«Қаржы сақшысы» атты республикалық интеллектуалды ойыны өтті

Oinet.kz 01-10-2026

image.png

Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Қаржы сақшысы» республикалық интеллектуалды ойыны өтті. Шараны Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Ауқымды сайысқа еліміздің 5 өңірінен 1260 қатысушыдан құралған 126 команда қатысты. Қатысушылар қаржылық қауіпсіздік, лудоманияның алдын алу, дропперлік, қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттары бойынша білімдерін сынады. Интеллектуалды ойын жастарға қаржы мәселесінде сауатты шешім қабылдаудың маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

Іс-шараның ашылу салтанатында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат  Жоджыхожаев пен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов құттықтау сөз сөйледі. Ал Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков жастарға сәттілік тіледі.

Бүгінде қаржылық сауаттылықтың маңызы артып отыр. Әсіресе интернеттегі алаяқтық схемалар, бөтен адамдардың шотын пайдалануға байланысты дропперлік және құмар ойынға тәуелділік жастардың қаржылық қауіпсіздігіне әсер ететін мәселелердің қатарында. Сондықтан мұндай қауіптерді алдын ала танып, заң талаптарын білу – қаржылық құқық бұзушылықтың алдын алудың бір бағыты.

Ойын барысында қатысушылардың білімі ғана емес, қаржылық жағдайды талдау және қауіп-қатерді ажырату қабілеті де сыналды. Бұл ретте «Заң мен тәртіп» қағидатының жастар арасында құқықтық мәдениет қалыптастырумен қатар, күнделікті өмірде қаржыға жауапкершілікпен қарауды үйрету бағытымен де сабақтасады.

Сайыс қорытындысында жеңімпаздар марапатталды. Бірінші орын иегеріне 1 000 000 теңге, екінші орынға 500 000, үшінші орынға 300 000 теңге көлемінде сыйақы берілді. Сонымен қатар финалға өткен 10 командаға 100 000 теңгеден табысталды.

«Қаржы сақшысы» жобасы жастардың қаржылық сауатын көтеріп қана қоймай, алаяқтық схемалардан сақтануға, күмәнді қаржылық ұсыныстарды ажыратуға және өз қаражатына жауапкершілікпен қарауға бағытталған. Осындай түсіндіру және профилактикалық жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жалғасын табады.

Тазалық та заң талаптарынан басталады
Заңнан аттаудың салмағы ауыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу