Жұмыспен қамтуда заң бұзуға жол берілмейді

Oinet.kz 26-07-2026

Screenshot_3.jpg

Халықты тұрақты жұмыспен қамту, еңбек нарығындағы ашықтықты қамтамасыз ету және азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау – құқықтық мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында Шымкент қаласының прокуроры Елдос Сағиевтің төрағалығымен халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздықтың алдын алу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Басқосуға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімдері, сондай-ақ бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

Кеңес барысында жұмыспен қамту саласында атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігі жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Enbek.kz платформасындағы мәліметтердің нақтылығы, бос жұмыс орындарының шынайылығы, кәсіби оқыту бағдарламаларының сапасы, мемлекеттік гранттарды беру тетіктері және субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Қатысушылар халықты нәтижелі жұмыспен қамту бағытындағы өзекті проблемаларды ортаға салып, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынды.

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау ісінде де ерекше маңызға ие. Әрбір мемлекеттік бағдарлама заң талаптарына сай әрі ашық жүзеге асырылғанда ғана халықтың сенімі артып, әлеуметтік әділеттілік қамтамасыз етіледі. Жұмыспен қамту саласындағы жалған есептілікке, формалды көрсеткіштерге және заң талаптарының бұзылуына жол бермеу – құқық үстемдігін нығайтудың маңызды бөлігі. Бұл бағыттағы прокурорлық қадағалау мемлекеттік қолдау шараларының нақты мұқтаж азаматтарға жетуіне және еңбек нарығында әділдіктің сақталуына ықпал етеді.

Қала прокуроры Елдос Сағиев қабылданып жатқан шаралардың басты нәтижесі статистикалық көрсеткіштер емес, азаматтарды нақты әрі тұрақты жұмыспен қамту болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Үйлестіру кеңесінің қорытындысында мемлекеттік органдарға анықталған кемшіліктерді жою, жұмыспен қамту тетіктерінің тиімділігін арттыру, ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз ету және азаматтарды тұрақты еңбекпен қамту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бұл шаралар тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болмақ.

Инвесторлардың құқығы заң шеңберінде қорғалады
Азаматтардың интернет кеңістігіндегі құқығын қорғау да маңызды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу