Жетісайда кәсіпкерлік пен өндіріс дамуда

Oinet.kz 09-06-2026

image.png

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмалары аясында Жетісай ауданында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан экономикасын нығайтуға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға бағытталған.

Осыған орай Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов аудан аумағындағы бірнеше кәсіпкерлік және өндірістік нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында нысандардың құрылыс қарқыны, сапасы және кәсіпкерлерге жасалып жатқан жағдайлар талқыланды.

Алдымен аудан басшысы Жетісай қаласының орталық саябағы аумағында салынып жатқан заманауи аттракциондар мен балалар ойын алаңшасының құрылыс алаңына барды. Жоба жеке инвестордың қаржысы есебінен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Нысанды аралау барысында Серік Үсенұлы құрылыс сапасына ерекше назар аударып, кәсіпкермен пікір алмасты. Әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне басымдық берілді. Орнатылатын ойын құрылғыларының техникалық талаптарға толық сәйкес болуы, қауіпсіздік стандарттарының сақталуы және қажетті рұқсат құжаттарының болуы жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Аудан әкімі мұндай демалыс орындарының тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи ойын-сауық кешендері балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастырады. Сондықтан халықтың сұранысына сай қауіпсіз әрі сапалы нысандар салу басты назарда болуы тиіс.

Бұдан кейін аудан басшысы Асықата кентінде орналасқан өндірістік паркке барып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын өндірістік аймақта бірнеше кәсіпорын жұмысын бастап үлгерген. Мұнда түрлі бағыттағы шағын өндіріс орындарын орналастыру көзделген.

Өндірістік парк аудан экономикасын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып саналады. Аталған жоба жаңа өндірістер ашуға, жергілікті кәсіпкерлердің жұмысын кеңейтуге және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндірістік паркке жаңа инвесторларды тарту арқылы ауданның өндірістік әлеуетін арттыру көзделіп отыр.

Кәсіпкерлермен кездескен аудан әкімі өндіріс көлемін ұлғайту мен жаңа жобаларды іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, индустриялық аймақ пен шағын өндірістік парктердің мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға болады. Бұл өз кезегінде жаңа кәсіпорындардың ашылуына, бюджет кірістерінің көбеюіне және тұрғындардың жұмыспен қамтылуына оң әсер етеді.

Жалпы соңғы жылдары Жетісай ауданында кәсіпкерлікті қолдауға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, өндіріс орындарын ашуға қолайлы жағдай жасалуда. Соның нәтижесінде ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып, жаңа жұмыс орындары құрылуда.

Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мұндай жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Сонымен қатар тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, халықтың табысын арттыруға және өңірдің инвестициялық әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.

Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа өндіріс орындарының ашылуына және аудан экономикасының одан әрі дамуына негіз болмақ.

Қытай сапары: Жаңа жобалардың бағыты айқындалды
Өңірде импортты алмастыратын гүл өндірісі дамытылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу