Қаржылық қақпаннан сақ бол!

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде жастардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған кездесу өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбындағы іс-шарада студенттерге бүгінгі қоғамдағы қаржылық қауіптердің түрлері мен олардан сақтану жолдары түсіндірілді.
Кездесуге Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ресми өкілі Аружан Русланқызы Әлжан қатысып, жастарға қаржы пирамидалары, дропперлік және қаржылық алаяқтық туралы маңызды ақпарат берді. Мамандардың айтуынша, алаяқтардың арбауына түспеу үшін кез келген қаржылық ұсынысқа сын көзбен қарап, оның заңдылығын тексеру қажет. Әсіресе қысқа уақытта мол табыс табуға уәде беретін күмәнді жобаларға сақтықпен қараған жөн.
Жастарға дропперліктің де салдары түсіндірілді. Өзгенің өтінішімен банк картасын, шотын немесе жеке қаржылық деректерін беру сырттай қарағанда қарапайым әрекет көрінуі мүмкін. Алайда мұндай қадам адамның қаржылық қауіпсіздігіне ғана емес, заң алдындағы жауапкершілігіне де әсер етуі ықтимал.
Кездесу барысында студенттер өз қаражатын қорғау, қаржылық алаяқтықтың белгілерін ажырату және күмәнді ұсыныстарға тап болған жағдайда не істеу керектігі жөнінде сұрақтарын қойды. Мамандар әр сауалға жауап беріп, күнделікті өмірде қаржылық қауіпсіздікті сақтаудың қарапайым ережелеріне тоқталды.
Іс-шараның соңында жастардың алған білімін бекіту мақсатында арнайы ойын ұйымдастырылды. Қатысушылар түрлі жағдайларды талдап, қаржылық қауіпсіздікке қатысты білімдерін сынап көрді. Мұндай кездесулер жастардың қаржы мәселесіне жауапкершілікпен қарауына, күмәнді ұсыныстарды ажыратып, өз қаражатын қорғау дағдысын қалыптастыруына бағытталған.


