Түркістанға 7,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

Oinet.kz 18-06-2026

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарының бірі ретінде өңірлерге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру міндетін айқындап берді. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Түркістан облысы құрылғаннан бері инвестициялық ахуалды жақсарту және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлер мен инвесторларға қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ туындаған мәселелерді жедел шешу бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа өндірістік жобалардың көбеюіне ықпал етуде.

Түркістан қаласының рухани және туристік орталық ретінде қарқынды дамуы да өңір экономикасына тартылатын инвестиция көлемінің өсуіне оң әсерін тигізіп отыр. Соңғы сегіз жыл ішінде Түркістан облысының экономикасына жалпы көлемі 7 трлн 570,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл – өңірдің инвестициялық әлеуетінің айқын көрсеткіші.

2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн 745,6 млрд теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге артты. Салыстырмалы түрде алғанда, 2018 жылы бұл көрсеткіш 314,1 млрд теңгені құраған болатын.

Инвестициялық белсенділік 2026 жылы да жоғары қарқынмен жалғасуда. Жылдың алғашқы бес айында өңір экономикасына 614,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 150,5 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Өткен жылы осы кезеңде инвестиция көлемі 387,8 млрд теңгені құраған еді.

Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспарланған межеден асыра орындалды. Бұл өңірдің халықаралық деңгейдегі инвестициялық тартымдылығының артқанын көрсетеді.

Бүгінде Түркістан облысында жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар өндірістік қуатты арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Өңірде инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптастырылған. Инвестициялық жобаларды жан-жақты сүйемелдеу, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді қолдану бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар облыста негізгі инвестициялық алаңдар қалыптасқан. Олардың қатарында «Turan» арнайы экономикалық аймағы, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы, индустриялық аймақтар және барлық аудан-қалалардағы шағын өндірістік парктер бар. Бұл алаңдар өндіріс орындарын орналастыруға және жаңа жобаларды іске асыруға кең мүмкіндік береді.

Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы тек экономикалық өсімді ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халық табысының артуына және өңірдің әлеуметтік дамуына да оң әсерін тигізуде.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз болып отыр. Алдағы уақытта да инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, экспорт көлемін арттыру және халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы жобаларға басымдық берілетін болады.

Ауыл шаруашылығы өнім көлемі 2,2 есеге артты
Заманауи жол бойы кешендері пайдалануға берілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу