Заң мен тәртіп: ата-ана жауапкершілігі күшейтілуде

Oinet.kz 23-09-2026

image.png

Қыркүйек айының соңына дейін Шымкент қаласындағы барлық мектептерде ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылуда. Кездесулерде жаңа оқу жылының міндеттерімен қатар, бала қауіпсіздігі, құқықтық тәрбие және отбасы мен мектеп арасындағы өзара байланысты күшейту мәселелері кеңінен талқылануда.

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал еңбек» қағидаттары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарында жүйелі түрде ілгерілетілуде. Осы құндылықтарды бала санасына сіңіруде мектеппен қатар отбасының да орны ерекше. Ата-аналар жиналыстарында аталған бағыттарға арнайы мән беріліп отыр.

Кездесулердің мақсаты – ата-аналарды  Жаңа Конституцияның құндылықтарын ілгерілету және отбасы, мектеп пен қоғам арасындағы тиімді серіктестікті нығайту. Бұл ретте бала тәрбиесі тек білім беру ұйымының міндеті емес, ата-ана мен қоғамның ортақ жауапкершілігі екені назарға алынады.

«Заң мен тәртіп» қағидаты ең алдымен баланың құқық пен міндетті түсінуінен, өз әрекетінің салдарына жауап бере білуінен басталады. Осыған байланысты ата-аналарға жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, қоғамдық ортадағы тәртібіне көңіл бөлу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қауіптің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен бірге ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты азаматтық жауапкершілігін арттыруға, олардың баланың тәрбиесі мен білім алуына белсенді қатысуына басымдық берілуде. Әрбір баланың өзін қауіпсіз әрі қолайлы ортада сезінуі үшін ата-ана мен мектеп арасында тұрақты байланыс орнатудың маңызы атап өтілуде.

Жиналыстарға полиция, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар, ішкі саясат және қаржылық қауіпсіздік салаларының өкілдері қатысуда. Мамандар ата-аналарға балалардың қауіпсіздігі, цифрлық ортадағы мінез-құлық, интернеттегі қауіп-қатерлер, психологиялық әл-ауқат, құқықтық мәдениет және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша нақты ақпарат беруде.

 «Заң мен тәртіп»,  «Адал азамат» бағдарламалары аясындағы құндылықтарды күнделікті тәрбие жұмысына енгізу жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық және заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.

«Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында бір мезетте профилактикалық кездесу өтті
Дрон арқылы заң бұзушылықтар анықталуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу