Түркістанда мұнай-газ және энергетика саласындағы бірлескен жоба талқыланды

Oinet.kz 12-06-2026

image.png

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Цзянсу провинциясының Нанкин қаласында әлемдік деңгейдегі жетекші инженерлік және өнеркәсіптік компаниялардың бірі – Sinopec Nanjing Engineering компаниясының бас директоры әрі партия комитеті хатшысының орынбасары У Цзибо және «САУТС-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейтжановпен маңызды стратегиялық келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында тараптар Түркістан облысында мұнай-газ химиясы, энергетика, өнеркәсіптік инфрақұрылым және жоғары технологиялық өндіріс салаларында бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырды. Аталған бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталып, оның географиялық орналасуының тиімділігін, халықаралық көлік-логистикалық дәліздерге жақындығын, арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу режимін және инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды. Оның айтуынша, өңірде өндірістік кооперацияны дамытуға, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашуға және заманауи технологияларды енгізуге барлық қажетті жағдайлар жасалып отыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған инвестиция тарту және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту бағыты – біздің өңірлік саясатымыздың негізгі басымдықтарының бірі. Біз халықаралық деңгейдегі сенімді серіктестермен бірлесіп, жаңа өндірістерді іске қосуға, сапалы жұмыс орындарын құруға және экономиканы әртараптандыруға ерекше мән береміз, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Sinopec Nanjing Engineering компаниясының басшылығы Түркістан облысының индустриялық және инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, өңірде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді. Компания мұнай өңдеу, мұнай-химия, энергетика, экологиялық технологиялар және цифрлық инженерия бағыттарындағы көпжылдық халықаралық тәжірибесін Түркістан өңірінің өнеркәсіптік дамуына бағыттауға дайын екенін атап өтті.

Келіссөздер барысында тараптар мұнай-химия кешендерін салу, газ өңдеу инфрақұрылымын дамыту, жаңартылатын энергия көздерін енгізу, төмен көміртекті технологияларды дамыту және заманауи инженерлік шешімдерді өндіріске енгізу мәселелерін кеңінен талқылады. Сондай-ақ жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру, инвестициялық модельдерді айқындау және өндірісті жергіліктендіру тетіктері қарастырылды.

Бұдан бөлек, жиында кадрлық қамтамасыз ету және технологиялық трансфер мәселесіне ерекше назар аударылды. Тараптар жергілікті мамандарды оқыту, біліктілігін арттыру, халықаралық стандарттарға сай инженерлік кадрлар даярлау және жаңа технологияларды енгізу бағытында бірлескен бағдарламалар әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Кездесу барысында «САУТС-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейтжанов та сөз алып, мұндай халықаралық деңгейдегі әріптестіктің Қазақстанның энергетика және өнеркәсіп саласын дамытуға зор мүмкіндік беретінін жеткізді. Оның айтуынша, бірлескен жобалар отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Түркістан облысында бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін нақтылап, инвестициялық жобаларды кезең-кезеңімен пысықтау және техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу бойынша жұмыстарды бастауға уағдаласты.

Аталған бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін қалыптастырып қана қоймай, Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін бермек.

Өңір делегациясы Қытайда стратегиялық келіссөздер өткізді
«Ауыл аманаты» бағдарламасы өндірістің өркендеуіне серпін берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу