Бәйдібек: «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасының орындалуы талқыланды

Oinet.kz 20-10-2025 15

5.jpg 

Бәйдібек ауданында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарының толыққанды қорғалуы мен кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланған маңызды жиын өтті. Аталған кездесуге Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов арнайы іссапармен келіп, жергілікті білім беру саласының өкілдерімен, атап айтқанда мектеп директорлары мен психолог мамандармен мазмұнды әрі тікелей диалог форматында кездесу өткізді. Жиынға сондай-ақ ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің жетекшілері мен сала мамандары қатысты.

Бұл басқосудың негізгі өзегі — «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасының орындалу тетіктерін талқылап, балаларға қатысты кез келген келеңсіздіктің алдын алу, оларға қауіпсіз орта қалыптастыру жолдарын нақтылау болды. Қазіргі таңда мемлекет деңгейінде баланың құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуына лайықты жағдай жасау – стратегиялық басым бағыттардың біріне айналды. Қазақстан Республикасының Конституциясында да: «Балалар — мемлекеттің қамқорлығында болады» деп тайға таңба басқандай көрсетілген.

Кездесу барысында Дәулет Тлемисов балалардың құқықтарын қорғаудағы қолданыстағы заңнамалық механизмдер мен оларды жетілдіру қажеттілігіне кеңінен тоқталды. Әсіресе соңғы жылдары қоғамда жиі бой көрсетіп жүрген балаларға қарсы жасалатын құқықбұзушылықтар мен зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алуға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Ол үшін профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, мектеп пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл тығыз болуы тиіс екені баса айтылды. Тәрбиелік мәні зор осындай кездесулер — бала қауіпсіздігіне бағытталған нақты әрі пәрменді қадамдардың бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөздерінде: «Баланың амандығы — ұлт болашағының кепілі. Әрбір бүлдіршін өз құқығының қорғалғанын, қоғамның және мемлекеттің оған қамқор екенін сезінуі тиіс», — деп атап көрсеткен еді. Бұл қағида – «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасының басты негізіне айналған. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның, мемлекеттік органдар мен азаматтық институттардың ортақ жауапкершілігі.

Кездесу барысында білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастықтың нақты бағыттары белгіленді. Әсіресе мектептерде тәуекелі жоғары отбасылармен жұмыс жүргізу, оқушылардың психоэмоционалдық жай-күйін бақылау, киберқорқыту және әлеуметтік желідегі қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету сынды өзекті мәселелерге назар аударылды. Қазіргі қоғамда балалар тек физикалық емес, ақпараттық қауіптермен де бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан мектеп психологтарының рөлі артып, оларды тәжірибелік оқытулар мен әдістемелік қолдаулар арқылы нығайту қажеттігі сөз болды.

Кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру да жиында басты тақырыптардың бірі болды. Бұл бағытта құқықтық тренингтер, интерактивті сабақтар мен баланың жас ерекшелігіне сай бейімделген құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Заңды білу – оны сақтау мәдениетінің негізі. Әр бала өз құқығын түсініп, оны қорғай алуы қажет. Сол арқылы ол ертеңгі күні қоғамға бейімделген, жауапты азамат ретінде қалыптасады.

Кездесу соңында нақты тапсырмалар беріліп, білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар міндеттер жүктелді. Олардың ішінде мектептердегі бейнебақылау жүйелерінің тиімділігін арттыру, психологиялық қызметтердің жұмысын үйлестіру, ата-аналармен тұрақты байланыс орнату, оқушыларға құқықтық тәрбие беру жұмыстары жүйеленіп, аудандық деңгейде қатаң бақылауға алынатын болды.

Бұл басқосу — өңірде құқықтық саясатты нығайту, бала құқығын қорғау мәдениетін орнықтыру жолындағы маңызды қадам. Мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, жергілікті билік пен қоғам өкілдерінің ортақ әрекеті арқылы ғана балалар үшін шынайы қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға болады. Баланың құқықтарын қорғау – заңмен ғана емес, ар-ұжданмен атқарылатын міндет. Сондықтан қоғам болып жұмылып, әрбір баланың мүддесін қорғау – біздің ортақ борышымыз.

Сондай-ақ,  аудан әкімдігінде Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисовтің қатысуымен аудан активімен арнайы кездесу өтті. Бұл жиын — аудандағы қоғамдық-саяси ахуалдың өзекті мәселелерін талқылап, азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналды. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары, бөлім және мекеме жетекшілері, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты.

Бұл жиында көтерілген негізгі мәселе — қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзара ықпалдастығын күшейту. Дәулет Тлемисов жиын барысында мемлекет пен халық арасындағы байланыстың тиімді тетіктеріне тоқталып, жергілікті деңгейде азаматтардың өтініштерін дер кезінде қараудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, билік пен қоғам арасындағы ашық әрі жүйелі диалог — тұрғындардың мемлекетке деген сенімінің негізі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы нақты айтқан болатын: «Мемлекеттік орган халықпен ашық диалог жүргізіп, кез келген мәселені жедел әрі тиімді шешуі тиіс. Билік — халықтың қызметшісі екенін ұмытпауымыз керек». Осы ұстаным қазіргі кезде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың жұмысына бағыт-бағдар болуы тиіс.

Кездесу барысында тұрғындардың құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру бағытында бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Қатысушылар өзара пікір алмасып, қоғамдағы өзекті мәселелерге құқықтық баға беру мен оның алдын алу жолдарын ортаға салды.

Жиын соңында аудан басшылығы облыстық прокуратура өкілдеріне алғысын білдіріп, ел ішінде тұрақтылық пен заңдылықты сақтау жолында бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Бұл кездесу — құқықтық мәдениетті арттыруға, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды. Мұндай іс-шаралар қоғамдық қатынастарды демократиялық жолмен дамытуға ықпал етіп, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау ісіне серпін берері сөзсіз.


«Құқықтық дәріхана»—Созақ ауданында
Қаржылық сауаттылық алаяқтардың тұзағынан сақтайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу