Зорлық-зомбылыққа жол жоқ

Oinet.kz 01-10-2026

image.png

Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері базарлардың бірінде тұрғындармен кездесіп, отбасылық жанжалдың алдын алу, зорлық-зомбылыққа жол бермеу және қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету жолдарын түсіндірді.

Кездесу барысында тұрғындарға отбасындағы зорлық-зомбылықты жасырып қалмаудың және қауіп төнген жағдайда дер кезінде тиісті органдарға хабарласудың маңызы айтылды. Полиция қызметкерлері күш көрсету, қорқыту, психологиялық қысым жасау немесе өзге де зорлық әрекеттері отбасылық мәселе ретінде ғана қаралмайтынын, мұндай жағдайлар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіндірді.

Сонымен қатар азаматтарға қиын жағдайға тап болған кезде қайда және қалай жүгінуге болатыны туралы ақпарат берілді. Тұрғындарға өздерінің ғана емес, жақындарының да қауіпсіздігіне бейжай қарамау, зорлық белгілеріне куә болған жағдайда үнсіз қалмау қажеттігі ескертілді.

«Заң мен тәртіп» қағидаты ең алдымен адамның құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға негізделеді. Отбасында әр адамның қадір-қасиеті мен қауіпсіздігі сақталуы тиіс. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, қоғамның ортақ жауапкершілігін қажет ететін мәселе.

Профилактикалық түсіндіру жұмыстарының мақсаты – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін шара қабылдау ғана емес, оның алдын алып, азаматтарға заңмен қорғалатын құқықтарын түсіндіру. Осы бағыттағы кездесулер тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып, зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Полиция азаматтарды отбасындағы жанжал мен зорлық-зомбылық фактілерін жасырмай, қауіп төнген жағдайда дер кезінде көмекке жүгінуге шақырады. Заң талаптарын білу және өз құқығын қорғау – қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі.

«Қанатты көмекшілер» бақылауды күшейтті
Рельстегі рейд жалғасуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу