Инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды

Түркістан облысында инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне арналған кезекті инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар маңызды жобалардың орындалу барысын жан-жақты қарастырды.
Күн тәртібінде биыл іске асырылып жатқан 10-нан астам инвестициялық жобаның өзекті мәселелері талқыланып, инвесторлар мен жауапты мемлекеттік органдардың есептері тыңдалды. Штаб отырысының негізгі мақсаты – жобалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, туындаған түйткілдерді жедел шешу және инвестициялық процестердің тиімділігін арттыру болды.
Жиында Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан «Нұрқағаз Х» ЖШС-нің қағаз өндіру зауытының құрылысы қаралды. Жалпы инвестициялық құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба толық іске қосылғанда жылына 60 мың тонна қағаз өнімін өндіруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда әкімшілік-тұрмыстық кешен, өндірістік қоймалар және бақылау-өткізу пунктінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жер қазу және бетон құю жұмыстары толық аяқталып, металл конструкцияларды орнату кезеңі жалғасуда. Жобаның жалпы құрылыс деңгейі 80 пайызға жеткен. Қажетті өндірістік құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан толық жеткізілген.
Сонымен қатар «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың барысы қаралды. Солардың бірі – «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің тоқыма зауыты. 16 роторлы иіру желісімен жабдықталатын кәсіпорын жылына 20–30 мың тонна мақта иірімжібін өндіруге қауқарлы. Жобаның құны 5,4 млрд теңгені құрайды және 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жоба аясында жатақханалардың сыртқы құрылысы аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, ал өндірістік блоктың іргетасы толық дайын. Металл конструкциялар жақын уақытта жеткізіледі.
Штаб отырысында бұдан бөлек «Turkistan Lihua» ЖШС-нің тігін, тоқыма және бояу-әрлеу фабрикаларының, сондай-ақ Отырар ауданында салынып жатқан мақта өңдеу және мақта тұқымын өндіру зауытының құрылысы қаралды. Бұл жобалар өңірде мақта-тоқыма кластерін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.
Жиында Жетісай ауданындағы «Altyn Kun Group» ЖШС мен Отырар ауданындағы «Lesso Drip» ЖШС-нің тамшылатып суару жүйелерін өндіру жобалары да назарға алынды. Аталған кәсіпорындар ауыл шаруашылығын цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын дамытуға ықпал етпек.
Сонымен қатар Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан «Huating Biotechnology Co., LTD» ЖШС-нің ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіру зауытының құрылысы талқыланды. Бұл жоба ауыл шаруашылығы қалдықтарын терең өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыруға бағытталған.
Сауран ауданында да бірқатар өндірістік жобалардың орындалу барысы қаралды. Атап айтқанда, «Diamond Steel Co. Ltd» ЖШС-нің металл өнімдері зауыты, «Bereke Plastic» ЖШС-нің бір реттік ыдыс-аяқ өндіру кәсіпорны, «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-нің ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығаратын зауыты және «Sauran Solar Power» ЖШС-нің қуаттылығы 300 МВт күн электр станциясы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар сараланды.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды. Ол жауапты органдарға әрбір жобаның орындалуын қатаң бақылауда ұстап, инвесторлар көтерген мәселелерді дер кезінде шешу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар берілген тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын ескертті.
Отырыс барысында айтылған барлық ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы бойынша жүйелі мониторинг жүргізілетіні атап өтілді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында инвестициялық жобаларды қолдау және жаңа өндірістерді дамыту бағытындағы жұмыстар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік дамуды жеделдетуге мүмкіндік беріп отыр.


