Тазалық – ортақ тәртіптің көрсеткіші

Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыру қоғамдық орындардағы қауіпсіздікпен қатар, қала тазалығын сақтау мен абаттандыру талаптарының орындалуын бақылауды да қамтиды. Осы бағытта «Таза Қазақстан» іс-шарасы аясында Қаратау ауданында тазалықты сақтау, аумақтарды абаттандыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтік-профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Іс-шара барысында тұрғындар мен көлік жүргізушілеріне белгіленбеген жерге қоқыс тастаудың қоршаған ортаға ғана емес, қоғамдық тәртіпке де кері әсер ететіні түсіндірілуде. Бір апта ішінде жүргізілген рейдтер нәтижесінде 215 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Анықталған фактілердің қатарында қоғамдық орындар мен жол жиектеріне қоқыс тастау, көліктен қалдықтарды лақтыру, сондай-ақ абаттандыру талаптарын сақтамау жағдайлары бар.
Рейд кезінде анықталған әрбір құқық бұзушылық бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Бұл жұмыстардың мақсаты тек құқық бұзушыларды анықтап, жауапкершілікке тарту емес, тұрғындардың тазалыққа деген көзқарасын қалыптастыруға және ортақ кеңістікке жауапкершілікпен қарауға шақыруға бағытталған.
Қала тазалығы ең алдымен күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Қоқысты арнайы жәшікке тастау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орынға шығару, қоғамдық аумақта тазалық сақтау – әр тұрғын орындай алатын талаптар. Ал бұл ережелерді елемеу айналадағы адамдарға да қолайсыздық туғызып, абаттандырылған аумақтардың жағдайына кері әсер етеді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдағы ортақ ережелерге құрметпен қараудан қалыптасады. Тазалықты сақтау да осы жауапкершіліктің бір бөлігі. Қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды сақтау арқылы тұрғындар өз ауласының, көшесінің ғана емес, тұтас қаланың жайлы болуына үлес қоса алады.
Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындарды тазалық талаптарын сақтауға, қоқысты белгіленбеген орындарға тастамауға және қаланың абаттандырылған аумақтарына ұқыпты қарауға шақырады. Заң талаптарын сақтау мен тазалыққа жауапкершілікпен қарау – қауіпсіз әрі жайлы қалалық ортаның маңызды шарттарының бірі.


