Танымал блогермен кездесу өтті

Қоғамның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетігі – заңның үстемдігі мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Сондықтан өскелең ұрпақтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған тәрбиелік іс-шаралардың маңызы зор. Осы мақсатта Шымкент қаласының прокуратурасының ұйымдастыруымен №2 Оқушылар сарайының дарынды балаларға арналған жазғы лагерінде танымал блогер Мансар Орынханның қатысуымен тағылымды кездесу өтті. Мансар Орынхан – қазақстандық жайдарманшы, актер, блогер және медиа тұлға. Ол көпшілікке алдымен «Миллион» жайдарман командасының мүшесі ретінде танылды. Кейін әлеуметтік желілерде белсенді контент шығарып, түрлі әзіл-сықақ жобалары мен сериалдарға қатысты. 2026 жылы Түркістан облысы күрес федерациясының медиа жөніндегі вице-президенті болып тағайындалған.
Іс-шара барысында прокуратура әзірлеген «Заң мен тәртіп – қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізі» тақырыбындағы бейнеролик көрсетілді. Онда заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтары мен міндеттері және құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы кеңінен баяндалды.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты бүгінде Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі бағытына айналды. Заң үстемдік құрған қоғамда тұрақтылық пен сенім орнығып, азаматтардың құқықтары сенімді қорғалады. Сондықтан балалардың бойына заңға құрмет, жауапкершілік, адалдық және азаматтық белсенділік сияқты құндылықтарды ерте жастан сіңіру – уақыт талабы. Құқықтық тәрбие тек құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, ел болашағына бейжай қарамайтын, қоғам мүддесін жоғары қоятын саналы ұрпақ тәрбиелеуге негіз болады.
Кездесу барысында балалармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, заңға құрмет, құқықтық сана, азаматтық жауапкершілік және қоғамдағы тәртіптің маңызы жөнінде мазмұнды әңгіме өрбіді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға жан-жақты жауап берілді. Осындай тәрбиелік кездесулер жасөспірімдердің құқықтық білімін жетілдіріп, олардың заң талаптарын құрметтейтін, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азамат болып қалыптасуына оң ықпал етеді. Заңды сақтау – әрбір азаматтың міндеті, ал тәртіпке бағыну – елдің берекесі мен кемел келешегінің кепілі.


