Кәсіпкерлерге экологиялық талаптар түсіндірілді

Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кәсіпкерлік субъектілерінің заң талаптарын сақтауына және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қаратау ауданының прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Шымкент қаласы бойынша филиалында инвесторлармен кездесу өткізді.
Басқосудың негізгі мақсаты – кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы заң талаптарын сақтауына назар аудару. Кездесу барысында қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемдерді төлеу, кәсіпорындарда өндірілетін қалдықтарды азайту, оларды қайта пайдалану және қайта өңдеу арқылы экологиялық жауапкершілікті арттыру мәселелері түсіндірілді.
Бұл талаптардың сақталуы кәсіпкерлік қызметтің заң шеңберінде жүргізілуімен тікелей байланысты. Экологиялық заңнамада қоршаған ортаға әсер ететін қызмет түрлеріне қойылатын талаптар мен өндірістік экологиялық бақылау тетіктері қарастырылған.
Кездесу барысында аудан прокуратурасы жүргізген талдау нәтижелері де назарға алынды. Талдау кезінде қала аумағында орналасқан бірнеше кәсіпорынның арнайы экологиялық рұқсатсыз жұмыс істегені анықталған.
Осыған байланысты қаланың экология департаментіне қадағалау актісі енгізілді. Кәсіпорындарға қызметінің санатына қарай тиісті арнайы экологиялық рұқсаттарды рәсімдеу және қоршаған ортаға теріс әсер еткені, яғни эмиссиялар үшін белгіленген төлемдерді төлеу қажеттігі түсіндірілді.
Прокуратура өкілдері кәсіпкерлерге экологиялық талаптарды сақтаудың тек табиғатты қорғау шарасы емес, заң алдындағы міндет екенін жеткізді. Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, өндірістік қалдықтардың көлемін азайту және оларды қайта өңдеуге бағыттау да кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуы – кәсіпорындардың ғана емес, тұтас қаланың экологиялық қауіпсіздігіне әсер ететін мәселе. Сондықтан заң талаптарын орындау, экологиялық рұқсаттарды уақтылы рәсімдеу және қоршаған ортаға келетін теріс әсерді азайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.


