Полиция басшысы Абай ауданы тұрғындарымен ашық кездесу өткізді

Мемлекет басшысы айқындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік органдар қызметінің басты қағидаттарының біріне айналды. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын дер кезінде тыңдап, оларды заң аясында шешу арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласы Полиция департаментінде де жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Осы мақсатта Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев Абай ауданына қарасты Нұр-Шуақ және Достық шағын аудандарының тұрғындарымен кезекті көшпелі кездесу өткізді. Ашық форматта өткен басқосу тұрғындарды толғандырған мәселелерді тікелей тыңдап, олардың ұсыныс-пікірлерін назарға алуға арналды.
Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздік, жол қозғалысын ұйымдастыру, учаскелік полиция инспекторларының жұмысы, құқық бұзушылықтардың алдын алу, көшелерді жарықтандыру, бейнебақылау жүйесін жетілдіру және өзге де өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын ашық қойып, күнделікті өмірде кездесетін түйткілдер жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Департамент басшысы әрбір азаматтың пікіріне ерекше назар аударып, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар кездесуде айтылған барлық ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, оларды шешу үшін жауапты құрылымдық бөлімшелер мен қызмет басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Әрбір өтініштің орындалуы бақылауға алынып, нәтижесі тұрғындарға жеткізілетіні атап өтілді.
Мұхтар Жұмабайұлы Қожаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек полицияның ғана емес, тұрғындар мен мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылының нәтижесінде жүзеге асатынын айтты. Сондықтан халықпен тұрақты байланыс орнату, азаматтардың пікіріне құлақ асып, олардың ұсыныстарын ескеру полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді.
Бүгінде мұндай көшпелі кездесулер тұрғындар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді арттырып, нақты мәселелердің дер кезінде шешілуіне жол ашуда. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі көрінісі.


