Апта қорытындысы: 400-ге жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Осы аптада Шымкент қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Бұл шаралар қалада «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға, қоғамдық орындарда белгіленген талаптардың сақталуына және заң бұзушылықтарға дер кезінде ден қоюға бағытталды.
Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала аумағында 366 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 32 азамат қоқысты белгіленбеген орындарға тастағаны үшін, 334 азамат абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Апта ішінде түнгі уақытта тыныштықты бұзған 81 тұлғаға қатысты әкімшілік шара қабылданды. Бұл бағыттағы бақылау тұрғындардың демалуына кедергі келтіретін әрекеттердің алдын алуға және ортақ кеңістіктегі тәртіпті сақтауға мүмкіндік береді.
Қала аумағында есірткі қылмысының алдын алу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері қоғамдық орындар мен тұрғын үй аулаларын бақылау барысында есірткіге қатысты ақпарат тарататын заңсыз жазуларды анықтап, жоюда. Осы аптада қала аумағындағы 378 граффити мен жазу өшірілді.
Есірткі құралдарын насихаттайтын немесе олардың заңсыз айналымына қатысты ақпарат тарататын жазулардың әрқайсысы бақылауда. Бұл бағыттағы жұмыстар тек жазуды өшірумен шектелмей, оның қайта пайда болу себептерін анықтауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар заңсыз жарнама фактісі бойынша бір күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл ретте заң талаптарын бұзуға жол бермеу және заңсыз ақпараттың таралуына тосқауыл қою жұмыстары жалғасуда.
«Заң мен тәртіп» қағидаты – тек құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты ұғым емес. Қоғамдық кеңістікті таза ұстау, тыныштықты сақтау, белгіленген талаптарды орындау және заңсыз әрекеттерге жол бермеу әр азаматтың ортақ жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан профилактикалық шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алу және қала тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.
Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.


