Буллингке қарсы бір қадам – заңды құрметтеуден басталады

Oinet.kz 24-09-2026

image.png

Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу – қауіпсіз орта құрудың маңызды шарттарының бірі. Осы бағытта Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен М. Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында «Буллингке қарсы бір қадам» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараға полиция және жастармен жұмыс істейтін мамандар қатысып, білім алушыларға буллингтің салдары, құқықтық жауапкершілік және қиын жағдайға тап болған кезде көмек сұраудың жолдары туралы түсіндірді.

Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы Криминалдық полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Қошанов Ернар Жомартұлы, Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ирисбеков Рахымжан Испандиярұлы, сондай-ақ Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны Анарбаева Әсемай Есенқызы қатысты. Сонымен бірге «Жастар ресурстық орталығы» КММ Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Қоңрат Үміт Қайсарқызы жастармен жұмыс жүргізді.

Мамандар буллингтің біреуді мазақтау немесе кемсіту ғана емес, адамның ар-намысына, психологиялық жағдайына және қауіпсіздігіне әсер ететін әрекеттер жиынтығы екенін түсіндірді. Мұндай жағдайға тап болған жастардың мәселені іште сақтамай, ата-анасына, педагогке, психологке немесе құқық қорғау органдарына жүгінуі маңызды екені айтылды.

Кездесу барысында құқықтық сауаттылықты арттыруға да басымдық берілді. Студенттерге заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау және құқық бұзушылыққа жол бермеу мәселелері түсіндірілді.

«Заң мен Тәртіп» қағидаты құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана жауапкершілікке тартумен шектелмейді. Оның маңызды бағыты – құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың, әсіресе жастардың заңға деген құрметін қалыптастыру. Буллингтің алдын алу жұмыстары да осы міндетпен сабақтас. Қауіпсіз орта қалыптастыру әр адамның жауапкершілігінен басталады.

Заң мен Тәртіп: азаматтардың құқығы қалпына келтірілді
Оңай олжаға қызықпаған дұрыс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу