Құқықтық сауат – қауіпсіз қоғамның негізі

Oinet.kz 19-09-2026

image.png

Заң талаптарын білу – кез келген азамат үшін маңызды. Әсіресе кәмелетке толмағандардың өз құқықтары мен міндеттерін ерте жастан білуі құқықбұзушылықтың алдын алуға және жауапкершілікті түсінуге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары Отырар колледжінде ұйымдастырылған кездесуде жалғасты.

Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Отырар колледжінің студенттеріне заң талаптары, құқықтық жауапкершіліктің түрлері, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат берілді.

Кездесуге Әл-Фараби ауданы прокуратурасының бөлім прокурорлары Асқар Алимбеков пен Сүндет Абдуллаев, сондай-ақ Шымкент қаласы Экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Баян  Тунгатарова қатысты.

Мамандар жастарға күнделікті өмірде кездесуі мүмкін құқықтық жағдайларға тоқталып, заң талаптарын бұзудың салдары жөнінде түсіндірді. Құқықбұзушылықтың түріне қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны айтылып, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны ескертілді.

Кездесу барысында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттеріне де ерекше назар аударылды. Өз құқығын білу оны қорғаудың маңызды шарты болғанымен, әр құқықтың өзіне тиесілі міндеті мен жауапкершілігі қатар жүретіні түсіндірілді. Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, өзге адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне құрметпен қарау қажеттігі айтылды.

Жиында экологиялық талаптарды сақтау мәселесі де қозғалды. Қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, оған әр азаматтың жауапкершілікпен қарауы қажет екені түсіндірілді. Табиғатқа зиян келтіретін әрекеттердің де заңда белгіленген жауапкершілігі бар екеніне назар аударылды.

Мамандар құқықбұзушылыққа тап болған немесе қандай да бір құқықтық мәселе туындаған жағдайда тиісті органдарға жүгіну керектігін  атап өтті. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелер бойынша жауап алды.

 «Заң мен тәртіп» қағидаты да әр азаматтың өз құқығы мен міндетін білуінен, жауапкершілікті сезінуінен және қоғамдық тәртіпке құрметпен қарауынан басталады.

Дропперліктің құқықтық салдары түсіндірілді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу