Қаржылық қауіпсіздік: жастарға маңызды ақпарат берілді

Oinet.kz 24-09-2026

image.png

Қаржылық сауаттылықтың төмендігі кейде адамды алаяқтардың арбауына түсіріп қана қоймай, заң алдында жауап беретін жағдайға да әкелуі мүмкін. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы тарайтын күмәнді ұсыныстар,  жеңіл табысқа шақыратын жарнамаларға жастардың сақтықпен қарауы маңызды. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде өткен кездесуде жалғасын тапты.

Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен, Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің үйлестіруімен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараға Шымкент қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Айдос Актаев қатысып, жастарға қаржы пирамидалары, дропперлік және қаржылық алаяқтықтың алдын алу жөнінде маңызды ақпарат берді.

Кездесу барысында қаржы пирамидасына тән белгілерге назар аударылды. Қысқа мерзімде жоғары табысқа кенелуге уәде беру, жаңа қатысушыларды тарту арқылы пайда табуға шақыру және нақты қызметі түсініксіз жобаларға ақша салу – сақтықты қажет ететін жағдайлар екені түсіндірілді. Жастарға қаржылық шешім қабылдамас бұрын ұсыныстың заңдылығын тексеріп, ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы салыстырудың маңызы айтылды.

Сонымен қатар дропперлік мәселесіне арнайы тоқталынды. Өзге адамның өтінішімен банк картасын, шотын немесе қаржылық деректерін пайдалануға беру сырттай қарағанда қарапайым әрекет болып көрінуі мүмкін. Алайда оның құқықтық салдары болуы ықтимал. Осыған байланысты жастарға өздерінің банк шоттары мен карталарын бөгде адамдарға бермеу, жеке қаржылық мәліметтерді құпия сақтау қажеттігі түсіндірілді.

Жеке қаражаттың қауіпсіздігі де кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. Бейтаныс адамдардан келген күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк қосымшасындағы құпия ақпаратты ешкімге айтпау, белгісіз шоттарға ақша аудармау және оңай табыс туралы ұсыныстарға асығыс шешім қабылдамау жөнінде кеңестер берілді.

Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маманнан жауап алды. Кездесу барысында қаржылық алаяқтықтың алдын алу тек мамандардың емес, әр азаматтың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауынан басталатыны айтылды.

Жастарға қаржылық алаяқтықтың алдын алу жолдары түсіндірілді
Жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру жұмысы жалғасуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу