Цифрлық ортадағы қауіпсіздікке назар аударылды

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бағытында Әл-Фараби ауданы прокуратурасының және аудандық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері бірлесіп профилактикалық іс-шара өткізді. Кездесу «Кибернадзор» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясында білім алып жатқан шетелдік студенттер арасында ұйымдастырылды.
Кездесудің мақсаты – жастардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру, цифрлық сауаттылығын арттыру және желі арқылы жасалатын құқық бұзушылықтарға тартылуының алдын алу. Қазіргі таңда интернет оқу мен қарым-қатынас құралы ғана емес, алаяқтық, өзге де құқыққа қайшы әрекеттер орын алуы мүмкін ортаға айналып отыр. Сондықтан цифрлық ортада сақтық таныту да заң талаптарын сақтаудың бір бөлігі екені түсіндірілді.
Іс-шарада студенттерге интернеттегі негізгі қауіп түрлері туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді жібермеу, белгісіз аккаунттардан келетін ұсыныстарға сақтықпен қарау, әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы мазмұнды таратпау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтарға кездейсоқ немесе қасақана тартылудың салдары түсіндірілді.
Шетелдік студенттерге ҚР заңнамасын сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері көші-қон талаптарын сақтау, ел аумағында болу тәртібін бұзбау, қажетті құжаттарды заң талаптарына сәйкес рәсімдеудің маңызын түсіндірді.
Сонымен бірге қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және заң талаптарын бұзуға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Студенттерге қандай да бір күмәнді жағдайға тап болған кезде құқық қорғау органдарына жүгіну қажеттігі айтылды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты адамның күнделікті өміріндегі әрекетінен басталады. Заңды білу, өз құқығын қорғау және өзге адамдардың құқықтарына құрметпен қарау – қауіпсіз ортаны қалыптастырудың маңызды шарттары.
Кездесу соңында студенттер қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан тиісті жауаптар алды. Мұндай профилактикалық шаралар жастардың құқықтық және цифрлық сауатын арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі ретінде жалғаса береді.


