Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі мұхит әлемі кешені салынуы мүмкін

Түркістан облысында қытайлық инвесторлармен бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыру жұмыстары басталды. Бұл бағыттағы келіссөздер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында жүргізіліп, нәтижесінде өңір экономикасын дамытуға бағытталған бірқатар жаңа инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды.
Сапар аясында әлемдік деңгейдегі жетекші компаниялармен келіссөздер өткізіліп, туризм, мәдениет, инфрақұрылым және қызмет көрсету салаларында өзара тиімді әріптестік орнату мәселелері талқыланды. Қол жеткізілген келісімдер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа экономикалық мүмкіндіктерді ашуға бағытталған.
Осы маңызды бастамалардың бірі – Қытайдың мәдени туризм саласындағы жетекші компанияларының бірі саналатын Wuhan Chengye Cultural Tourism компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын көпфункционалды туристік-ойын-сауық кешенінің құрылысы. Бұл жоба өңірдің туристік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық бастамалардың қатарында.
Бүгінде аталған жобаны іске асыру бойынша нақты жұмыстар басталып кетті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытай Халық Республикасына іссапар барысында бірқатар кәсіпорындар мен туристік нысандардың жұмысымен танысып, инвесторлардың тәжірибесін зерделеуде. Сонымен қатар болашақ жобалардың техникалық мүмкіндіктері, экономикалық тиімділігі және басқару модельдері жан-жақты қарастырылуда.
Қытайдың Хубэй провинциясындағы Цзинчжоу қаласында орналасқан «Цзинчжоу мұхит әлемі» кешені бүгінгі таңда елдегі ең танымал туристік орталықтардың бірі болып саналады. Жалпы аумағы 500 мың шаршы метрді құрайтын бұл кешен құрамында мұхит аквариумы, сирек кездесетін ақ киттер, полярлық жануарлар аймағы, аквапарк, балаларға арналған танымдық орталықтар, шытырман оқиғалар саябағы, алып IMAX кинотеатры және түрлі заманауи ойын-сауық аймақтары жұмыс істейді.
Аталған тәжірибе енді Түркістан облысында қолданылмақ. Жоба аясында өңірде халықаралық стандарттарға сай көпфункционалды туристік кешен салу жоспарланып отыр. Бұл кешен отбасылық демалысқа арналған, заманауи технологиялармен жабдықталған, әрі туристер үшін тартымды жаңа орталық болмақ.
Соңғы жылдары Түркістан облысы еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан туристік өңірлердің біріне айналды. Аймақтың тарихи-мәдени мұрасы, қолайлы географиялық орналасуы және инфрақұрылымдық дамуы туризм саласын дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жаңа кешен іске қосылған жағдайда Түркістан тек рухани-тарихи орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі заманауи туристік хабқа айналмақ.
Айта кету керек, бұған дейін Wuhan Chengye Cultural Tourism компаниясының өкілдері Түркістан облысына арнайы сапармен келіп, жобаны жүзеге асыру бойынша алғашқы келіссөздер жүргізген болатын. Сондай-ақ тараптар арасында өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылып, бірлескен жұмыс бағыты айқындалған.
Қазіргі таңда екі тарап жобаны іске асырудың нақты мерзімдері мен кезеңдерін пысықтауда. Құрылыс жұмыстарына қатысты техникалық талаптар, инвестициялық шарттар және инфрақұрылымдық қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқылануда. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда бұл кешен Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі отбасылық және теңіз тақырыбындағы туристік орталықтардың біріне айналуы мүмкін.
Жобаның экономикалық әсері де айтарлықтай болмақ. Ол өңірге миллиардтаған теңге көлемінде инвестиция тартуға, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын әрі орта бизнестің дамуына серпін беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қызмет көрсету саласының кеңеюіне және жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтардың ашылуына жол ашады.
Ең бастысы, бұл бастама Түркістанның халықаралық туристік картадағы орнын күшейтіп, өңірдің жаңа даму кезеңіне өтуіне ықпал етеді деп күтілуде.:::


