Қиындықты дер кезінде бөлісу маңызды

Жастар арасындағы түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу тек бір саланың жұмысы емес. Мұнда отбасы, білім беру ұйымдары, мамандар мен қоғам өкілдерінің бірлескен әрекеті маңызды. Әсіресе жасөспірімдер мен жастарға қиын жағдайдан шығудың дұрыс жолын көрсету, өз мәселесін іште сақтамай, дер кезінде көмек сұрауға үйрету – алдын алу жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі.
Осы мақсатта Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент жоғары педагогикалық колледжінде «Девиантты мінез-құлықтың алдын алу – ортақ міндет» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шара барысында жастарға лудомания, зорлық-зомбылық, интернет алаяқтық және суицидтің алдын алу бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мамандар жастардың күнделікті өмірінде кездесуі мүмкін қауіптерге тоқталып, олардың алдын алудың жолдарын түсіндірді.
Кездесуде лудоманияның адам өміріне тигізетін кері әсері де қозғалды. Ойынға тәуелділік уақыт өте келе адамның оқуына, жұмысына, қарым-қатынасына және қаржылық жағдайына әсер етуі мүмкін екені айтылды.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде жастардың өз құқықтарын білуі және қауіп төнген жағдайда үнсіз қалмауының маңызы айтылды. Қиын жағдайға тап болған адам дер кезінде ата-анасына, ұстазына, психологқа немесе тиісті мамандарға жүгінуі қажет екені түсіндірілді.
Сондай-ақ кездесуде психологиялық және құқықтық сауаттылық, қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру, қиын жағдайда сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдау мәселелері қозғалды. Суицидтің алдын алу бағытында адамның эмоционалдық жағдайына назар аударып, жақын адамның мінез-құлқындағы өзгерістерді елемей қалдырмаудың маңызына тоқталды.
Іс-шараға Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Үміт Қайсарқызы, Тұран ауданы ардагерлер кеңесі жанындағы «Асыл аналар» тобының мүшесі, қоғам белсендісі Ғалия Аймбетова және Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының инспекторы, полиция капитаны Әсемай Есенқызы қатысты.
Кездесу барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Ашық форматтағы әңгіме жастардың қауіптің белгілерін ертерек аңғарып, қиындықты жалғыз шешуге тырыспай, қажетті кезде көмекке жүгінуінің маңызын түсіндіруге бағытталды.


