алуына, өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуіне септігін тигізеді.

Айта кетейік, аудан тұрғындары аталмыш акцияның тұрақты түрде өткізіліп тұруын қалайтындарын жеткізіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.


«Таза Қазақстан» «нольдік төзімділікті» қалыптастыруда
Мақтаарал: Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу