«Қанатты көмекшілер» бақылауды күшейтті

Шымкентте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысында заманауи технологиялардың мүмкіндігі кеңінен қолданылып келеді. Қала Полиция департаментінің арсеналында 10-нан астам дрон бар. Олар қала аумағын әуеден бақылап, құқық бұзушылықтарды анықтауға және жағдайға жедел ден қоюға пайдаланылады.
Дрондардың көмегімен жүргізілетін бақылау әсіресе адам көп жиналатын қоғамдық орындарда, көлік қозғалысы қарқынды көшелерде және бақылауды қажет ететін аумақтарда маңызды. Әуеден түсірілген бейне полиция қызметкерлеріне жағдайды кеңірек бақылауға мүмкіндік береді. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда тиісті қызметтерге ақпарат беріліп, заң талаптарына сәйкес шара қабылданады.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері дрондардың көмегімен қала аумағында 8 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 800-ге жуығы жол қауіпсіздігі саласына қатысты болса, 3 700-ге жуық дерек қоғамдық қауіпсіздік бағытында тіркелген.
Әуе бақылауының тиімділігі – полиция қызметкерлерінің назарын қажет аумаққа жедел аударуға мүмкіндік беруінде. Кәдімгі бақылау барысында бір мезетте қамтылатын аумақ шектеулі болса, дрон белгілі бір жерді жоғарыдан бақылап, жағдайды толық бағалауға жағдай жасайды. Бұл құқық бұзушылықты анықтау ғана емес, оның алдын алуға да ықпал етеді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті сақтаудан, жол ережесін орындаудан және белгіленген талаптарға жауапкершілікпен қараудан басталады. Осы ретте цифрлық технологиялар полиция жұмысының мүмкіндігін кеңейтіп, құқық бұзушылыққа жедел әрекет етуге қажетті ақпаратты уақытылы алуға көмектеседі.
Дрондар арқылы бақылау азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қосымша құралы ретінде қолданылуда. Оның көмегімен жол қозғалысы тәртібі, қоғамдық орындардағы жағдай және басқа да құқықтық талаптардың сақталуы бақыланады.
Қала Полиция департаментінің мәліметінше, заманауи технологияларды пайдалану алдағы уақытта да қауіпсіздік шараларының бір бағыты ретінде жалғасын табады. Мақсат – құқық бұзушылық жасалғаннан кейін әрекет ету ғана емес, оның алдын алып, тұрғындар үшін қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыру.


