Тазалық та заң талаптарынан басталады

Oinet.kz 01-10-2026

image.png

«Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» акциялары аясында Шымкентте «Қалдықсыз қала» тақырыбында жастармен кездесу өтті. Тағылымды жиын қала тазалығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастырып, экологиялық сауаттылықты арттыруға арналды. Кездесуге колледждер мен жоғары оқу орындарының 1-2 курсында білім алатын 70-ке жуық жас қатысты.

Ашық диалог барысында мамандар қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару, экологиялық талаптарды сақтау және ластанудың алдын алу мәселелерін талқылады. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қала аумағында тазалық сақтау талаптары мен оларды бұзған жағдайда қарастырылатын жауапкершілік жөнінде мағлұмат алды.

Заңсыз қоқыс үйінділерімен күреске ерекше назар аударылды. Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Баян Тұңғатарованың айтуынша, жыл басынан бері 37 тексеру жүргізіліп, 37 нұсқама берілген және 64 әкімшілік іс қозғалған. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 505 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 281 млн теңгесі бюджетке түскен.

Жыл басынан бері қалада 20 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оның ең көбі Әл-Фараби ауданында – 11 орын. Абай ауданында – 5, Еңбекші ауданында – 2 заңсыз қоқыс үйіндісі тіркелген. Аталған аумақтарды тазарту жұмыстарын аудан әкімдіктері жүргізуде. Департамент тарапынан нұсқамалар беріліп, әкімшілік шаралар қолданылған.

Бұл ретте заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жыл мезгіліне қарамастан тұрақты түрде атқарылып келеді. Алайда мамандардың айтуынша, мәселені тек анықталған орындарды тазалаумен шешу мүмкін емес. Қалдықты белгіленбеген жерге тастамау, тұрмыстық қоқысты тиісті орынға шығару және қоршаған ортаға зиян келтірмеу – әр тұрғынның күнделікті жауапкершілігі.

Кездесуде Шымкент қаласы прокуратурасының прокуроры Асқар Тұрдымұратов экологиялық талаптарды сақтау тек тазалық мәселесі емес, азаматтардың жалпы құқықтық мәдениетінің бір бөлігі екенін атап өтті.

– Экологиялық нормаларды сақтау – әр азаматтың міндеті. Белгіленген талаптарды бұзу жауапкершілікке әкелетінін түсіну маңызды. Профилактикалық жұмыстар заң талаптарын сақтау және қоршаған ортаның жағдайына деген жауапкершілікті түсінуге оң әсер етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады, – деді прокурор.

Жастар таңдаған жол – спорт пен тәртіп
«Қаржы сақшысы» атты республикалық интеллектуалды ойыны өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу