Жастар таңдаған жол – спорт пен тәртіп

Шымкент қаласының Абай ауданында «Құқық және тәртіп» ауқымды акциясы басталды. Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған науқанның алғашқы шараларының бірі мектеп оқушылары арасында өткен футбол турниріне арналды.
Шараны Абай ауданының прокуратурасы ұйымдастырды. Заң мен тәртіп қағидаты қоғамның барлық мүшесіне ортақ талаптарды түсіндірумен қатар, әсіресе жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстардан көрінеді. Осы ретте жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды спортқа тарту профилактикалық жұмыстың маңызды бағыты саналады.
Футбол бәсекесі аудандағы «Металлург» спорт кешенінде өтіп жатыр. Турнирге Абай ауданындағы түрлі мектептердің командалары қатысуда. Алаңға шыққан жас спортшылар өз шеберліктерін сынап қана қоймай, командалық ойынның тәртібін сақтап, қарсыласын құрметтеуге және ортақ мақсат үшін бірлесе әрекет етуге үйренеді.
Заң мен тәртіп қағидатының мәні тек құқық бұзушылық болғаннан кейін жауапкершілікке тартумен шектелмейді. Оның маңызды бөлігі – заң бұзуға алып келетін себептердің алдын алу. Сондықтан жасөспірімдердің спортпен айналысуына, пайдалы орта қалыптастыруына жағдай жасау да осы бағыттағы жұмыстардың қатарында.
Ұйымдастырушылар да бұл жолы жастарға заң талаптарын түсіндірумен шектелмей, олардың өздері белсенді қатысатын бұқаралық спортты таңдаған. Себебі футбол сияқты командалық ойын тәртіпке бағынуды, белгіленген ережені сақтауды және өз әрекетіне жауап беруді талап етеді.
– Бұзақылыққа кететін уақыт пен энергияны спортқа арнаған әлдеқайда тиімді екенін жастардың санасына сіңіргіміз келеді. Футбол қарсыласты сыйлауға және ойын ережелерін сақтауға үйретеді. Бұл – қоғамда да, өмірде де өте маңызды қағидаттар, – деп атап өтті Абай ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Уәлихан Жабаев.
Турнир барысында мектеп командалары өзара бақ сынап, жеңіске жету жолында күш сынасады. Жарыс қорытындысында үздік командалар мен ойыншылар арнайы грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталады. «Құқық және тәртіп» акциясы аясындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.


