Заңнан аттаудың салмағы ауыр

Шымкент қаласында жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне құқықтық жауапкершілік туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қала Мамандандырылған прокуратурасының ұйымдастыруымен өткен профилактикалық кездесуге 1 200-ге жуық жас қатысты.
Іс-шараға прокуратура органдары мен қала әкімдігінің өкілдері, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері, қоғам қайраткерлері және жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру және кез келген әрекеттің құқықтық салдары болатынын ұғындыру.
Кездесу барысында есірткі құралдарының заңсыз айналымы, бұзақылық, дропперлік және өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің зардабы сөз болды. Жастарға мұндай қадамдардың адамның жеке өміріне ғана емес, оқуына, жұмысына, отбасына және алдағы жоспарына да кері әсер ететіні нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Әсіресе соңғы уақытта өзгенің өтінішімен банк картасын, шотын немесе жеке деректерін ақша аударымдарына пайдаланатын жастардың құқықтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені айтылды.
Прокуратура өкілдері қолданыстағы заңнама талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіріп, құқық бұзушылық жасаған жағдайда кәмелетке толмағандар мен жастар үшін қандай жауапкершілік көзделетінін жеткізді. Мамандардың айтуынша, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан күмәнді ұсынысқа келісер алдында оның салдарын ойлап, заң талаптарына қайшы әрекеттен бас тарту маңызды.
Кездесудің ерекше бөлігі – түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандармен онлайн бейнебайланыс арқылы ұйымдастырылған ашық сұхбат. Олар жастарға өздерінің өмірлік тәжірибесін айтып, құқық бұзушылықтың салдарынан туған қиындықтарымен бөлісті. Сотталған азаматтар жасөспірімдер мен студенттерді қателіктен сабақ алуға, теріс ортадан аулақ болуға және әрбір шешіміне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, заң бұзудың нақты салдарын түсінуге мүмкіндік береді. Өйткені бір сәттік шешім адамның кейінгі өміріне ұзақ уақыт әсер етуі мүмкін. Сондықтан құқықтық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру – қылмыстың алдын алудың маңызды бағыттарының бірі.


