Цифрлық экран – жолдағы қауіпсіздікке үн қосады

Қазақстанның цифрлық трансформациясы мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірумен ғана шектелмейді. Оның шынайы нәтижесі адамның күнделікті өміріндегі қауіпсіздік, денсаулық, көлік және қоғамдық тәртіп сияқты салалардан да көрінуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру міндетін қойып, жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды. Президент жол қауіпсіздігін де бөлек атап, сол кезде жыл басынан бері елде 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелгенін айтып, көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру қажеттігіне назар аударды.
Бұл міндет 2026 жылы жаңа мазмұнға ие болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Осы тұрғыдан қарағанда, Шымкентте қоғамдық және жол қауіпсіздігіне енгізіліп жатқан технологиялар – жалпыұлттық цифрлық саясаттың қала деңгейіндегі нақты көрінісі.
Қазір шаһарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілі өзгеріп келеді. Бұған дейін бейнекамера негізінен оқиғаны тіркейтін құрал болса, жаңа жүйелер құқық бұзушылықты автоматты анықтап, деректі талдап, жауапты қызметке жедел ақпарат беруге мүмкіндік береді.

Мысалы, мамыр айында Шымкентте «Мерген» ақпараттық-бағдарламалық кешені іске қосылды. 4 мамырдан бастап қалада 75 камера қауіпсіздік белдігін тақпау, рөлде телефон пайдалану, сақтандыру полисінің болмауы және техникалық байқаудан өтпеген көліктерді анықтай бастады. Ал алғашқы екі күннің өзінде 3 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген. Шымкент қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Бақыткелді Абдрамановтың айтуынша, «Мерген» қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға, жол қозғалысы ережелерінің орындалуын қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Жасанды интеллектінің мүмкіндігі жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін бақылауда да пайдаланылып отыр. Қалалық цифрландыру басқармасының мәліметіне сәйкес, Megacam.Argus жүйесі 2025 жылдың тамыз-желтоқсан айлары аралығында Байтереков көшесінде 9 166, Рысқұлов көшесіндегі «Самал» базары маңында 25 642 құқық бұзушылықты тіркеген. Ал 2026 жылғы 24–28 наурыз аралығында «Ақылды жаяу жүргінші» жүйесі Жібек жолы көшесінде 343, Тәуке хан көшесінде 146 факт анықтаған.
Бұл жерде маңызды мәселе – анықталған фактілердің көптігі емес, олардың қайталанатын себептерді табуға мүмкіндік беруі. Белгілі бір қиылыста жүргізушілер жаяу жүргіншіге жиі жол бермесе, цифрлық дерек сол жердегі жол таңбасын, жарықтандыруды немесе қозғалысты ұйымдастыруды қайта қарауға негіз бола алады. Яғни технологияның келесі деңгейі – құқық бұзушыны ғана анықтау емес, қауіптің себептерін талдау.
Камера саны емес, оның мүмкіндігі маңызды
Шымкенттегі цифрлық бақылау инфрақұрылымының ауқымы да кеңейіп отыр. 2026 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша цифрлық технологияларды пайдалану арқылы 1 297 қылмыстық іс ашылған. Оның 649-ы ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен анықталған. Шымкент қаласы Полиция департаментінің ақпараттандыру және байланыс басқармасының инженері Досхан Базаралы бұл көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда 56,6 пайызға жоғарылағанын айтқан. Оның мәліметінше, қалада 199 мыңға жуық бейнекамера бар, оның 44 мыңы полицияның Жедел басқару орталығына қосылған.
Бұл дерек бейнебақылаудың қылмысты ашудағы рөлін көрсетеді. Бірақ камералардың көп болуы өздігінен қауіпсіз қаланы қалыптастырмайды. Негізгі мәселе – сол бейнематериалдың қаншалықты жылдам талданып, нақты әрекетке айналатынында.

