Әйелдер арасында жұмыссыздықты азайту мәселесі қаралды

Түркістан облысында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясатты жетілдіру, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасы институтын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға комиссия мүшелері, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау және құзырлы орган өкілдері, сондай-ақ аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары мен қалалық комиссия мүшелері селекторлық форматта қатысты.
Комиссия отырысын облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ертай Алтаев ашып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталып өтті. Ол әйелдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, отбасылық құндылықтарды нығайту және әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау – өңір саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Жиын барысында әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, оларды тұрақты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту мәселелері кеңінен қаралды. Сондай-ақ әйелдердің еңбек нарығындағы үлесін арттыру, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін күшейту және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бағытындағы жұмыстар сараланды.
Сонымен қатар әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі де ерекше назарға алынды. Бұл бағытта құқық қорғау органдары тарапынан атқарылып жатқан профилактикалық шаралар, құқықтық түсіндіру жұмыстары және отбасылық зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу тетіктері талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Байғұтов, Түркістан облысы Полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Жанаев, облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов және өзге де жауапты өкілдер баяндама жасады.
Баяндамалар барысында әйелдерді еңбекке тарту, әлеуметтік қолдау шаралары, сондай-ақ білім беру саласында қыз балалардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері көтерілді. Әсіресе қыз балаларды заманауи ғылым мен технология салаларына бейімдеу, инженерия және STEM бағыттарына тарту бойынша жаңа жобаларды іске асыру қажеттігі атап өтілді.
Жиын барысында комиссия мүшелері тарапынан нақты ұсыныстар айтылып, әйелдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, отбасылық құндылықтарды нығайту және жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша аудан және қала әкімдіктеріне әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытындағы жұмыстарды күшейту, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қолдау көрсету және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру тапсырылды.
Сонымен қатар Полиция департаментіне әйелдер мен балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларды жандандыру жүктелді. Ал білім басқармасына қыз балаларды STEM бағыттарына тарту, инженерлік және техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру міндеті қойылды.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстайтынын айтып, барлық жауапты органдарға атқарылған жұмыстар жөнінде жүйелі түрде ақпарат беріп отыруды міндеттеді.
Жалпы алғанда, комиссия жұмысы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және гендерлік саясатты дамыту бағытындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып қала береді.