Осы бағыттағы «ShymSafe360» жобасы бизнес нысандарындағы камераларды полицияның Жедел басқару орталығына қосуға мүмкіндік береді. Жоба құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейтіп, оқиғаға жедел әрекет етуге және бейнематериалды сақтауға бағытталған.
Қауіпсіздік жүйесі әуеден бақылаумен де толықтырылып отыр. Шымкент полициясының арсеналында 10-нан астам дрон бар. 2026 жылдың басынан бері олардың көмегімен 8 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған. Оның шамамен 3 800-і жол қауіпсіздігіне, 3 700-і қоғамдық қауіпсіздікке қатысты.
Бұл тәсілдің ауқымы республикалық деңгейдегі үрдіспен де сәйкес келеді. ІІМ мәліметінше, 2026 жылдың сегіз айында Қазақстанда дрондар арқылы 20 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі анықталған. Оның ішінде 3 198-і қауіпсіздік белдігіне, 2 055-і көлік жүргізу кезінде телефон пайдалануға, 1 678-і қарсы қозғалыс жолағына шығуға қатысты.
Цифрландырудың нәтижесі – қауіптің азаюы
Жол қауіпсіздігіндегі цифрлық шешімдер тек бақылаумен шектелмейді. Шымкентте интеллектуалды бағдаршамдар жедел жәрдем көліктеріне «жасыл дәліз» қалыптастыру үшін пайдаланылып отыр. 2026 жылғы шілдедегі мәлімет бойынша 402 бағдаршам нысанының 354-і интеллектуалды жүйеге қосылған. Бұл – желінің 88 пайызы. Жүйеге бес реанимациялық жедел жәрдем көлігі қосылған.
Компанияның бағдаршам шаруашылығы бөлімінің басшысы Иван Шаповалов жүйенің жұмыс принципін былай түсіндіреді: «Жүйе көліктердің қозғалысы туралы ақпаратты әртүрлі датчиктер арқылы алады. Барлық мәлімет орталық серверге түседі. Сервер оларды нақты уақыт режимінде талдап, жолдағы жағдайға қарай бағдаршамдардың жұмысын өзгертеді». Оның айтуынша, жүйе енгізілгеннен кейін қала ішіндегі қозғалыстың орташа уақыты 20 пайызға қысқарған.
Ал жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Берік Төлеуовтің айтуынша, «жасыл дәліз» ауыр халдегі науқастарды ауруханаға жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Жүйе шақырту орнына бара жатқан кезде де, науқасты ауруханаға жеткізу барысында да қолданылады.
Статистикада да оң динамика бар. 2026 жылдың сегіз айының қорытындысында Шымкентте жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар саны 16,7 пайызға төмендеген. Жалпы қылмыс деңгейі 6 пайызға азайған. Қалалық ведомствоаралық комиссияда бұл ретте негізгі мақсат құқық бұзушылықтың салдарымен ғана күресу емес, оның себептерін болдырмау екені атап өтілді.
Осы көрсеткіштерді бір ғана камераның немесе жасанды интеллект жүйесінің нәтижесі деп бағалау дұрыс емес. Жол инфрақұрылымы, полицияның профилактикалық жұмысы, жүргізушілердің тәртібі және басқа да факторлар қатар әсер етеді. Дегенмен цифрлық құралдардың қауіпсіздік жүйесіндегі орны барған сайын күшейіп келе жатқаны анық.
Бұл үрдістің тағы бір қыры – цифрландырудың тек бақылаушы емес, алдын алушы құралға айналуы. Қала көшелерінде LED-экран орнатылған арнайы көліктің жүруі соның мысалы. Көлік қозғалысы кезінде жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жылдамдықты сақтау, жол беру және қауіпсіздік талаптарын орындау жөніндегі әлеуметтік бейнероликтер көрсетіледі.
Демек, Шымкенттегі цифрлық қауіпсіздік жүйесі бірнеше деңгейден құралуда: камера құқық бұзушылықты тіркейді, жасанды интеллект оны автоматты талдайды, дрон бақылау аумағын кеңейтеді, интеллектуалды бағдаршам қозғалысты реттейді, ал LED-экран тұрғынға қауіп туралы алдын ала ескертеді. Мұның бәрі «Заң мен тәртіп» қағидатының технологиялық тетіктері ретінде қарастырылуы мүмкін.
Ең бастысы, цифрландырудың тиімділігін анықталған құқық бұзушылықтың санымен ғана өлшемеу қажет. Оның түпкі нәтижесі – жол-көлік оқиғаларының, жарақат пен адам өлімінің азаюы, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетінің қалыптасуы. Президент айтқандай, технология адам қауіпсіздігіне қызмет етуі керек. Шымкенттегі тәжірибенің негізгі мәні де осында.


